Page 18 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.тойбни. ТАРИХТЫ ҰҒЫНУ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
аясында пролетариат өседі, ал басым азшылық өз позицияларынан айрылады. "Ол өсуі
тиіс, ал менің кішіреюім керек" (Иоанн 3, 30). Мұның үстіне, әмбебап мемлекеттердің
негізін қалаушылар халықты бауырластарды қыратын соғыстан құтқару мақсатында
қоғамдық өмірге енгізген төзімділік ішкі пролетариата әмбебап шіркеу құрудың ерекше
мүмкіндігін береді. Әмбебап мемлекет азаматтарының империялық биліктің әскери
кәсіпке монополиясынан шығатын жаугерлік рухының семуі сыртқы пролетариатқа
немесе көрші өркениятқа шабуыл жасап, аумақтың бір бөлігін оның ішкі
пролетариатымен бірге басып алуына ерекше мүмкіндік береді; ішкі пролетариат әмбебап
мемлекеттің алаңсыздық ауаны жағдайында саяси керенауға айналып, мұның орнын діни
белсенділік арқылы өтейді.
Әмбебап мемлекеттің жайлы әлеуметтік және психологиялық ауанында дүниеге келген
асқақ діндердің апологеттері жекелеген жағдайда осынау игіліктің қайдан келетінін
түсінетін, бірақ олар мұның бастапқы себебі - өздері соның атымен адамдарды өз дініне
кіргізетін Құдайдың мейірімділігі деп ойлайтын. Исайя, Ездра және Несмия кітаптары
авторларының пікірі бойынша, ахеменид империясы иудаизмді тарату үшін таңдалып
алынған құрал болатын; сол секілді Рим империясы да христиандықты таратудың аспабы
ретінде қарастырылды.
Әмбебап мемлекет әлемі өсіріп шығарған ең жоғары діннің өкіметтің өзіне әбден төзімді
қатынасына қарама-қарсы жағдайлар да болған, ондай кезде табиғи прогресті ресми
ұйымдастырылған қуғындау үзіп тастап отырған.
Әмбебап мемлекеттің орнатылуын қамтамасыз еткен басым азшылықтың өткінші
даңқынан өзгеше асқақ дінді жасаушы ретінде ішкі пролетариатқа жаңа рухани
жетістіктердің қожайын болып есептелу абыройы тиесілі. Алайда, әдеттегідей, жемісті
басқалар жинайды. Және де бұл оқиғалардың даму қисынына әбден сәйкес келеді.
Әмбебап мемлекеттің зорлықпен орнатылған бейбітшілігі ішкі пролетариатқа өзінің
рухани ерлігін жасауға мүмкіндік береді. Қандай да бір шамада бұл пролетариаттың саяси
билікке жанасу мүмкіндігінен айырылуынан, сондай-ақ қару асынып жүру қажеттігінен
босатылғанынан да туындайды. Тіпті соңғы рет жұлқынып, бауырластар қырғынын
тоқтатқан империяны құрушылар да түптің-түбінде өздерінің ата-бабаларын бұлғақ
заманда жеңістен жеңіске жетелеп отырған ішкі әлуетін жоғалтады. Әрқашан ар-
намыстың ісі және кеудемсоқтық төркіні болған әскери қызмет қажетсіз һәм ауыртпалығы
зор міндетке айналады. Басым азшылық әскери қызметке сыртқы пролетариаттың
өкілдерін тарта бастайды. Ақыр соңында оқиғалар былай өрбиді: әмбебап мемлекеттен ең
үлкен пайданы ішкі пролетариат табады, сыртқы пролетариаттың табыстары алдамшы
болады ал бөтен өркеният өкілдерінің ықтимал табыстарының ғұмыры ұзаққа бармайды.
ПРОВИНЦИЯЛАР
Империялық өкіметтер қарекеттерінің сарындары.
Әмбебап мемлекеттердің құрылысшылары өз иеліктерінің аумақтарында гарнизондар
орналастырып, отарлар ашады. Провинцияларға екі айқын қызмет жүктеледі, олар
әмбебап мемлекеттің өзін күзету және сол әмбебап мемлекеттің өзі саяси қаңқа болып
табылатын қоғамды күзету.
Империялық провиицияның ықтимал балама міндеттерін Рим империясы тарихының
мысалымен жақсы көрсетуге болады.