Page 24 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ. кисинджер. ДИПЛОМАТИЯ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
да бөгесін бола алмайды және мұның біріншісі де, екіншісі де кеңестік дәуірден кейінгі
дүрбелеңдердің ең қатерлі нәтижелері.
Германия мен Ресейдің бір-біріне не басты әріптес ретінде, не басты оппонент ретінде
шоғырлануы ешбір елдің мүддесіне сай келмейді. Егер олар тым жақындасып кетсе, онда
кондоминиум алдында үрей туғызады; егер жанжалдасса, онда Еуропаны дағдарыстың
ушыға түсуіне тартады. Континенттің дәл кіндігінде Герман және Ресей ұлттық
саясаттарының бақылаусыз қақтығысуына жол бермеуге АҚШ пен Еуропа өзара мүдделі.
Ұлыбритания мен Франция АҚШ - сыз Орталық Еуропадағы саяси тепе-теңдікті ұстап
тұра алмайды; Германия ұлтшылдықты аңсай бастайды; Ресейге ғаламдық ауқымдағы
әріптес жетпей турады. Ал Еуропадан қол үзген Америка психологиялық тұрғыдан ғана
емес, географиялық және геосаяси тұрғыдан да Еуразия жағалауындағы аралға айналып
кетуі мүмкін.
Қырғи қабақ соғыс аяқталғаннан кейін пайда болған тәртіп Солтүстік Атлантика
одағының алдына проблеманың үш қатарын қояды: олар одақтың дәстүрлі құрылымының
ішіндегі қатынастар; атлантикалық ұлттардың Шығыс Еуропадағы бұрынғы Кеңес Одағы
сателлиттерімен қатынастары; ақыр соңында, Кеңес Одағының мұрагер мемлекеттерінің,
әсіресе Ресей Федерациясының солтүстік атлантикалық ұлттармен және Шығыс
Еуропамен қатынастары.
Олардың ішіндегі ішкі қарама-қайшылықтарды реттеу қатынастарға американ және
француз көзқарасындағы бітпейтін текетірес аясында жүруде. АҚШ одақ ішінде өз
үстемдігін кірігу туы астында жүргізеді. Еуропа тәуелсіздігін жақтайтын Франция
Еуропалық Одақтың келбетін қалыптастырады. Осынау алауыздықтардың нәтижесі:
еуропалық саяси ынтымақтастыққа септесуге әскери саладағы Американың рөлі тым
басым, ал еуропалық саяси автономия ісінде НАТО-ның ішкі бірлігін қамтамасыз етуге
Францияның рөлі тым беймаза.
Интеллектуалдық мағынада келгенде бұл дау Ришелье тұжырымдамалары мен Вильсон
идеяларының арасындағы - сыртқы саясаттың мәнісін әрқилы мүдделер арасында тепе -
теңдікке қол жеткізу құралы ретінде түсіну мен дипломатияның мағынасын бастапқы
жарасымды орнықтырудың тәсілі ретінде түсінудің арасындағы - жанжалды бейнелейді.
АҚШ үшін НАТО-ның біріккен командованиесі одақтастық бірліктің көрінісі; Франция
үшін ол қауіп-қатерден белгі беретін қызыл жалауша сияқты. Америка басшылары, егер
АҚШ қиын-қыстау жағдайда өз одақтасын тастап кету нұсқасын мүлдем қарастырғысы
келмесе, бұл ел тәуелсіз қимыл құқығын қалайша талап ететінін түсінуге орасан
қиындықпен тырысуда. Франция болса әскери тұрғыдағы Еуропаның тәуелсіз ролін
Вашингтонның енжар қабылдауын жасырын гегемонизм әрекеті деп біледі.
Ал іс жүзінде әріптестердің әрқайсысы өзінің тарихи тәжірибесінен бойына сіңірген
халықаралық қатынастар тұжырымдамасын ұстанады. Франция - бұдан үш жүз жылдан
артық уақыт бұрын өзі негізін қалаған еуропалық дипломатия стилінің мұрагері.
Ұлыбритания күштер тепе-теңдігінің қорғаны рөлінен бас тартуға мәжбүр болған тұста,
Франция, жақсы болсын, жаман болсын, мемлекет мүдделерін табандап қорғауда (raison
d'etat) және абстрактылы жарасымға қол жеткізуге ұмтылысты емес, сол мүдделерді
айқын есепке алуды жақтайды. Қысқа мерзім ішінде болса да нақ сондай сенімділікпен
АҚШ вильсоншылдықты жүзеге асырып келді. Бастапқы жарасымның бар екендігіне
кәміл сенетін ол, өзі мен Еуропаның алдында тұрған мақсаттар ұқсас болғандықтан,
еуропалық дербестіктің не мүлде керегі жоқ, не ол қауіпті деген пікірді табандап
қорғайды.