Қазақстанның ашық кітапханасы
Орыстардың Ресейдің пешенесіне ерекше тағдыр жазылған дегенге сенімін библиялық
және патриоттық беделдер нығайта түсті. Даниил кітабының сарыны - дәйекті төрт
әмбебап мемлекет (Даниил 2, 27-49; 7, 1-28; 9, 24-27).
Орыстардың өз әмбебап мемлекетінің мәңгілігіне сенімін дәлелдеу үшін Шығыс Рим
империясының беделін пайдалануы - ең алдымен саяси мақсаттарда - Үшінші Римді
Бірінші Рим мен Екінші Римнің бастарына келген тағдырдан аман алып қалу үшін көп
күш салуды қажет етті. Ең алдымен XIV ғ. Польша мен Литваның билігінде қалған
православиелік-христиандық орыс жерлерін батыстың саяси және діни ықпалынан азат
ету міндеті тұрды. Үшінші Римнің саяси миссиясы ешқашан да Екінші Римді құтқаруға
немесе реформалауға тірелген емес, оны алмастыруға саятын, ал христиан шіркеуінің
міндеті Көне өсиет шіркеуін алмастыру еді. "Мәскеу - Үшінші Рим" идеясының салдары -
орыстардың Ресейге православиенің соңғы тірегі, қорғаны болуды жазған деген өз
тағдырын түйсінудегі нық сенімі болды.
Мәскеу патриархы Никонның ғұрыптық практиканы өзгертуіне байланысты орыс
шіркеуінде басталған бөлінудің нәтижесінде төрт грек патриархы, олар осман әлеміне
жатса да, біршама уақыт бойы орыс шіркеуінің беделіне үкім шығаратын билерге
айналды. 1666-1667 ж.ж. Мәскеу Соборына Антиохия және Александрия патриархтары
қатысты. Никон реформаларының қарсыластары шіркеуден аласталды. Мұның үстіне
орыстарға 1551 ж. Собор шығарған мәскеулік православие басқа барлық православие
шіркеулерінен жоғары тұрады деген талаптан бас тартуға күштеп қол қойдырылды.
Никонды дәрежесінен айырып, оның өзі атағынан айрылды.
Келесі ұрпақтың өмірінде Ұлы Петр өзінің қуатты кемеңгерлігін пайдаланып,
Московияны түбегейлі өзгертті; сөйтіп оны өзінің айрықша миссиясына сенетін орыстың
православиелік-христиандық әмбебап мемлекетінен серпінді жергілікті мемлекетке,
еуропалық жүйенің құрамдас элементіне айналдырды. Петр астананы православиелік
Мәскеуден Ресейдің батысындағы теңіз форпостында салынған және өзінің атымен
аталған жаңа қалаға көшірді. Жаңа астана мәдени тұрғыдан да, жалпы табиғи бітімі
тұрғысынан да жаңа жерде бой көтерді. Батыстанып келе жатқан Ресей ескі
православиелік дәстүрлердің ешқандай да ізі қалмаған батыс тұрпатты үкімет
қалыптастырды. Петр шіркеуге де батыстық бағыт беруге тырысты; ол негізгі лауазымды
орындарды орыстың православиелік иерархиясына берді, ал олар бұрын дәстүрлі түрде
ұлы росстарға, 1667 ж. Польша - Литвадан азат етілген сол жағалаулық Украинадан
шыққан дін қызметшілеріне арналған болушы еді. Римдік католик дінінің ықпалында
тұрған кезде украиндық православие діндарлары, олардың романдандыруға көзқарасының
қандай екендігіне қарамастан, рим теологиясын оқуға тиісті болды да, осының
нәтижесінде кейбір жағдайда батыстық көзқарасқа бағытталған еді. Ең ақырында жиырма
жыл бойы патриарх тағы бос тұрғаннан кейін 1721 жылы I Петр патриархатты жойып,
оның орнына Қасиетті Синодты құрды.
Соққылар легі тас-талқан ететіндей болды, алайда "Мәскеу - Үшінші Рим" ұғымында бар
мұрат өмірдің дәстүрлі діни көрінісінен кетпеді және біртіндеп батыстанған әлемнің
идеологиялық терминдерінде өзіне жаңа көрініс тапты. Шіркеуден аластатылған
Никонның қарсыластары Петр режимінің кезінде де ескі ғұрыптағы шіркеуді сақтай білді,
ал батыс романтизмі заманында Ресейдің айрықша тағдырына және оның әлемдік
миссиясына деген орыс сенімі славянофилдік қозғалыста көрініс берді.