Page 4 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ. Д. Локк. БАСҚАРУ ТУРАЛЫ ЕКІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
солай істей алады. Өйткені әркімнің біреудің басқадан ешқандай артықшылығы және
құзыры, әрине, жоқ осынау толық теңдік жағдайында, осы заңды орындау үшін біреу
жасай алатын нәрсені, қажет болған жағдайда әркімнің де істей алу құқығы болуға тиіс.
8. Осылайша, жаратылыстық ахуалда бір адам екіншісінің үстінен қандай да бір билікке
ие болады, алайда, дегенмен бұл билік қылмыскер оның қолына түскенде ойына келгенін
істейтін, өзінің бұрқ еткен сезімдерінің немесе шексіз фантазиясының ықпалымен ойына
келгенін істейтін толық немесе деспоттық билік емес, оған сабырлы ақыл мен ұждан
бұйыратын деңгейде ғана, ол жасаған заң бұзуға сәйкес жазалайтын, атап айтқанда, әрі
тиісті жаза әрі қатаң ескерту дәрежесіндегі билік болуы керек; өйткені тек осы екі ілік
қана бір адамның екіншісіне біз жаза деп атайтын жамандықты заңды түрде жасауына
негіз бола алады. Табиғат заңын бұза отырып, оны бұзушы осынысымен адамдардың
өзара қауіпсіздігіне бола олардың қарекеті үшін құдайдың белгілеген өлшемі болып
табылатын парасат пен ортақ теңдік ережесі бойынша емес, басқа ереже бойынша өмір
сүретінін мәлімдейді; сөйтіп ол адамзат үшін қауіпті болып, адамдарды нұқсан мен
зорлықтан қорғайтын дәнекерлерді әлсіретіп, үзеді мұның өзі бүкіл адамзат, табиғат
заңымен көзделген оның тыныштығы мен қауіпсіздігі жөніндегі қылмыс болып табылады.
Осының пәрменімен әрбір адам өзіне тән жалпы адамзатты сақтау үшін ие болған
құқығының арқасында адамдар үшін зиянды нәрселерді тежей немесе қажет болған
жағдайда жойып жібере алады, сөйтіп, бұл заңды бұзған кез-келген адамға оны өзінің
ісіне опынуға мәжбүр ететіндей шамада жамандық жасай алады және сонысымен оны,
оның мысалымен басқаларды мұндай жауыздықтардан іркіп ұстай алады. Мұндай
жағдайда және осы себеп бойынша әрбір адамның кылмыскерді жазалау және табиғат
заңының орындаушысы болу құқығы бар.
9. Кейбір адамдарға мұның тым оғаш доктрина болып көрінетіндігіне күмәнім жоқ; бірақ
олар мұны айыптамай тұрып, маған мынаны түсіндіріп беруін қалар едім: қандай да бір
билеушінің немесе мемлекеттің олардың елінде жасаған кез-келген қылмысы үшін жат
жерлікті өлім жазасына кесуіне немесе жазалауына қандай құқығы бар? Олардың заң
шығару жиналысының білдірілген ырқы негізінде алған рұқсатына негізделген
заңдарының жат жерліктерге жүрмейтіні күмәнсіз. Олар оған ештеңе де білдірмейді,
білдірген күнде де бұл оларды тыңдауға міндетті емес. Осы мемлекеттің қол астындағы
азаматтарына әмірін жүргіздіріп отырған заң шығарушы органның оларға билігі
жүрмейді. Англияда, Францияда немесе Голландияда заң шығарудың жоғарғы өкіметіне
ие адамдар – үндіс үшін, бүкіл басқа дүние секілді, қолында билігі жоқ адамдар. Ендеше,
егер табиғат заңы бойынша, ақыл төрелігіне жүгінгенде жағдай талап ететін тұстарда,
әрбір адам осы заңды бұзғаны үшін кім-кімді де жазалау билігіне ие болмаса, онда мен
қандай да бір қоғамның қазылары басқа елден келген жат жерлікті қалайша жазалай
алатынын түсінбеймін, өйткені олардың ол адам жөніндегі билігі әрбір адамның басқа
адам жөніндегі табиғи билігінен көп емес.
10. Заң бұзудан және парасаттың әділетті басқаруынан таюдан (мұндайда адамның
азғындайтыны соншалық, ол адам табиғаты принциптерінен бас тартатынын мәлімдеп,
зиянды тіршілік иесіне айналады) тұратын қылмыстан басқа, белгілі бір адамға әдеттегі
нұқсан келтіру де кездеседі, осы бұзушылық салдарынан бір адамға зиян келтіріледі.
Мұндай жағдайда нұқсан келтірілген адам, барлық басқа адамдардағыдай өзінде бар
жазалау құқығынан басқа, өзіне зиян келтірген адамнан өтем алу ерекше құқығына не
болады. Және мұны әділ деп санайтын кез-келген басқа адам зардап шегушіге қосылып,
оның қылмыскерден келтірілген залалдың орнын толтыру үшін қанша керек болса, сонша
өтем алуына көмектесе алады.