Қазақстанның ашық кітапханасы
3. Protempore халық сайлаған өкілдердің жиналысы. Мұндай басқару пошымын
елестетсек, мыналар айқын:
214. Біріншіден, осындай бір кісі немесе тақсыр заң шығарушы орган жария еткен
қоғамның ырқы болып табылатын заңдар орнына өзінің деспоттық ырқын қойғанда, заң
шығарушы билік өзгереді. Шынына келгенде заң шығарушы орган дегеніміз қаулылары
мен заңдары орындалатын және халық бағынуға міндетті нәрсе ғой; ал басқа заңдар
орнатылып, басқа қаулылар шығарылатын, және олар қоғам қойған заң шығарушы орган
жасаған заңдарға кереғар жүзеге асырылатын болса, онда заң шығарушы органның
өзгергені айдан анық. Қоғам өкілеттік бермей-ақ кімде-кім жаңа заң енгізсе немесе кімде-
кім ескі заңдарды бүлдірсе, сол, олар жасалған өкіметті мойындамай, оны жояды да,
осылайша жаңа заң шығарушы органды құрады.
215. Екіншіден, тақсыр заң шығарушы органның тиісті уақытында жиналуына кедергі
жасаса немесе құрылған мақсаттарын жүзеге асыру үшін оның еркін қимылдауына бөгет
болса, онда заң шығарушы орган өзгереді. Өйткені заң шығарушы өкімет дегеніміз, егер
қоғам игілігіне бағытталған нәрселерді талқылау бостандығы және оларды жетілдіретін
бос уақыты болмаса, адамдардың белгілі бір саны да, олардың жиналысы да емес; осынау
шарттар тартып алынған немесе өзгертілген, сөйтіп қоғам өзіне тән билікті жүзеге асыру
мүмкіндігінен айрылған кезде заң шығарушы орган шынында да өзгереді. Өйткені
үкіметтерді құрайтын атаулар емес, олардың қолында болуға тиіс билікті пайдалану мен
қолдану; осылайша, заң шығарушы органды бұл бостандықтан айыратын немесе оның өз
қызметін тиісті мерзімдерде жүргізуіне кедергі жасайтындар іс жүзінде заң шығарушы
өкіметті жояды және басқару жүйесін таратады.
216.Үшіншіден, тақсырдың деспоттық ырқы бойынша халықтың келісімінсіз және оның
ортақ мүдделеріне кереғар, сайламшылар ауыстырылса немесе сайлау рәсімі өзгертілсе,
онда да заң шығарушы билік өзгереді. Өйткені қоғам өкілеттік бермегендер сайлаған
кезде немесе қоғам белгілегеннен өзге жолмен сайлаған кезде, сайланған адам халық
тағайындаған заң шығарушы орган бола алмайды.
217. Төртіншіден, тақсырдың, не заң шығарушы органның халықты шетелдік державаға
бодандыққа беруі, заң шығарушы өкіметтің өзгеруін, демек, басқару жүйесінің ыдырауын
білдіретіні сөзсіз. Өйткені халық қоғамға кіргендегі мақсат өздерінің төл заңдарымен
басқарылатын тұтас, еркін, тәуелсіз қоғамды қорғау ғой; адамдар басқа біреудің билігіне
берілген кезде мұның бәрі де жойылады.
218. Осындай мемлекеттік құрылыс жағдайында басқару жүйесінің ыдырауы тақсырдың
есебіне жатқызылатыны әбден түсінікті; гәп мынада: ол мемлекеттің күшін, қазынасын
және мансаптарды билеп-төстейді және жоғарғы мансап иесі ретінде өзіне ешқандай
бақылау жасалмауы керек деп өзін сендіреді немесе басқалар жағымпаздықпен солай деп
сендіреді; тек сол ғана заңды билік түрінде осындай өзгерістер даярлауға елеулі шара
қолдана алады, және ол сол билікті қолында ұстай отырып, қарсы шыққандарды іріткі
салушылар, бүлік шығарушылар және үкіметтің дұшпандары ретінде қорқыта немесе
жаныштай алады; сонымен бірге заң шығарушы органның немесе халықтың қандай да бір
бөлігі өздігінен, бірден байқалатын ашық және айқын көтеріліссіз заң шығарушы өкіметті
қандай да бір түрде өзгерте алмайды; ал ол жеңіп шыққанда оның нәтижесі жат жұрттық
жаулап алудан айырмашылығы аз болады. Мұның үстіне басқарудың мұндай пошымында
тақсыр заң шығарушы органның басқа бөліктерін таратып жіберу, сол арқылы олардың
мүшелерін жеке адамдарға айналдыру билігіне не, сонда олар оған кереғар немесе оның
келісімінсіз заң арқылы заң шығарушы өкіметті өзгерте алмайды, өйткені олардың кез-