Қазақстанның ашық кітапханасы
11. Осынау жекелеген екі құқықтың болуынан (бірі қорқыту және сондай заң бұзудың
алдын алу мақсатымен қылмыс үшін жазалау; бұл жазалау құқығына әркім ие; екінші
құқық тек зардап шеккен тарапқа ғана тән өтем алу құқығы), мынадай да болып жатады,
қазы ретінде өзіне берілген жалпы жазалау құқығына ие қазы, қоғам игілігі заңның
орындалуын талап етпейтін кезде, қылмыстық іс-әрекет үшін жазаны көп ретте өз
билігімен алып тастайды; дегенмен ол кез-келген жеке адам өзіне келтірілген нұқсан үшін
алуға тиіс өтем алу талабын қанағаттандыру міндетінен босата алмайды. Залал шеккен
адам оны [қанағаттандыруды] жеке өзінің атынан талап ету құқығына ие, одан сол ғана
босата алады. Әрбір адам өзінде бар бүкіл адамзатты сақтау және бұл мақсатқа жету үшін
қолынан келетін барлық парасатты істерді жасау құқығы бойынша жасалған қылмыс үшін
оның қайта жасалуына кедергі болу мақсатымен, жазалауға билігі бар екендігі секілді,
зардап шеккен адам заңды бұзған адамның меншігін немесе қызметін пайдалану билігіне
өзін-өзі қорғау құқығы бойынша ие болады. Осылайша, жаратылыстық ахуалдағы әрбір
адам кісі өлтірушіні өлтіре алатын болып шығады, мұны ол кісі өлтіргені үшін әрбір
адамның тарапынан қандай жаза күтіп тұрғанын көрсететін мысал арқылы басқаларды
ештеңемен орны толмайтын қылмыс жасаудан бой тартқызу үшін де, сондай-ақ адамзатқа
Құдай берген пайымнан, ортақ ереже мен өлшемнен бас тартып, әділетсіз зорлығы және
бір адамды өлтіру арқылы өзі бүкіл адамзатқа соғыс жариялаған қылмыскердің
қастандығынан жұртты қауіпсіз ету үшін де істей алады, демек, адамдар бірлесе өмір сүре
алмайтын, не олардан қауіпсіз бола алмайтын қанқұмар жабайы аңдардың бірі арыстан
немесе жолбарыс сияқты оны құртып жіберуге болады. "Кім адамның қанын төксе, соның
қаны адам қолымен төгіледі" деген табиғаттың ұлы заңы осыған негізделген. Әркімнің
мұндай кылмыскердің көзін құрту құқығына ие екендігіне сенгені соншалық, Қабыл да
өзінің бауырын өлтіргеннен кейін: "Маған жолыққан кез-келген адам мені өлтіреді" депті,
бұл бүкіл адамзаттың жүрегінде мәңгілік сақталып қалған.
12. Дәл осы себеп бойынша жаратылыстық ахуалдағы идам осы заңды бұдан азырақ
бұзғандық үшін де жазалай алады. Бәлкім, өліммен жазалайды ма деген сұрақ қойылуы
мүмкін. Менің жауабым: әрбір заң бұзушылық қылмыскерге тиімсіз болатындай, оның
опынуына ілік берердей және басқаларды қорқытып, мұндай шалыс істерден
тартынатындай деңгейде және сондайлық қаталдықпен жазалана алады. Жаратылыстық
ахуалда жасалуы мүмкін әрбір қылмыс жаратылыстық ахуалда тап сондай дәрежеде, әрі
мемлекеттегідей мөлшерде жазалана алады. Табиғат заңының бүге-шігесіне немесе содан
туындайтын жазалау шараларына бойлау қазіргі міндетіме жатпаса да, мұндай заңның бар
екендігі және оның парасатты тіршілік иесі мен сол заңды зерттеушіге мемлекеттердің
қолданыстағы заңдары сияқты түсінікті де ап-айқын екендігі күмәнсіз; жоқ, тегінде, одан
да анығырақ, өйткені адамдардың сөзбен бүркемеленген қарама-қайшы және астыртын
мүдделерін көздейтін қайран қалдырар істері мен өтіріктерінен гөрі парасатты түсіну
оңайырақ; шындығында өздері сол арқылы реттелуге және түсінілуге тиіс табиғат
заңдарына олар қаншалықты негізделетін болса, соншалықты дәрежеде ғана әділетті
елдердің азаматтық заңдары көбіне көп тап осындай ғой.
13. Осынау әдеттен тыс доктринаға, атап айтқанда, жаратылыстық ахуалда әркімнің
табиғат заңынан туындайтын басқарушы билігі бар деген доктринаға, өздерінің жеке
істеріне адамдардың өздері төреші болуы парасатсыз тірлік, өзін-өзі сүю адамдарды
өздеріне және өздерінің достарына бүйрек бұратын етеді, ал екінші жағынан, жаман мінез-
құлық, нәпсіқұмарлық пен кекшілдік біреулерді жазалау кезінде асыра сілтеуге апарып
соқтырады, ал бұдан абдырау мен тәртіпсіздіктен басқа ештеңе туындамайды, сондықтан
да адамдар тарапынан әділетсіздік пен зорлықты шектеу үшін құдай осындай басқаруды
орнатқаны күмәнсіз деген қарсылық туындайтындығына мен шәк келтірмеймін. Мен
жаратылыстық ахуалдың қолайсыздықтарынан арылтатын ыңғайлы құрал азаматтың