Page 9 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

9
қасиеттердің білгірі кім деп ойлайсың? Ұлдарың болған соң сен бүл жөнінде, әрине,
ойландың ғой. Сондай адам бар ма?— деп сұрадым.
Әрине, бар.
Ол кім? Қай жақтан және дәрісі үшін қанша ақы алады?
Ол Эвен, — деді Каллий, Паростан, ал ақысына, Сократ, бес минадан алады. Егер
оның шынында осындай өнері бар болса және ол үшін осынша арзан ақы алса, шіркін
Эвен қандай бақытты деп ойладым, ондай өнерім болса, мен де мақтаныштан шіреніп
жүрген болар едім, бірақ, афиналық ағайын, ол өнерден мен мақрұммын ғой.
Бәлкім, бәз біреулеріңіз: "Дегенмен, Сократ, сен осы немен айналысасың? Сені не
үшін кінәлайды? Көпшіліктің айналысатын істерінің біреуімен айналыссаң, барлық
нәрсеге көпшілік сияқты қатынас жасасаң осынша өсек пен лақап болар ма еді?
Айтшы бізге, осының себебі не? Ол жөнінде біз босқа бас қатырмайық" дерсіздер.
Тап осы, меніңше, дұрыс сауал, сондықтан мен жұртшылыққа қалай белгілі
болдым, әрі маған деген жала пікірлердің өрістеуінің себебі неде, — осыны түсіндіруге
тырысайын. Тыңдаңыздар. Егер, кейбіреулеріңізге менің сөзім қалжың сияқты көрінер,
бірақ, иланыңыздар, мен тек шындықты айтамын.
Мен, Афина жұртшылығы, белгілі бір даналық арқылы көзге түстім және
кейбіреулердің көзіне шыққан сүйелдей болдым. Ол қай даналық? Ол даналық әр
адамға тән болуы ықтимал. Менде, сірә, сол даналық бар ғой деймін, ал осының
алдында ғана мен айтқан адамдар адамдар даналығынан жоғары бір айрықша
даналыққа ие болар, оны мен қалай атауын да білмеймін және өзін түсінбеймін де. Ал
егер маған соңғы даналықты жапсырса, онда ол маған жала жабушылық.
Афиналық ағайын, менің сөздерім тым астамшылық болып көрінсе де, шуламай
шыдаңыздаршы. Мен өз атымнан шықпай-ақ қояйын. Өздеріңіз сенетін біреуге
жүгінейік. Егер менде бір даналық болса, оған куә Дельфа құдайы. Сіздер Херофонтты
білесіздер ғой, ол жасынан менімен және сіздердің біраздарыңызбен дос, сіздермен
бірге қуғында болып, бірге қайтып оралды. Не істесе де, тосынды білмеуші еді. Бірде
ол Дельфаға келіп, ондағы жаршыға (оракул) сұрақ беруден де тайынбапты...
Афина тұрғындары, тағы да айтам, даурықпаңыздар!
...Сөйтіп Херофонт дүниеде Сократтан дана адам бар ма деп сұрапты, ал Пифия одан дана
адам жоқ деген. Херофонттың өзі дүние салып кетсе де, арамызда оның бауыры бар, тап
осылай болды ма, жоқ па, ол куәлік ете алады. Мен мұны не үшін айтып тұр дейсіз, маған
жала қайдан өршіді, соны түсіндіргім келіп тұр.
Осыны естідім де өзімнен өзім ойға қалдым: "Құдай бұл сөздермен не айтқысы келді?
Өйткені менде өзімді дана екенмін - ау деген ой жоқ еді. Мені бәрінен де дана деп қай
мағынада айтты? Ол, әрине, өтірік айтпауға тиіс, құдайға ол лайық емес қой!" Ұзақ
толғаныстан кейін көңілім онша қаламаса да мынандай бір шешімге тоқтадым:
даналардың санатында жүретін адамдардың біреуіне бардым, ондағы ойым: бұл адам, сөз
жоқ, менен гөрі даналау, солай болып шықса, мен көріпкелдің (оракулдың) көрегендігінің
қате екендігін көрсетейін деп. Ол мемлекет адамдарының бірі еді,— оның есімін айтудың
қажеттігі жоқ, — сонымен ол кісімен әңгімелескеннен кейін, афиналық ағайын, мен бұл
кісі көп адамдарға, әсіресе, өзіне дана сияқты көрінгенмен, шындығында тіпті де дана
еместігіне көзім жетті. Содан кейін мен оның данамын деген сенімін сейілтуге тырысып
көрдім. Бірақ сол үшін оның өзі де және сонда болған басқалар да маған өшігіп кетті.
Одан кеткен соң мен өзіммен өзім сұхбаттасып: бүл адамнан гөрі мен даналаумын - ау,
себебі ол да, мен де аса құнды, әрі мәнді ешнәрсені білмейміз, бірақ, ол білмейтіндігін
білмейді, білмей тұрып-ақ білген болып менменсиді, ал мен білмейтіндігімді білемін,
білмей тұрып дандайсымаймын деген тұжырымға бекідім. Оған қарағанда менің білетінім