Page 49 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ. Д. Локк. БАСҚАРУ ТУРАЛЫ ЕКІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
223. Бұған, бәлкім, халық надан және ұдайы наразы болғандықтан, басқару негізін
халықтың тұрақсыз пікірі мен құбылмалы көңіл-күйіне тәуелді ету дегеніміз – мемлекет
тағдырын сөзсіз апатқа байлап беру; егер халық бұрынғы үкіметке наразы болған сайын
жаңа заң органын құра алатын болса, онда бір де бір үкімет ұзақ тура алмайды делінер.
Менің жауабым: гәп мүлдем басқаша. Біреулер ойлағандай, адамдар ескі пошымдардан
соншалық оп-оңай бас тарта бермейді. Оларды өздері дағдыланып кеткен құрылымдағы
кемшіліктерді түзетуге әзер көндіресің. Егер онда әуел бастан келе жатқан қандай да бір
кемшіліктер болса немесе уақыттың яки паралаудың өтемі ретінде өрескел бірдеңе
енгізілген болса, мұны өзгертуге мүмкіндік бар екенін жарық дүниедегілердің бәрі көріп
тұрғанда да, бұған қол жеткізу оңай емес. Халықтың осынау мимырттығы мен ескі
тәртіптерден бас тартуды қаламауы, осы корольдікте біздің ғасырымызда және өткен
ғасырларда болған көптеген революциялардан кейін ескі заңдық жүйе – корольдің,
лордтар палатасы мен қауымдар палатасының бізде әлі де сақталуына немесе нәтижесіз
талпыныстар кезеңінен кейін қайтадан оралуына апарып соқтырды; тәж тарапынан
жасалған қандай өрескел қарекеттер жасалып, олар тәжді біздің кейбір
тақсырларымыздың басынан алу қажеттігіне апарып соқтырса да, олар халықты тым әріге
барып, оны басқа әулетке беруге жетелей қойған жоқ.
224. Бірақ бұл гипотеза жиі-жиі көтерілістердің қоздырғышы болады дейді. Оған
жауабым:
Біріншіден, басқа бір гипотезадан артық дәрежеде емес. Халықты бейбақыт етіп, ол
деспоттық биліктің жүгенсіздігіне ұшырағанда оның билеп-төстеушілерін көкке көтере
мадақтап, оларды Юпитердің балалары деп атауға болады ғой; олар қасиетті әрі көктен
түскен періштедей немесе олардың шарапаты тиген қастерлі жандар болсын; оларды кім
деп, не деп атасаңыздар да – ақыр соңында болатын нәрсе болмай қоймайды. Үнемі
қорлықта ұсталып, құқықтары бұзылған халық сәті соққан алғашқы жағдайда-ақ өзіне
түсіп отырған ауыртпалықтан құтылуға дайын болады. Ол адам істерінің құбылмалылығы,
әлсіздігі әрі кездейсоқтығы жағдайында тіпті де зарыға күттірмейтін мүмкіндікті қалап,
іздестіретін болады. Өз ғұмырында мұндай мысалдарды көрмегендер, сірә, тым аз өмір
сүрген болар, ал әлемдегі басқарулардың сан алуан түрлері тұсындағы мұның мысалдарын
келтіре алмайтындар, сірә, өте аз оқыған болар.
225. Екіншіден, деймін мен, революциялар қоғамдық істердегі кез-келген елеусіз
тәртіпсіздік туындағанда бола бермейді. Өкімет тарапынан болатын дөрекі қателіктерді,
толып жатқан бұрыс және қолайсыз заңдар мен адам әлсіздігінің барлық ағаттықтарын
халық бүліксіз, наразылықсыз көтере береді. Бірақ, бір ғана нәрсені көздейтін толып
жатқан заңсыздықтар, құқық бұзулар мен қулық-сұмдық нәтижесінде, халыққа бұл жерде
белгілі бір пиғыл бар екені айқын болады, өзін не қанап отырғанын сезбей, қайда кетіп
бара жатқанын көрмей тұра алмайды, сонда халықтың көтеріліске шығып, билікті
бастапқыда мемлекет құрылғанда көзделген мақсаттарды қамтамасыз ететіндердің қолына
беруге тырысатындығына таңдануға болмайды, сол мақсаттарсыз ежелгі атаулар мен
келісті пошымдар жаратылыстық ахуалдан немесе таза анархиядан ешбір артық емес,
керісінше, әлдеқайда нашар болып шығады; қолайсыздықтар соншалық орасан, соншалық
жаныңда, бірақ айығып кету құралы әлдеқайда алыс және оған қол жету қиын.
226. Үшіншіден, деймін мен, заң шығарушылар халықтың меншігіне көз алартып,
өздеріне көрсетілген сенімді ақтамаған кезде ол заң шығарушы жаңа органның көмегімен
өз қауіпсіздігін жаңадан қамтамасыз етуге хақылы деген доктрина көтерілісті
болдырмаудың ең озық кепілі және оған қарсы тұрудың барынша ықтимал тәсілі. Өйткені,
көтеріліс дегеніңіз - жекелеген адамдарға емес, тек конституциялар мен үкіметтің