Қазақстанның ашық кітапханасы
Созыла берген сәтсіздіктерге қарамастан, "ұлы идея" халықтың санасынан оның бүкіл
тарихы бойында өшкен емес. Анатолия мен Шығыс Фракиядағы 1280000 адамы бар грек
диаспорасын жойып жіберу қиял-елестің бәрін сейілтіп жіберуге тиіс болатын. Алайда
олай болмай шықты, ал мұның өзі гректердің ақыл-ойына ықпал еткен елестің қуатын
көрсетеді. 1919-1922 ж.ж. грек - түрік соғысы сегіз жылдық грек - түрік одағымен
аяқталды, бірақ бұл көзге ұрып тұрған парадокстың өз түсінігі бар. Атмосфераның ескі
дұшпандыққа мелдектеуі ескі елестің қайта жарқ етуімен аяқталды.
Мәскеу - Үшінші Рим. "Гректердің ұлы идеясы" драмалық әрі таңғаларлық тарихи факт
болып табылса, орыс топырағына себілген осындай дән маңызды тарихи өнім берді, ол
өнім бүгінде де - XX ғ. ортасында да - бәлкім, әлі толық көлемінде көріне қойған жоқ
болар.
Өмірге қайта келген Рим империясының мөлдір көлеңкесі - эллиндік әмбебап мемлекет
елесінің елесі - ақырында түріктердің 1453 жылы Константинопольді жаулап алуының
нәтижесінде жойылса, осы тұста православиенің бүйірлік орыс бұтағы өз әмбебап
мемлекетін құру үшін бар күшін салып жатты. Орыс әмбебап мемлекетінің орнатылуы
Мәскеудің Ұлы князі III Иван (1462-1505) 1471-1479 жылдар арасында Мәскеу княздігіне
Новгород республикасын қосқан кезеңге тұспа-тұс келеді.
Православиенің негізгі өрісіндегі және оның бүйірлік орыс бұтағындағы оқиғалардың тез
алмасуы Константинопольдің құлауы мен Мәскеудің салтанат құруы арасындағы
драмалық кереғарлық орыстардың санасына терең әсер етті. Осы заманғы зерттеуші Н.
Зернов былай деп жазады: "Ұлттың кеңеюі, империяның өсуі - халықтың өзіне ерекше
міндет жүктелгені және ол осы міндетті орындауға тиіс екендігі туралы ішкі сенімінің
әдеттегі сыртқы белгісі. Кішкентай Мәскеу княздігінің дүние жүзіндегі ең үлкен
мемлекетке айналуы оның халқын ол шығыс христиандығын құтқару үшін жаралған деген
ойға амалсыз алып келді". III Иванға дейінгі басқа да православиелік князьдардың Шығыс
Рим империясының айрықша атақтарына қол жеткізуге жандарын салғанын атап өту
керек. Олар Константинополь жаққа талай рет ашқарақ көзбен қараған болатын, бірақ
олардың шыдамсыз да батыл әрекеттері ұдайы сәтсіздікке ұшырап отырды.
Мәскеуліктердің біршама артықшылық алуы тарихи қалыптасқан жағдай. 1472 жылы Ұлы
князь III Иван Константинопольдың соңғы императоры Константиннің жиені Софья
Палеологқа үйленіп, гербті - шығыс римдік қос басты самұрықты қабылдап алды. 1480
жылы ол татар ханының билігін құлатып, біріктірілген орыс жерлерін жеке билей
бастады. Оның ізбасары Қаһарлы IV Иван (1533-1584) 1547 жылы таққа отырып, бірінші
орыс патшасы болды. 1551 жылы орыс православие шіркеуінің Соборы православиенің
орыс нұсқасының басқаларға қарағанда артықшылыққа ие екендігін ресми бекітті. Федор
(1584-1589) патша басқарған кезде Мәскеу митрополиті 1589 жылы Бүкіл Русьтің
Патриархы мәртебесін алды. Осылайша дәйекті саяси акциялардың легі орыстарға оларға
дейінгі болгарлар мен сербтерде болғаннан анағұрлым оңтайлы жағдай қамтамасыз етті.
Орыстар тірі мәртебе иелеріне зорлық-зомбылық көрсетушілер емес еді, олар бірден-бір
мұрагерлер болып қалды. Сөйтіп, оларда етектен тартатын ішкі күнәһарлық сезімі
болмады. Гректер өздерінің православиелігіне опасыздық жасады және сол үшін
Құдайдың қаһарына ұшырады деген сенім латынға қарсы көңіл-күй өте күшті болған
алыстағы орыс шіркеуіне күшті әсер етті. Орыстарға, егер гректер православиені
алмастырады деп есептелген Флоренция униясы үшін Құдайдың жазасын алса, олардың
өздері шіркеуге берілгендігі үшін саяси тәуелсіздік алған сияқты көрінді. Орыс халқы
православие дінінің соңғы тірегі болып шықты. Сөйтіп, ол Рим империясының құқықтары
мен міндеттерінің мұрагері болды.