92
Ау Геракл, бұл дегенің не өзі? Бұл сенбісің, Сократ! Мұнда да сен маған тосқауыл
құрыпсың ғой. Сенің әдетің ғой бұл — сені көрермін-ау деп ойламаған жерден сен
кенет табыла кетесің. Не үшін сен келе қалдың бұл жолы? Не себепті сен
Аристофанның немесе күлегеш әлде күлдіргіш басқа біреудің қасында емес, дәл
осында, жиналғандардың бәрінің арасындағы ең сұлуының қасына жайғаса қалғансың?
Сонда Сократ былай деді:
Мені қорғап бақшы, Агафон, әйтпесе мынау кісінің махаббаты мен үшін әзілге
жатпайтын іске айналып барады. Мен оған ғашық болған кезден бастап, маған сұлу
жасөспірімге көз тастауға, әлдебір сұлу жігітпен әңгімелесуге болмай қалды, өйткені
бұлай етсем Алкивиадтың асау қызғанышы қозып, істемегенді істейді, ол менімен
ұрысысып, қол жұмсауға дейін барады. Байқашы, ол қазір де бірдеңені бүлдірмесін,
бізді татуластыршы, ал егер ол күшке басса, мені арашаламасаң болмайды, өйткені
мен бұл кісінің ессіз ғашық бола қалғыштығынан еш қалжыңсыз қорқамын.
Жоқ,— деді Алкивиад, — екеуміздің арамызда татуластықтың болуы мүмкін емес,
бірақ бүгінгінің сазайын мен саған басқа жолы берермін. Ал қазір, Агафон, — деп
жалғастырды ол, — сенің басыңдағы ленталардың бір байламын бұл таңқаларлық
басты да әшекейлеуге маған берші, оның иесі сені әшекейледі, ал өз сөзімен сен
сияқты алдыңғы күні ғана емес, әрдайым жеңіп жүрген оны әшекейлемеді деп маған
өкпелемес үшін.
Содан кейін бірнеше ленталарды алып, ол Сократты әшекейледі де, столға жайғасты. Ал
жайғасқан соң былай деді:
Әй, достар, сіздер, байқаймын, масаймапсыздар да. Бұлай жарамайды, ішу керек,
біз солай деп уағдаласқанбыз. Сіздер жақсылап ішіп алғанша, думанды мен
басқаратын боламын. Сонымен, табылса шарап ішуге үлкенірек шиша әкелінсін деп
Агафон бұйырсыншы. Ойпырым-ай, керегі жоқ: одан да, әй бала, анау суытқыш
шишаны әперші, — деді ол, оған артығымен 8 котила сыятынын байқап қалып.
Оны толтырып тұрып алдымен өзі ішті, ал сонан соң Сократқа құйындар деп бұйырып,
былай деді:
Достар, Сократқа бұл менің әрекетім ештеңе де емес. Оған қанша бұйырсаң да, ол
ішіп салады және түк масаймайды да.
Бала шишаны толтырып еді, Сократ ішіп салды. Сонда Эриксимах:
Мұның не, Алкивиад? Біз не құр шөлімізді қандырғанша ішіп, әңгімелеспейтін де,
өлең де айтпайтын болғанымыз ба? — деді.
Ау, Эриксимах, аса құрметті де байыпты әкенің өзіне лайықты баласы! Амансың
ба, Эриксимах, — деп жауап қатты Алкивиад.
Есен - саумысың, есен - саумысың, — деді Эриксимах. — Бірақ біз қалай
болмақпыз?
Сенің бұйырғаның болсын. Сені тыңдауымыз керек қой. Бір епті сауықтырушы көп
адамға тұрады.
Қалауың - ақ болсыншы, бұйыра бер.
Онда тыңдап бақ, — деді Эриксимах. — Сен келгенше біз әрқайсымыз кезекпен,
оңнан бастап, Эрот жөнінде жақсылап тұрып сөз айтып, оны мадақтаймыз деп шешкен
болатынбыз. Міне, біз бәріміз өзіміздікін айтып болдық. Сен болсаң, ішуін ішіп алдың,