Қазақстанның ашық кітапханасы
басқару екенін қиналмай мойындаймын, ал адамдар өздерінің істеріне өздері төреші
болған кезде бұл қолайсыздықтар орасан зор болуы керектігі күмәнсіз; әділетсіз
болғандығы сонша, өзінің бауырына залал келтірген адам, бүл үшін өзін-өзі жазғыратын
дәрежеде әділ бола қоймайтынын елестету қиын емес қой. Бірақ мен осындай дау
айтушылар мынаны ұмытпағанын қалар едім: абсолют монархтар бар болғаны адам, және
де басқару адамдар өздерінің істеріне өздері төреші болған кезде сөзсіз туындайтын
жамандықтардан арылтатын құрал болуға тиіс, сондықтан жаратылыстық ахуал төзгісіз
десек, менің мынаны айтқым келеді: бір адам көптеген адамдарды жатқызып-тұрғызып,
өзінің жеке ісіне өзі төреші болуға ерікті болса және өзінің бодандары жөнінде ойына
келгенді істеп, бұл ретте оның әділдігіне ешкімнің де күмәндануына немесе оның
жүгенсіздігін орындайтындарды тексеруге ешқандай хақысы болмаса, ол қандай басқару
және ол жаратылыстық ахуалдан қаншалықты артық? Және де ол пайыммен, қателесіп
немесе сезімге беріліп істеген ісінің бәрінде оған бағыну керек пе? Ал адамдар басқаның
әділетсіз ырқына бағынбауға тиіс жаратылыстық ахуалда жағдай әлдеқайда жақсы: егер де
төрелік айтушы езінің ісінде немесе қандай да бір басқа істе қате төрелік жасаса, ол осы
ісі үшін қалған адамзат алдында жауап береді.
14. "Осындай жаратылыстық ахуалдағы адамдар қайда бар немесе бір кездерде қайда
болды?" деген сұрақты аса күшті қарсылық ретінде жиі қояды. Бұған қазіргі кезде
мынадай жауап беру жеткілікті: дүние жүзіндегі барлық тақсырлар мен тәуелсіз
мемлекеттердің билеушілері жаратылыстық ахуалда болғандықтан, дүниедегі көптеген
адамдар осындай ахуалда болмайтын жағдай ешқашан болмағаны, және тіпті болмайтыны
айдан анық. Мен тәуелсіз қоғамдастықтардың барлық билеушілерін олардың басқалармен
одақта бар-жоғына қарамастан айттым; мәселе мынада, адамдардың арасындағы
жаратылыстық ахуалды тыятын кез-келген келісім емес, тек адамдар біртұтас
қоғамдастыққа кіріп, иір саяси дене құруға келіскен кез ғана; адамдар бір-бірі жөнінде
міндеттеніп, басқа да келісімдер жасай алады, бірақ бәрібір бұрынғысынша
жаратылыстық ахуалда қала береді. Гарсиласо де ла Вега өзінің Перу тарихында айтатын
екі адамның жан баспайтын аралда айырбасқа байланысты, немесе Америка орманындағы
швейцарлық пен үндістің арасында жасалған уәделер мен мәмілелер олар үшін міндетті,
бірақ олар бір-бірі жөнінде түгелімен жаратылыстық ахуалда қала береді, өйткені
шыншылдық пен уәдені орындау тамдарға қоғам мүшесі ретінде емес, адам ретінде тән
нәрсе.
15. Ешқандай адамдар ешқашан жаратылыстық ахуалда болмаған дейтіндерге мен "Осы
кезге дейін айтылып жүрген заңдар", яғни, табиғат заңдары, "адамдардың ешқашан да
орнатылған достастығы болмаса да, нені істеу, нені істемеу керектігі туралы ешқашан
өзара салтанатты келісімдері болмаса да, оларды тап адам ретінде толығымен
байланыстырады; бірақ біз табиғатымыз ұмтылатын – адами қадір-қасиетке сәйкес өмір
үшін қажетті заттармен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етуге өздігімізден шамамыз
келмейтіндіктен, біз бөлек-бөлек және тек өзіміз үшін ғана өмір сүретін кезімізде бізге тән
бұл кемшіліктер мен жетпеушіліктердің орнын толтыру үшін, біз, әрине, басқалармен
араласу мен серіктестікті іздеуге бейімбіз. Бұл адамдардың бастапқыда саяси қоғамға
бірігуінің себебі болды" деген парасатты Гукердің (Шіркеу саясаты, I кітап, 10-бөлім)
беделіне жүгініп қана қарсылық білдірмеймін. Одан басқа, мен, барлық адамдар осы
ахуалда табиғи түрде болады және өзінің жеке келісімі бойынша олар қандай да бір саяси
қоғамның мүшесі болғанға дейін сонда қалады деп кесіп айтамын; және осы толғамым
барысында мұны әбден айқын жеткізе алатыныма күмәнданбаймын.
III тарау