Page 15 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ. кисинджер. ДИПЛОМАТИЯ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
мемлекеттер коалициясы тұжырымдамасы тым өрескел бірдеңе емес. Дегенмен, күштер
тепе-теңдігін қолдап, назарды талап етеді. Келер ғасырда америка басшыларының
жұртшылық алдында ұлттық мүдделер тұжырымдамасын тұжырып беруіне және ұлттық
мүдделерді - Еуропа мен Азияда - қамтамасыз ету күштер тепе - теңдігін қолдап отыруға
қалай қызмет ететінін түсіндіріп беруіне тура келеді. Тепе-теңдікті сақтау ісінде
Америкаға әлемнің бірқатар аймақтарында әріптестер қажет болады, және бұл
әріптестерді ылғи да тек моральдық ниет тұрғысынан таңдаудың сәті түсе бермейді.
Сондықтан ұлттық мүдделерді жіті анықтау американ саясатын елеулі түрде бағыттап
отыру үшін керек болады[...].
Демократияның өсе түсуі АҚШ-тың басты армандарының бірі болып қалып отыр, алайда
нақ философиялық салтанат секілді көрінетін сәтте пайда болатын кедергілерді де анық
бажайлау қажет. Орталық үкіметтің билігін қысқарту батыстың саяси теоретиктерінің
басты шаруасы болды, ал көптеген басқа қоғамдарда саяси теория мемлекеттің беделін
нығайтуға бағытталып отырды. Басқа еш жерде жеке бостандықтарды кеңейту жөнінде
соншалықты өзекті талап қойылған жоқ. Батыс демократиясының эволюциясы ұзақ
мерзімді ортақ тарихы бар гомогенді қоғам құруға алып келді (тіпті өзінің көп тілді халқы
бар Америка да аса қуатты мәдени бірлік құрды). Қоғам және, белгілі бір мағынада, ұлт -
мемлекетке дейін-ақ тіршілік етті әрі оның өздерін құруына мәжбүр болған жоқ. Мұндай
көмкеру тұсында саяси партиялар түу бастағы консенсустың нұсқалары болып табылады;
бүгінгі азшылық - ертеңгі ықтимал көпшілік.
Дүниенің көптеген басқа бөліктерінде мемлекет ұлттан бұрын өмірге келді; ол ұлтты
қалыптастыратын ең басты элемент болды және көбіне болып қала береді. Саяси
партиялар, олар бар жерде, қатаң, әдетте қауымдық бірлесуді бейнелейді; азшылыққа
немесе көпшілікке тиесілілік әдетте тұрақты сипатта болады. Бұл тектес қоғамдарда саяси
процесс билік басында болудың алмасып отыруына емес, үстемдік мәселесіне саяды, ал
биліктің алмасуы, егер ол орын алған күнде де, антиконституциялық төңкерістер жолымен
жүзеге асады. Лоялды оппозиция тұжырымдамасы - осы заманғы демократияның мәнісі -
сирек орын алады. Оппзиция әлдеқайда жиі ұлттық бірлікке қатер деп қарастырылады,
опасыздыққа теңестіріліп, аяусыз басып жанышталады.
Батыстық стильдегі демократия құндылықтар жөнінде консенсус болуын көздейді, мұның
өзі партиялық идеологияларға шек қояды. Егер бостандық идеясының әмбебап қолданыла
алатындығын табандап талап етпесе, Американың өзі де бола алмас еді. АҚШ-тың
жазалағыш үкіметтермен салыстырғанда демократиялық үкіметтерді артық көруге және
өзінің моральдық сеніміне белгілі бір құн төлеуге дайын тұруға міндетті екені талас
тудырмайды. Іс жүзінде демократиялық құндылықтар мен адам құқықтарын бейнелейтін
үкіметтер мен институттардың пайдасына жасалатын қарекеттерді қорғауға тиіс белгілі
бір құпиялылық дәрежесі бар екендігі де айқын. Қиындықтар төленуге тиіс құнның нақты
мөлшерін және оның басқа едәуір маңызды американдық басымдықтармен, соның ішінде
ұлттық қауіпсіздік пен баршаға ортақ геосаяси баланс мәселелерімен ара қатынасын
анықтағанда туындайды. Егер жақсылықты американдық уағыздау және зұлымдықты
айыптау патриоттық қызыл сөз аясынан шығып жатуға тиіс болса, онда бұл, сөз жоқ,
американдық мүмкіндіктерді реалистік мақсатта түсіну үшін істелуі керек. Құрама
Штаттардың, жаһандық сыртқы саясат жүргізу үшін қаржылық және әскери ресурстар
қысқарған кезде, моральдық міндеттемелерін кеңейтуге сақтықпен қарауы керек.
Материалдық мүмкіндіктермен және іске асыруға дайын тұрумен қуатталмаған даңғаза
мәлімдемелер оның басқа мәселелер бойынша да ықпалын төмендетеді.