96
тұрған ақымақтық болар еді: егер де менің мүлкіме не менің достарыма құштар
болсаң, мен бас тартпас едім ғой. Мен үшін жан-жақты жетілуге қол жеткізуден артқан
ештеңе жоқ, ал мұнда, менің ойымша, сенен артық ешкім де маған көмектесе алмайды.
Міне сол, егер де мен мұндай адамға берілуден бас тартсам, онда оған беріліп ақымақ
жұртшылықтан ұялғанға қарағанда, зиялы адамдар алдында әлдеқайда көп ұятқа қалар
едім.
Бұған ол өзінің әншейінгі қушыгештігіне салынып, былай деп жауап берді:
Қымбатты менің Алкивиадым, байқаймын, егер де сенің мен туралы айтқаның шын
болып, расында да менде сенің мейірбандылығыңды арттыратындай әлдебір күш
жасырынып жатса, — яғни, егер сен менен сенің сүйкімділігіңнен мүлде айрықша
әлдебір таңқаларлық сұлулықты байқасаң, онда сен шынында да ақымақ емес екенсің.
Солай міне, егер соны көріп менімен қарым-қатынасқа түсуге, сөйтіп сұлулықты
сұлулыққа алмастыруға ұмтылатын болсаң, — яғни онда сен маған қарағанда
әлдеқайда көбірек пайда таппақсың, сұлу болып көрінетіннің бағасына шынайы
сұлулықты алмастырып алғың келеді, сөйтіп шынымен-ақ мысты алтынға алмастырып
алғың келеді екен. Алайда, қарағым, менің түкке де тұрғысыздығым саған көрінбей
қалмас үшін, сен маған жақсылап тұрып көзіңді салшы. Көз өз қырағылығын
жоғалтқан сайын пайымның көруі арта түседі, ал саған бұған дейін әлі алыс қой.
Мұнысына мен былай деп жауап бердім:
Ал жарайды, мен қайткенде де ойымдағымды айттым. Ал, сеніңше, маған да саған
да қайткенде жақсы болатынын сен өзің-ақ шешерсің.
Міне, мұның дұрыс, — деді ол. — Бұдан былай да бұл істе де, барлық
басқаларында да біз алдымен кеңесіп барып, тек содан кейін ғана бізге жақсы
көрінетінін істейтін боламыз.
Онымен осылай сөйлескеннен соң, менің айтқан сөздерім оған мірдің оғынан да жаман
тигендей болып елестеді маған. Мен тұрып, қыстың күні болғандықтан үстіме мына
өзімнің гиматийімді жамылдым да, оның сөзге келуіне де мұрша берместен, тозығы
жеткен плащының астына кіріп, осынау шынында да құдай дерлік, таңқаларлық адамды
қос қолдап тұрып құшақтап алып, түні бойы осылай жатып шықтым. Бұл жолы да, Сократ,
мені өтірікші деп тағы да айта алмайсың. Мінеки, менің осылай бар күш салуыма
қарамастан гүл жарған сұлулығымды да көзіне де ілмей жиіркенішпен күлкіге жығып,
тағы да ол үстем шықты. Ал мен болсам, менің сұлулығым әлденеге татиды ғой деп
ойлайтынмын, төрешілер, — иә, иә, Сократтың менмендігіне төрелік айтушылар, —
өйткені, сіздерге барлық құдайлар мен құдайшалар атынан ант беремін, түні бойы
Сократпен бірге ұйықтап шықсам да, дәл әкеммен немесе үлкен ағаммен ұйықтағандай
болып тұрдым.
Бұдан кейін, егер бір жағынан, мені реніш сезімі бөлінсе, ал екінші жағынан, —
ақылының күші мен ұстамдылығы бойынша оған теңді бұған дейін ешқашан да
кездестірем деген ойыма да келмеген бұл адамның мінезіне, парасаттылығына және ерлік
қылығына таң-тамаша болсам, менің көңіл-күйім, сіздерше, қандай болмақ? Мен оған
ашулана да, оның қоғамынан бас тарта да алмадым, ал оны өзіме басыбайлы қылу тәсілі
менде болмады. Оны ақшаға сатып алу Аяксты семсермен жаралаудан да қиын екенін мен
жақсы білетінмін, ал мен оны торға түсірудің бірден-бір өзім үміттенген амалын
жұмсағанымда, ол менен тайқып кетті. Менің еш таянышсыз және абыржып - сасып
қалғаным сондай, ол мені ешкімнің ешқашан да қолынан келмегеніндей қылып
бағындырып алды.