Page 28 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ. кисинджер. ДИПЛОМАТИЯ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
Қытайдың әскери-саяси көлеңкесі, оның саясаты қаншалықты ұстамды болса да, бүкіл
Азияға түседі және басқа мемлекеттердің есеп-қисабына ықпал етеді. Азияның басқа
мемлекеттері, шамасы, Жапония жөнінде қазірдің өзінде істеп отырғанындай, барған
сайын құдіретті бола түскен Қытайға қарсы күш іздестіретін болады. Оңтүстік-Шығыс
Азия елдері өз пиғылдарын міндетті түрде жасырғысы келгенімен, олар негізінен Қытай
мен Жапонияның құдіретін теңестіру үшін өз топтастығына (АСЕАН ) бұған дейін
өздерінің зәресін алып келген Вьетнамды да енгізіп жіберді. Және нақ сондықтан АСЕАН
бұл аймақтың істеріне АҚШ- тың тартылуын сақтауға тырысады.
Жапония осынау өзгеріп келе жатқан жағдайға сөзсіз бейімделеді, дегенмен, жапон
басшылары, өзгерістерді ұлттық стильден қия баспай, елеусіз дерлік нюанстар тізбегі
арқылы жасайды. Қырғи қабақ соғыс кезінде Жапония, тек өз күшіне ғана сүйенетін
тарихи әдетінен бас тартып, АҚШ қанатының астында бейбітшілік ләззәтінен дәм татумен
болды. Экономикалық тұрғыдан келгенде бәсекелесуден аянбайтын ол, бұл саладағы
маневр бостандығының ақысы есебінде өзінің сыртқы саясатын және қауіпсіздік
саласындағы шараларын Вашингтонға бағындырды. Екі елдің қауіпсіздігіне басты қатер
төндіретін КСРО деп қабылданған тұста, американ және жапон ұлттық мүдделері бірдей
деп қарастыруда мағына болатын.
Мұндай көзқарастың орынды болып қала беруі неғайбыл. Корея мен Қытай әскери
күштерін нығайтып жатқан, ал Кеңес қарулы күштерінің ең әлсіз контингенті Сібірде
тұрған жағдайда, ұзақ мерзімді жоспарлау жөніндегі жапон мамандары американ және
жапон мүдделерін түгелімен толық күмәнсіз теңестіре бермесі анық. Әрбір жаңа американ
әкімшілігі өзінің билік басында болуын орын алып отырған саясатты қайта қарау туралы
мәлімдемеден (немесе, бері салғанда, бұл салада алда тұрған өзгерістер туралы
емеуріннен) бастайды. Экономикалық мәселелер бойынша текетірес бірегей оқиғадан гөрі
ережеге айналып келеді. Бұл жағдайда американ және жапон сыртқы саясаты ешқашан
және ештеңеде өзгешеленбейді деп кесіп айту киын. Кез-келген жағдайда Жапонияның
материктік Азия жөніндегі перспективалары географиялық жақындығы мен тарихи
тәжірибе пәрменімен американ перспективаларынан өзгешеленеді. Сондықтан жапон
қорғаныс бюджеті өрлей келеді, сөйтіп ол көлемі жағынан дүние жүзінде үшінші
бюджетке, ал тиімділігі жағынан, Ресейдің ішкі проблемаларын ескергенде, екінші
бюджетке айналады.
1992 жылы сол кездегі жапон премьер-министрі Киичи Миядзава "Жапония Солтүстік
Кореяның ядролық мүмкіндіктерінің бар екендігімен келісе ме?" деген сұраққа жапондық
мінезге мүлдем сай келмейтін туралықпен "жоқ" деп бір-ақ сөзбен жауап берген-ді. Бұл
Жапония өз ядролық мүмкіндіктерін дамытады деген сөз бе еді? Әлде ол солтүстік корей
мүмкіндіктерін жоюға ұмтыла ма? Осыған ұқсас сұрақтардың туындау фактысының өзі
Жапония, бәлкім, қауіпсіздік пен сыртқы саясаттың американдық жүйесіне сүйенуді бір
шамада қоятын болар деген ойға жетелейді.
Басқа ірі державалардағы жағдайды неғұрлым мақсатты талдау Азиядағы күштер ара
қатынасының қаншалықты құбылмалы, тіпті орнықсыз болуы мүмкін екендігін көрсетер
еді. Барлық азиялық форумдарға ықпал ету үшін Құрама Штаттардың саясаты жеткілікті
икемді болуға тиіс. Белгілі бір дәрежеде бұл қазірдің өзінде солай болып отыр. АСЕАН-
дағы қосымша рөл (Оңтүстік-Шығыс Азия бойынша) және Азия-Тынық мұхит
экономикалық ынтымақтастық ұйымына (АТЭС) ірі ауқымды қатысу қазір-ақ қамтамасыз
етілді.