Page 22 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.тойбни. ТАРИХТЫ ҰҒЫНУ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
тұрғындары негізін қалаған империяларда астана әдетте орталықта болып шығады,
өйткені бұл әкімшілік қызмет үшін қолайлы. Дегенмен ол кейін шекараға қарай, сырттан
болатын аса күшті қысымның бағытына қарай орын ауыстыруы мүмкін. Әмбебап
мемлекеттер үкіметінің резиденцияларын өзгерту саяси географияның кейбір "заңдарына"
бағынатыны айдан анық. Алайда практикада бұл "заңдар" күрделі тарихи-саяси
ахуалдарға бағына отырып, әртүрлі әрекет етеді, ал ол ахуалдардың әрқайсысын дербес
және тәуелсіз фактор ретінде қарастыру қажет.
Империя негізін шетелдік қалаушылардың астаналарының көші-қоны. Испан
конкистадорлары анд әлемінің әмбебап мемлекетін бағындырып, Америкада өздерінің
әмбебап мемлекетін құрды. Анд әлемінде олар астананы теңізге таяу жерде, Лимада
орнатты. Орталық Америкада, керісінше, олар тіпті өз иеліктерін теңіз порты Веракрустан
басқаруға тырысқан да жоқ, өз үкіметін бірден Теночтитланда - тарих сахнасында
күтпеген жерден испандықтар пайда болған сәтте өздерінің орталық америкалық әмбебап
мемлекетін құрып жатқан ацтектердің таудағы астанасында - орналастырды.
Испандықтар бір қарағанда ұқсас сияқты екі жағдайда әртүрлі жолдарды неліктен
таңдады? Бәлкім, Мексика қыраты олар туып-өскен Кастилиямен ұқсас болғандықтан
тартқан шығар? Бірақ егер бұл шешуші пиғыл деп есептесек, онда көкжиекте теңіздің
арғы жағынан жеткен басқыншылар пайда болған тұста инк мемлекетінің астанасы болып
тұрған таулы Кускодан гөрі жазықтағы Лиманы испандықтар неліктен жөн көрді? Осынау
көзге ұрып тұрған сәйкессіздікті Веракрус пен Лима қалаларының тарихи рөлін
салыстыра отырып түсіндіруге болады. Мексика қыратына шығанақ жағынан жайғасатын
ойпаттар Мексика өркениятының өмірінде сол тұста айтарлықтай рөл ойнамайтын.
Керісінше, Анд үстіртіне Тынық мұхит жағынан жалғасатын ойпаттар анд өркениятының
бесігі болатын және инктердің анд әмбебап мемлекетіне осынау аумақтарды қосып
алуының нәтижесінде өзінің экономикалық және мәдени маңызын жоғалтпаған еді.
Осылайша, испандықтар астана үшін теңіз порты Лиманы таңдағанда анд әлемінің мәдени
орталығына жақындаған еді.
Тағы бір тарихи мысалға жүгінейік. Османдықтар империя құруды православиелік-
христиандық әлемнің шығыс шекараларының арғы жағындағы базадан бастап еді.
Османдық иеліктер кеңейген сайын олардың үкіметінің резиденциясы да орнын
ауыстырып отырды. Алғашында олар Анатолия үстіртінің солтүстік-батыс өлкесіндегі
"ескі қаладан" Мәрмәр теңізінің жағасындағы жазықта орналасқан "жаңа қалаға" қарай
жылжыды. 1326 жылы олар Брусуға келді. 1366 жылы Дарданелді көктей өтіп Балкан
түбегіне табан тіреді. Ол кезде XI ғ. аяғындағы түрік-салжұқтардың Анатолияның ішкі
өңірлеріне жылжуының салдарынан православиелік-христиан әлемінің өзегі де орнын
ауыстырған болатын. Балқан түбегіндегі осман астанасы үшін бірінші орын болып
Адрианополь таңдап алынды. Бірақ бұл да тек аралық пункт қана болды. Православиелік-
христиандық әлемнің негізгі бөлігінің осман билігінің қол астында саяси бірігуін аяқтаған
осман сұлтаны Жаулаушы Мехмет (1451- 1481) түрік астанасын Константинопольге
көшірген мемлекет қайраткері болды. Осман империясы құлап, ал Мехмет иеліктерінің
анатолиялық қалдықтары 1923 жылғы 20-қазан- да Түрік Республикасына айналғаннан
кейін де, 1924 жылғы 20-сәуірден түрік мемлекеті үкіметінің ресми тұрақты орны болып
Анкара қаласы есептелгенімен де, Константинополь өзінің статусын жоғалтқан жоқ.
Империя негізін варварлық қалаушылардың астаналарының көші-қоны. Империяның
негізін қалаушылар не варварлар, не шекаралық аумақтардың тұрғындары болатын
бірқатар жағдайларды қарастырайық.