Қазақстанның ашық кітапханасы
112. Осылайша, біз табиғаттан бостан болып, өздерінің келісімімен не әкесінің
басқаруына мойынсұнған, не мемлекет құру үшін бірнеше отбасылардың өкілдері ретінде
біріккен адамдар, әдетте билікті бір адамның қолына беретінін және осы соңғы ғасырдағы
(XVII ғасыр - ред.) дін ілімі с.ырын ашқанға дейін адамзат өкілдерінің ішінен ешкімнен де
біз естімеген аян – монархия jure divino екендігі олардың түсіне кірмесе де, өздері оның
адалдығы мен ақылына сенгендіктен оның билігін шектемей және ешқандай реттемей, бір
адамға бағынуды артық санағаны қаншалықты ықтимал екендігін көре аламыз; дәл сол
секілді адамдар әке билігінің бұйыру құқығы бар деп те, немесе кез-келген басқару негізі
болады деп те ешқашан ойламаған. Қолымыздағы тарихи айғақтарға сүйеніп, мемлекеттің
кез-келген бейбіт пайда болуы өз негізінде халықтың келісімімен жүзеге асқан деген
қорытынды жасауға осының өзі жеткілікті. Менің бейбіт деп отырған себебім, басқа бір
жерде кейбіреулер мемлекеттің пайда болу тәсілі деп санайтын жаулап алу туралы
айтуыма тура келеді.
Мемлекеттің мен атап көрсеткен тәсілмен пайда болуына қарсы айтылатын келесі қарсы
пікір мынаған саяды.
113. "Адамдардың бәрі белгілі бір мемлекетте туатын болғандықтан, олардың ішінде
әлдекімнің қандай да бір кезде бостан болуы және басқалармен бірігіп, жаңа мемлекет
негізін қалауы немесе заңды үкімет құратын ахуалда болуы мүмкін емес".
Егер осы уәж әділетті болса, онда жер бетінде соншалық заңды монархиялар қалай пайда
болды деп сұрағым келеді. Егер кімде-кім осы болжалға сүйеніп, маған заңды
монархияның негізін қалайтындай кез-келген дәуірдегі бостан адамды көрсете алатын
болса, онда менің оған бірігіп, монархия пошымындағы немесе басқа қандай да бір
пошымдағы жаңа мемлекетті құру ырқы бар ондаған адамдарды көрсетуіме тура келеді;
сол арқылы басқа біреудің билігінде дүниеге келген әлдекім жаңа дербес империяда
адамдарға бұйрығын жүргізу құқығы болатындай бостан ахуалда бола алатын болса, онда
басқаның билігінде туған кез-келген адам дербес жеке мемлекеттің билеушісі немесе
боданы болу үшін соншалықты бостан бола алатыны көрсетіледі. Демек, олардың
өздерінің принциптеріне сәйкес, не адамдардың барлығы өздерінің тумысына қарамастан
бостан, не жер бетінде бір ғана заңды тақсыр, бір ғана заңды үкімет болады. Сонда оларда
оның қандай екенін бізге көрсетуден басқа амал қалмайды; ал олар мұны істеген кезде,
адамзаттың барлығы оған бағынуға шын ықыласымен келісетіндігіне күмәнім жоқ.
114. Бұл қарсылық олардың өздерін де, қарсы жақты да қиын жағдайда қалдыратынын
көрсетіп беретін қарсылыққа жеткілікті жауап болса да, мен сол уәждің әлсіздігін
тереңдете ашып көрсетуге тырысайын.
"Барлық адамдар қандай да бір үкіметтің билігінде туады, сондықтан олар еркін түрде
жаңа үкімет орната алмайды, - дейді олар. - Әркім өз әкесінің немесе өз тақсырының
боданы болып туады, сондықтан да бағынушылық пен адалдықтың мәңгілік дәнекерімен
маталған". Адамдарды өз келісімінен тыс тақсырлар мен олардың мұрагерлеріне бағынуға
міндеттейтіндей адамзаттың ешқашан да тумысынан табиғи бағынышты болмағандығы
және олардың ешқашан бұған келіспегендігі айдан анық.
115. Қасиетті тарихта да, азаматтық тарихта да адамдардың мойынсұнушылықтан шығып,
өздері туған құзырлыққа және өздері өсіп-жетілген отбасына немесе қоғамдастыққа
бағынудан бас тартып, басқа жерлерде жаңа мемлекеттер құрғандығының мысалдары
бәрінен көбірек кездеседі ғой; бастапқы дәуірде өмір сүрген және жер жеткілікті болғанша