Қазақстанның ашық кітапханасы
Ұлы Константин де Рим империясының астанасын Римнен Константинопольге
көшіргенде осындай ойды басшылыққа алған еді. Ол Рим империясының саяси орталығы
әуел бастан христиандық болуы, Тибр жағасындағы сенат цитаделінде өмірге жанын сала
жармасқан ежелгі пұтқа табынушылықтан азат етілуі керек деп есептеді. Константин мен I
Петрдің астананы ауыстыру үшін, әрине, басқа да саяси және стратегиялық себептері
болды.
Жапониядағы император сарайы беделінің жұмбағы.
Цинь және Хань империялары беделінің ықпалы қаншалықты ұзақ болатындығының
ұқсас куәсін Жапониядағы император сарайының тарихынан табуға болады.
Бұрынырақ біз бұл мәселеге тоқталғамыз. Бұл арада біз үш ғасырдай ғана уақыт өз
билігінің тиімділігін көрсеткен император сарайы неліктен тағы да мың жыл биліктің, сый
- сияпаттың, мәртебелер мен заңдылықтың пошымдық көзі ретінде өмір сүргенін
түсіндіріп көрейік. Империялық үкімет елге нақты бақылау жүргізуден қалған X ғасырдан
бастап Жапонияның барлық іс жүзіндегі билеушілері императордың атынан басқару
қажеттігін сезінді. Қазіргі кезде де елде императордың атынан қарекет ету қажет деп
санайтын аса пәрменді үкімет бар.
Жапон императоры сарайының осынау әдеттен тыс өміршеңдігін жапондықтардың өздері
император отбасы Күн құдайы Аматэрасудан басталады деген ресми сенімге жатқызады.
Бұл аңыз, әрине, жапон тарихының әу басынан келе жатыр, алайда оны саяси мақсаттарда
пайдалану, шамасы, 1868 жылы Токугава әулетінің билігін құлатқаннан кейін басталса
керек, сол кезде елдің жаңа қожайындары империя идеясына жаңа леп беру үшін
императордың атымен алдау - арбауға барған еді. Император Хирохито 1946 жылдың
қарсаңында өзінің құдай емес, адам екендігін мәлімдегенде, бұл жапон халқын тіпті де
шаттандырмағандығын айту керек. Дегенмен, император сарайының соншалықты берік
әрі бедел! жоғары болуының негізгі себебін, бәлкім, 645 жылы сол кездегі қытайлық
императорлық модельді қабылдап алғанынан іздеу керек шығар. Қытай үлгісіндегі
бюрократиялық жүйе, мүмкін, өте мұқият және нәзік етіп жасалған және сол кездегі
жапон қоғамының дөрекі жағдайлары үшін тым шым - шытырық болып шыққан шығар.
Оның экзотикалық және консервативтік сипаты оны практикалық саясат саласында тез
ұмытуға апарып соққанымен, сол қырларының өзі оған жапон қоғамының қалқаны болуға
көмектесті, өйткені 645 жылы жапон императорлық жүйесі билеуші Тан әулетінің моделі
бойынша құрылса, Тан империясы өз кезегінде көне қытай қоғамының бұрынғы әмбебап
мемлекеті болған Хань империясынан бастау алатын. Сөйтіп, XX ғасырдағы жапон
императоры сарайы б.д.д. II ғ. өмір сүрген Хань Любанның өсиет етіп кеткен саяси
капиталын пайдалануда.
Иллюзияның қайнар көзі. Біз әмбебап мемлекеттердің мәңгілігіне деген сенімнің,
ешқандай негіз жоқ сияқты болса да ғасырлар мен мыңжылдықтардан асып жататын
сенімнің факт болып табылатынын көрсететін жеткілікті мысалдарды қарастырдық. Бір
қарағанда соншама оғаш секілді көрінетін осынау феноменнің себептері қандай?
Айқын себептердің бірі - әмбебап мемлекеттердің негізін қалаушылардың және олардың
ізбасарларының жеке бастарының сүйкімділігі. Және де, әдетте, бұл әсерлер келесі
ұрпақтарға мықтап зорайтылып беріліп, аңызға айналып кетеді. Мұның айқын мысалы
қызметін Александриялық Филонның император Август қалдырған әсер туралы жақсы
белгілі айғағы атқара алады. Өзі еврей, александриялық және философ Филонды эллиндік
әмбебап мемлекеттің негізін қалаушы римдікке бүйрегі ерекше бұрды деуге бола қоймас.