Қазақстанның ашық кітапханасы
мемлекетке кіретін немесе оны құратын адамдар арасында болатын немесе болуға тиіс
шарт дегеніміздің өзі осы. Осылайша, кез-келген саяси қоғамның бастауы болып
табылатын және іс жүзінде соны құрайтын нәрсе – небәрі көпшілік құралатын осындай
қоғамға бірігуге және енуге қабілетті бостан адамдардың кез-келген санының келісімі
ғана. Және тап осы, тек осы ғана әлемдегі кез-келген заңды басқарудың басы болған және
басы бола алатын еді.
100. Маған қарсы бұған екі түрлі дау айтылады.
Біріншісі, "тәуелсіз және бір-бірімен тең адамдардың қандай да бір тобы бас қосып,
осылайша үкімет құрды деген мысал тарихта жоқ".
Екіншісі, "құқық тұрғысынан алғанда адамдардың осылайша жасауы мүмкін емес, өйткені
қандай да бір үкіметтің қол астында туған адамдардың барлығы оған бағынуға тиіс және
олардың жаңасын құру бостандығы жоқ".
101. Біріншісіне мен жаратылыстық ахуалда бірге тұрған адамдар туралы тарихтың бізге
тек там-тұмдап жеткізгеніне қайран қалуға болмайды деп жауап беремін. Мұндай
ахуалдың қолайсыздықтары, сондай-ақ қоғамға сүйіспеншілік пен соны қалау адамдардың
қандай да бір саны кездесе қалса болғаны, олар бірге боламыз деген шешімге келсе,
бірден бірлесіп, келісімге келетін болған. Егер біз адамдардың бір кездері жаратылыстық
ахуалда болғанын өзіміздің ол туралы аз естігеніміз негізінде ғана елестете алмайтын
болсақ, онда біз Салманасардың немесе Ксеркстің әскерінің жауынгерлері ешқашан бала
болмаған, өйткені біз олар ересек еркекке айналып, әскерлерді құрағанға дейін олар
туралы мүлде аз естігенбіз дей аламыз. Мемлекеттік құрылыс қай жерде болмасын
шежірелердің алдында жүреді, басқа, анағүрлым қажетті өнерлердің көмегінің арқасында
азаматтық қоғамның ұзақ сақталуы халық үшін қауіпсіздікті, қолайлылықты және
молшылықты қамтамасыз етуден бұрын әдебиет те халыққа танылмайды, адамдар өз
мемлекетінің негізін қалаушылардың тарихы туралы естеліктер ұмытылып қалған кезде
ғана оған қызығушылық білдіріп, оның шығу көздерін іздей бастайды. Өйткені
мемлекеттердің басынан да жекелеген адамдардың басынан өткен жайлар өтеді емес пе:
әдетте олар өздерінің туу және сәби кезі туралы ештеңе де білмейді. Ал егер оларға өз
мемлекетінің пайда болуы туралы әлдене белгілі болса, бүл үшін олар басқа біреулер
жүргізген кездейсоқ жазбаларға қарыздар. Ал біздің қолымыздағы жазбаларға келетін
болсақ (және де бұл жазбалар әкелік биліктің пайдасына емес), құдайдың өзі тікелей
араласқан жәйттер мемлекетінен басқа әлемдегі қандай да бір мемлекеттің пайда болуы
туралы жазбалардың не мен айтқандай бастаудың анық мысалы, не оларда тым құрығанда
соның іздері бар.
102. Рим мен Венеция арасында не табиғи артықшылық жоқ, не бағыныштылық жоқ
бірнеше бостан және бір-бірінен тәуелсіз адамдардың бірігуі арқылы пайда болды дегенге
сенбейтін адамның, ап-айқын фактілер өзінің болжамына сәйкес келмеген кезде, оларды
жоққа шығару бейімі болуы керек. Және егер Джозеф Акостаның сөзіне сенер болсақ, ол
бізге Американың көптеген бөліктерінде ешқандай мемлекеттік басқару мүлде болған жоқ
дейді. "Бұл адамдардың, - дейді ол, - атап айтқанда, перуліктердің, ұзақ уақыт бойы не
королі, не мемлекеті болмаған, Флоридада черикандар, Бразилияда үндістер және тұрақты
корольдері жоқ басқа да көптеген ұлттар күні бүгінге дейін тұратындай,топ-топ болып
өмір сүрген, бірақ бейбіт немесе соғыс уақытында, қажет болған жағдайда өз қалаулары
бойынша басшыларын сайлап алатын болған деуге салмақты және анық негіздер бар" (I
кітап, 25-тарау). Егер, ол жерде әрбір адам өзінің әкесінің немесе отағасының боданы
болып туатын десе, онда баланың әкесіне мойынсұнуы одан оның өзіне лайық деп санаған