Page 91 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

91
андап қана, ол ізгіліктің елестерін емес ақиқат ізгілікті туғыза алатынын сен шынында да
түсінбейсің бе? Ал кімде-кім ақиқат ізгілікті туып, оны баурап өсірсе, оның үлесіне
құдайлардың махаббаты тиеді, және де егер адамдардың әлдебіреуі бейөлімді бола алатын
болса, онда дәл сол болады.
Міне осы — иә саған да, Федр, басқаларыңызға да белгілі болсын — Диотиманың маған
айтқаны, және мен оған сенемін. Ал оған сене отырып, мен басқаларды да адам
табиғатының осындай үлеске деген ұмтылысында Эроттан артық көмекші табылуы
екіталай екеніне сендіруге тырысамын. Сондықтан мен бәрі де Эротты қастерлеуі тиіс деп
ұйғарамын, сөйтіп өзім оның қожалықтарын құрмет тұтатынның бірі бола отырып және
соған мейлінше қатынаса жүріп, мен басқаларға да менің үлгіме ілесіңдер деп кеңес
беремін және де қолымнан келгенше Эроттың күш-қуаты мен батылдығының даңқын елге
жаямын.
Егер қаласаң, Федр, бұл сөзімді Эротқа деген мақтау сөз деп сана, ал болмаса, оны қалай
атасаң да өз еркінде.
Сократ сөзін аяқтағанда бәрі де оны мақтай бастады, ал Аристофан, Сократ өз сөзінде
оның сөзінің бір жерін еске салғандықтан, бірдеңе айтпақ болып бақты. Кенеттен сыртқы
есікті біреулер қатты қағып, бір топ серуеншілер келгендей болды, сырнайдың дауысы
естілді.
Әй, қызметшілер, қараңдаршы кім келгенін, егер өзіміздің біреулер болса,
кіргізіңдер. Ал егер басқа біреулер болса, біз ішуді қойғанбыз, дем алып жатырмыз деп
айтыңдар,— деді Агафон. Біраздан соң ауладан Агафонды сұрап, соған апаруды талап
еткен шылқи мас Алкивиадтың айқайлаған дауысы естілді. Қолтығынан демеген
сыбызғышы әйел мен жанындағы басқа да серіктерімен бірге оны бұларға алып
келгенде, басында плющ пен шегіргүлден құралған, түрлі-түсті ленталармен
көмкерілген сәнді тажы бар ол, есіктен кіре сала былай деді:
Амансыздар ма, достар! Орталарыңа өте мас адамды аласыздар ма, әлде біз кетейік
пе? Бірақ ең алдымен біз Агафонға таж кигізуге тиіспіз, біз соған бола келдік қой!
Кеше мен келе алмадым, — деп жалғастырды ол, — орнына қазір келіп тұрмын, мен
басымдағы ленталы тажды шешіп, ең дана және сұлу деген басты әшекейлеймін. Мен
мас болғандықтан сіздер маған күлесіздер ғой? Жарайды, күле беріңіздер, менікі
дұрыс екенін бәрібір мен жақсы білемін. Алайда бірден айтыңдаршы, мен осындай
шарттармен кірейін бе әлде кірмегенім дұрысырақ па? Сіздер менімен ішесіздер ме
әлде ішпейсіздер ме
Бәрі де шуласып, оны кіріп столға жайғасуға шақырды, Агафон да оны шақырысты.
Сонда ол құлдарының қолтықтауымен кіріп, бірден басындағы ленталы тажды Агафонға
кигізу үшін шеше бастады, ленталар оның көзін тасалап, сондықтан Сократты көрмей,
Агафонның қасына, Агафон мен әрі жылжыған Сократтың ортасына отырды. Агафонның
қасына отырып алып, оны бетінен сүйіп, басына таж кигізді.
Қызметшілер, Алкивиадтың аяқ киімін шешіңдер, ол біздің қасымызға үшінші
болып жайғассын, - деді сонда Агафон.
Ризашылықпен, — деді Алкивиад, — алайда біздің үшінші дәмдесіміз кім екен?
Ол бұрылып қарап, Сократты көріп, оны таныған соң ұшып тұрып, былай деп лепірді: