Қазақстанның ашық кітапханасы
а) Бағынудың "табиғи " сипаты. Францияда индивидтердің "фрондалық" сипаты, олардың
тыңдамауға табиғи бейімдігі, "тыйым салынған бағытпен" жүруі, алым-салық төлеуден
қашқақтауы, бастықтардың бұйрықтарына қарсыласуы туралы көп айтылады. Бағынудың
табиғи сипатына бір қарағаннан-ақ күмән келтіру үшін сыныпта тәpтiп сақтаудың
қиындығын және шәкірттердің айқай-шу мен опыр-топырға бейімділігін елестету жетіп
жатыр.
Соған қарамастан бұл ақиқатқа сәйкес келеді. Әyeлi мынаны атап өтейік: азаматтық
мойынсұнбау рухы әртүрлі елдерде бірдей дамымаған және ол әcipece Францияда,
негізінен оның Оңтүстігінде (Жерорта теңізінің жағалауындағы барлық халықтардағы
секілді) күштi: ал Ұлыбританияға, Нидерландқа немесе Скандинавияға сапар билікке
мойынсұнудың табиғи сипатын көрсетеді. Бұған мынаны қосайық: Францияда, сол
тұрпаттас басқа ұлттардағы секілді мемлекеттік өкіметке қарсылық басқа әлеуметтік
топтардың мысалға, отбасылық немесе діни топтардың беделіне бағынумен қоңсылас. Бұл
әншейін ұлттық ынтымақ дәнекерлері әлсіздігінің нышаны болуы да мүмкін. Бipaқ қалай
десек те қалыпты уақытта бұл қарсылық өте шектеулі. Ұсақ-түйек кәззаптық жасайды,
бірақ жалпы алғанда мойынсұнады.
Айтпақшы, біз "табиғи" деген сөзге беретін мағына туралы келісіп алуымыз қажет.
Әлеуметтанушылық көзқарас бойынша "табиғи" деген сөзбен жалпы қабылданған
тәртіпке сәйкес келетін нәрсе түсініледі. Орташа статистикалық мәнге сәйкес келетін
нәрсе "табиғи" болып табылады. Әдеттегі уақытта бұзақылар мен құлақ қоймайтындар
барлық әлеуметтік топтарда титімдей ғана азшылықты құрайтыны айдан анық. Және
әңгіме өзінің қарекеттерін ниеттеріне сәйкестейтін "белсенді бүлікшілер" туралы ғана
емес, қия басқысы-ақ келетін, бірақ мемлекеттік мәжбүрлеу алдындағы үрейден аттап кете
алмайтын "енжар" бүлікшілер туралы да. Әрине, "өкіметті", "үкіметті", "министрлерді"
және т.б. көптеген адамдар даттайды, бірақ олар солардың тіршілік ету фактысының өзіне
емес, олардың қарекеттерінің пошымына немесе мінiciнe кінә артады. Олар билік
басындағы адамдардың жеке басы және тәpтiбi жөнінде келіспейтіндігін білдіреді бірақ
бағыну керек болатын өкіметтің тіршілік етуіне күмән келтірмейді. Таза анархист
басшылықтың белгілі бір пошымына емес (және бұл жағдайда оның басқа пошымына
бағынуға әзip), басшылық, өкімет атаулыға қарсы шыққан адам, мейлінше сирек
ұшырасатын әлеуметтік тұрпат болып табылады.
ә) Табиғи бағыну факторлары. Бұл арада біз бірнeшe жалпылама долбарлармен
шектелеміз. Иррационал факторлардан гөpi, ұтымды факторлардың мәнi кемдеу секілді.
1° Ұтымды факторлар. Ойлана келіп, адамдар өкіметтің және бағынудың қажеттілігін
мойындайды. Олар тәртіп минимумын сақтап отыратын өкіметсіз бір де бір әлеуметтік
топ тіршілік ете алмайтынын оп-оңай түсінеді. Толық анархиялық жағдайда әpi кеткенде
екеу немесе үшеу болып өмір сүру мүмкін: ал жүз адам үшін бұл мүлдем мүмкін емес
болып шығады. Осылай, өкіметтің пайдасын ескере келіп, адамдар оны табиғи нәрсе
ретінде қарастыра бастауға тоқырайды.
Ұтымды фактор, шамасы, ең маңыздысы болмас: тәжірибе негізінде ол билікке
бағынудың қажеттігін ақтап шығады және әpкiмгe өзінiң тірлігін ар-ұятымен
татуластыруға рұқсат етеді. Бipaқ табиғи мойынсұну фактысы, сөз жоқ, кез-келген толғам
алдында жүреді: адамдар әуелі табиғи түрде мойынсұнады, содан кейін сол бағынуын
ақтайды.