Page 20 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.тойбни. ТАРИХТЫ ҰҒЫНУ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
мұсылман жаулаушылары, өздерінің тағылығына қарамастан, көптеген ұрпақтардың
практикасымен құрылған қаржылық әкімшілік машинаны лайықты бағалай білді. Арабтар
рим - парсы шекарасының екі жағында да әкімшілік басқару жүйесін сол күйінде
қалдырды.
Алайда әмбебап мемлекет провинцияларды өзінің қаржылық мақсаттарында әрқашан
шебер пайдаланғанына қарамастан, провинциялық әкімшілік пен орталық үкіметтің өзара
қатынастары әрдайым бір үлгі бойынша құрыла берген жоқ. Мәселен, мысалға, Араб
халифатында немесе Ахеменидтер империясында қаржылық тұрғыдан келгенде әрбір
провинция дербес бірлік болды. Провинциялық үкімет тек бүкіл жылдық кірісті
қадағалап, жинап қана отырған жоқ, ол сондай-ақ орталық үкіметтің барлық салық
құжаттарын жүргізіп әрі сақтап отырды. Және де империя қазынасына түсетін салықтар
анық белгіленген еді. Екінші жағынан, Рим империясы қызметінің қаржылық жағы қатаң
орталықтандырылған болатын. Империялық үкімет кірістер деңгейін тікелей қадағалап,
салық жинап отырды.
Провинциялардың заңгерлік қызметтері. Провинциялық билеп-төстеушілердің заңгерлік
қызметі де қатаң айқындалған және бірыңғай болмайтын. Мысалы, Ахеменид
империясында ерекше қазылар болатын, олар ең жоғары шонжарлар қатарынан алынып,
тікелей тақсырға бағынатын. Тақсыр қазылардың парақорлығын біле қалған жағдайда,
оларға тікелей өзі қаһарын төгіп, аяусыз сазайын тартқызатын. Рим империясында
жергілікті билеп - төстеушілердің заңгерлік дербестігі азаматтардың тікелей цезарьға
шағымдану құқығымен шектелетін. Бір қызығы, осындай жүйе бас қазының лауазымын
преторийлар гвардиясының басшылығымен біріктіруге мүмкіндік берді. Кейін император
көмекшілерінің бүкіл институты жойылғанда, бұл сот та жойылды. Империя төрт
префектураға бөлініп, олардың әрқайсының басында түпкілікті шешім қабылдау құқығы
бар префект тұрды.
Провинциялардың әскери қызметтері. Провинциялық билеушілердің әскери қызметі
заңгерлік және қаржылық қызметтен де ересен болатын.
Ахеменид империясында тұрақты әскердің саны жай халықпен салыстырғанда тым аз
болатын. Армия дегеніңіз император оққағарларының елеусіз отряды, сондай-ақ басты
жолдардың бойындағы маңызды жерлердің гарнизондарында орналастырылған корпус
болатын. Осман империясында, керісінше, орталық үкіметтің тамаша тәртіп орныққан,
ұтқыр да жақсы шыныққан сенімді кәсіби армиясы болды.
Алайда Осман империясы да соғыс бола қалған жағдайда провинциялық күштерге
біршама иек артуға тиіс еді. Орталық үкімет командирлер тағайындау құқығын өзінде
сақтап, атты әскерді бақылауында қалдыруға тырысқанымен, соғыс кезінде жергілікті
әскери құрылымдарға провинциялық билеуші тікелей қолбасшылық жасайтын және толық
билік жүргізетін.
Принципат заманындағы Рим империясында императорлық преторийлар гвардиясынан
және cogortes urbana ("метрополия батальондары") деп аталатыннан басқа кәсіби әскердің
барлық бөлімшелеріне провинциялық губернаторлар басшылық жасады. Августың
заңдары әскерді орталықсыздандыруды көздеген жоқ. Август тұрақты әскері бар
провинциялардың билігін өз қолында мұқият ұстады. Бұл провинциялардың бүкіл
губернаторларын император тағайындады және әскери мәселелер бойынша олар тек соған
бағынды. Осы заң бойынша барлық империя әскері, ол қай жерде орналаспасын,
императордың жеке бақылауында қалып отырды.