Page 97 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

97
Мұның бәрі онымен Потидеяға жорыққа аттанып, соңда бірге тұрғанымызға дейін болған
еді. Ол төзімділігі жағынан менен ғана емес, тіпті жалпы барлығынан да асып
түсетіндігінен бастайын. Жорыққа шыққанда болып тұратынында біздер қоршауда қалып
еріксіз ашыққанда, ұстамдылығы жағынан ешкім де онымен тең келе алмайтын. Ал енді
бәрі де молынан болғанда, жалғыз ол бәрінен рахаттана нәр алуға қабілетті болатын;
ішуге оның соншама зауқы соқпайтынды, ал оны ішуге мәжбүр қылған кезде, ол жұрттың
бәрін де артта қалдыратын, ең таңдандыратыны, ешкім ешқашанда да Сократтың мас
болғанын көрген емес. Бұл, тегі, сөз ыңғайы келген соң айтайын, қазір де расталатын
шығар. Дәл солай ол қысқы суықты да — ал онда қыс қатты болатын — таң қаларлықтай
табандылықпен көтеретін, ал бір рет сұмдық аяз болып, басқалар сыртқа не мүлде
шықпай, не шықса да үсті-басына қаншама киімді бастыра киіп, аяқтарын киізбен, қой
терісімен орап барып шығатын болса, ол мұндай ауа райында өзінің кәдуілгі плащымен-ақ
шығатын және де, басқалар аяқ киімімен болсадағы, оларға қарағанда мұзбен жалаң аяқ -
ақ жеңіл аттап жүре беретін. Жауынгерлер сонда, ол бұларды келемеждеп тұр ғой деп
ойлап, оған көз астымен қарайтын... Алайда, бұл туралы жетер. Енді сол жорық кезінде
оның өжет те қайтпас ердің, ақырында не бастап, не тындырғанын тыңдаңыздар. Бірде
таңертең әлдене туралы ойланып, өз ойларына шомған күйі бір орында қатып қалады да,
ісі алға баспаған соң, ол ізденісін тоқтатпай солай тұра беріпті. Тал түс те болады, ал
мұны көздері көрген адамдар бір-біріне Сократ таңертеңнен бері бір жерде тұрып алып
әлденені ойлап тұр десіп, таң қалысып айтады екен. Ақыр аяғында кешкісін кейбір
ионийлықтар, — ал бұл жазда болған уақиға еді, — салқында ұйықтау үшін және сонымен
бірге Сократты, ол сол жерде түнде де тұра бере ме, жоқ па екенін бақылау үшін, өз төсек-
орындарын далаға шығарады. Ол таң ағарып, Күн шыққанға дейін сол жерде тұрып, сонан
кейін Күнге дұға жасап барып қана кетеді.
Ал оның ұрыста қандай екенін білгілеріңіз келе ме? Мұнда да оған өзіне тиістісін беру
керек. Мені әскери басшылар марапаттаған бір шайқаста мені құтқарған басқа ешкім де
емес, Сократтың өзі: жараланғанымда тастап кеткісі келмеген ол мені және менің қару-
жарағымды да ұрыс алаңынан алып шыққан. Мен сонда да, Сократ, әскери басшылардан
сені марапаттасын деп талап етіп едім, — бұл арада сен мені мұқата да, мен өтірік соғып
тұр деп айта да алмайсың, — бірақ олар менің жоғары лауазымымды ескеріп марапатты
маған таққылары келді, ал сен болсаң, сені емес мені марапаттасын деп, олардан да артық
күш салып тұрып алған болатынсың.
Біздің әскеріміз қашқақтап, Делийден кері шегінгенде, достар, әсіресе сонда Сократқа
қарауға тұрар еді. Мен онда атты әскер қатарында болатынмын. Біздікілер әбден бытырап
тарап кеткенде, ол Лахетпен бірге келе жатқан болатын. Міне сонда мен екеуін
кездестіргенде оларды көре салып, ұнжырғаларың түспесін деп ұрандап, тастап
кетпейтінімді айтқанмын. Міне сонда Сократ өзін маған Потидеядағыдан да артығырақ
жағынан көрсете білді, — мен өзім аттың үстінде болғандықтан қауіпсіздеу жағдайда
едім. Ең алдымен, Лахетке қарағандағы оның ұстамдылығының қаншама артық болғаны.
Және де ол, менің байқағанымдай, онда да дәл мұндағы сияқты, Аристофан, сенің
сөзіңмен айтқанда, "біресе солға, біресе оңға шендесе қарап", яғни алаңсыз достарға да
және жауларға да көз тастап, аяқ басқаны сондай, тіпті алыстан-ақ әркімге де бұл адам,
егер оған тиісе қалсаң, өзін қорғап қала алатыны айқын болғандай еді, сондықтан олар
екеуі де кері шегінуді аман-есен аяқтай алды. Соғыста, өзін осылай ұстай білетіндерге
әдетте тиіспей, жан-жағына қарамай қашқандарды қудалайды ғой.
Сократқа деген мақтау сөзде оның басқа да көптеген таңқаларлық қасиеттерін атауға
болады. Бірақ оны-мұны, тегі, басқа біреулер туралы да айтуға болар, ал оның басқа
адамдардың ешқайсына да, бұрынғыларға да немесе қазір де барларға да, ұқсамайтыны, —
міне ең таңқаларлығы осы. Ахиллмен, мысалы, Брасидты және басқаларды, Периклмен