Қазақстанның ашық кітапханасы
Жандану кезеңі аяқталғандықтан жергілікті әмбебап мемлекет сәтсіздікке ұшырайды.
Кей-кейде берекесі қашқан жергілікті әмбебап мемлекетті қалпына келтіру үшін серпін
әжептәуір күшті болады. Мысалы, эллин, қытай және шумер мемлекеттері мұны төл
күшімен, ал Ресейдегі православиелік-христиандық мемлекет - бөтен өркеният
элементтерін зорлықпен енгізу арқылы істей алды.
Ақыр соңында, тарих әмбебап мемлекеттің ғұмыры аяқталуға жақындап, патшалықтар
арасындағы өліара туғанда өлген әмбебап мемлекетті қайта жандандыру үшін ішкі серпін
әлі біршама күшті болатын жағдайларды да біледі. Бұл арада "о дүниеге аттанар алдында"
ойдағыдай секіріс жасаған ежелгі египет өркенияты мысал бола алады.
Шынында да, бұл дүниеден кетудің табиғи мерзімі жеткеннен кейін де әмбебап
мемлекеттің өз тіршілігін жалғастыруының ерекше мүмкіндігі болады.
Әмбебап мемлекеттердің талқаны әрқилы таусылуы олардың өз институттарының
ғұмырын сақтап қалуға барынша тырысатынын айғақтайды. Әмбебап мемлекет
тіршіліктің түпкі мақсаты өзі сияқты етіп көрсеткісі келетін анық тенденцияны байқатады,
ал шын мәнінде ол әлеуметтік ыдырау процесіндегі фаза ғана болып табылады.
ӘМБЕБАП МЕМЛЕКЕТТЕР МАҚСАТ РЕТІНДЕ
АЖАЛСЫЗДЫҚ САҒЫМЫ
Парадоксты жаңсақтық.
Алдыңғы тарауда көргеніміздей, әмбебап мемлекеттердің
талқаны таусылуы бұл мекемелердің өмір сүруге құштарлығы адам айтқысыз екендігін
айғақтайды және де егер біз оларға сырт бақылаушы көзімен емес, іштей, олардың өз
азаматтарының көзімен қарайтын болсақ, онда азаматтардың өздері қалыптасқан әлемдік
тәртіптің мәңгілік болғанын шын ниетімен қалайтынын көрер едік (бұл қалау
басқыншылар құрған әмбебап мемлекеттердің өзгеше жергілікті империя құрушылар
орнатқан әмбебап мемлекеттердің азаматтарына тән). Мұның үстіне, олар мемлекет
институттарының ажалсыздығына кепілдік берілгеніне сенеді. Бұл сенімнің әбестігін
ахуалды сырттан бағалайтын бақылаушының әмбебап мемлекеттің жан тәсілім
жағдайында тұрғанын анық көре алатыны бадырайта түседі. Ал бақылау объектісін Уақыт
пен Кеңістік арқылы қашық тұрған адамға бөтен әмбебап мемлекет әрқашан дөрекі де
сағым секілді боп көрінеді. Бірақ неліктен екенін кім білсін, әрқашан былай болып
шығады: әмбебап мемлекеттің тұрғындарының өздері өз елін құладұз шөл даладағы үңгір
ретінде емес, міндетті түрде аңсар жер ретінде, тарихи прогрестің мақсаты ретінде
қабылдайды!
Бұл жаңсақтықтың ғажаптығы соншалық, өзінің барлық парадокстығына қарамастан,
оның шын мәнінде бар екендігіне айғақ орасан көп болмаса, оған күмәндану мүмкін болар
еді, және де өте кәп адамдар осынау оғаш елестің құрбанына айналады.
Рим империясының және Араб халифатының салдарлары. Бұрынғы эллиндік қоғамның
әмбебап мемлекеті болып табылатын Рим империясының тарихында біз Империя мен
Қаланың ажалсыздығына жалпыға ортақ сенімді ұдайы кездестіріп отырамыз.
Мәселен, біздің дәуіріміздің 14 жылындағы Августың өлімі мен 138 жылғы Пийдің таққа
отыруының арасында өткен жүз жылдан артық уақыт ішінде Рим мен Рим империясының
мәңгілігі туралы ұғымды екі император ерекше әлпештеп, санаға сіңірумен болды да,