Page 10 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

10
осы ғана, әрине, мардымсыз, әйтсе де белгілі бір артықшылық қой. Кейінірек алғашқыдан
да гөрі даналау деп танылған тағы бір кісіге жолықтым, онда да солай болды, ол да және
басқалар да мені жек көріп кетті. Бұдан кейін тіпті ешкімді қалдырмай ұдайы осылай етіп
жүрдім. Мені жек көретіндердің көбейіп бара жатқанын да байқадым, қынжылдым да,
қорықтым да, бірақ оракулдың сөзіне илану, оны тіпті орындау бәрінен де биік қой деп
ойладым. Оракулдың сөзінің мәнін ұғыну үшін мен бірдеңе біледі деген адамдардың
бәрімен де жолығып ада ғып шығуым керек болды. Бәрін айт та, бірін айт, алған әсерімді
айтсам, афиналық ағайын, өтірік болса ит болып кетейін, ол мынандай: ең дана деп
жүргендеріміз тіпті ақыл-естен мақрұм ба деп қалдым, ал олардан гөрі даналығы кемістеу
деп жүргендер алғашқылардан дарындылау көрінді. Бірақ осы даналарға шеру тартқан
сапарымды түгелдеу айтуым керек.
Мемлекет қызметіндегілерден соң мен ақындарға ауытым — трагедия да, дифирамба да
т.б. жазатындарға. Ақындардан гөрі мен надандау болармын - ау деген үмітпен. Мен
олардың ең жетік деген шығармаларын алып, олардан мұнда сіз не айтқыңыз келді деп
сұрадым. Айтуға ұят, ағайын, бірақ айтпасқа болмайды. Олардан гөрі тіпті сонда
болғандардың бәрі дерлік олардың шығармасын өздерінен жақсырақ түсіндіретін болып
шықты. Көп ұзамай-ақ мен ақындардың дана болғандығынан емес, басқа бір табиғи
қабілетіне орай шығарма жасайтындығына көзім жетті. Ол қабілет бақсы-балгерлерде,
көріпкелдерде болатын жын шақыру, арқасы ұстау сынды нәрсе болса керек.
Шығармашылық сәтте ақындар да осындай күйде болады – ау деймін. Себебі алғашқылар
да жақсы нәрселерді айтады ғой, бірақ, не айтып тұрғанына есеп бере алмайды. Бірақ,
ақындық дарынына байланысты жырды ғана емес, барлық нәрсені де білемін деп, олар
өзін даналардың данасындай сезінеді. Ақындардан да мен мемлекет адамдарынан сияқты,
болмашы болса да сол бір артықшылығым бар екен деп кеттім.
Ақырында қол еңбегімен айналысатындарға бардым. Өз басым қолымнан ешнәрсе
келмейтінін білемін, сондықтан қолөнершілердің ішінде көп жақсы нәрселерді
білетіндерге жолығамын деп сендім және ол қақында қателескен де жоқпын. Шынында
менің қолымнан келмейтін көп нәрсе шеберлердің қолынан келеді, бұл тұста олар, әрине,
менен гөрі даналау. Солай болса да, ақындарда бар ағаттық, бұларда ми бар сияқты
көрінді. Олардың әрқайсысы өз ісінде ғана емес, басқа да барлық, тіпті ең маңызды
істерде де өзін данамын деп есептейді және осындай адасушылық олардың шын
даналығын да көмескілеп кетеді. Сондықтан да, оракулдың сөзін ақтайын деп, мен
өзімнен: саған қайсысы дұрыс — олардың даналығымен дана, соқырлығымен соқыр
болмай, өзің қандай болсаң, сол күйіңде қалу ма, әлде олар сияқты әрі дана, әрі надан болу
ма? Әрине, қандай болсам, сол күйімде қалғаным жөн деп ойладым.
Осындай сынақтың нәтижесі сол — мені өте жек көрушілер көбейді, мен жөнінде жала да
өршіді, екінші жағынан, ондай сөз сайыстарына қатысатындар маған да дана деген атақ
бере бастады: егер біреудің дана еместігін дәлелдейтін болсаң, онда өзіңнің дана
болғаның.
Ал шынына келсек, нағыз дана құдай, себебі ол жаңағы оракулға айтқан сөзінде, меніңше,
былай деп тұр: адамдардың даналығы мардымсыз, тіпті түкке де тұрмайды, ал менің
атымды тек мысал ретінде ғана айтқан, яғни: "адамдардың ішінде Сократ сияқты өз
даналығының түкке де тұрмайтынын білетіндер ғана дана".
Мен әлі де сол дана, не білікті санатында жүргендерді сынаумен ел кезудемін: өз
елімізден болсын, шет жұрттан болсын құдайдың сөзінің растығын анықтау үшін әр сынға
түскенді оның дана еместігін халайыққа көрсетудемін. Сондықтан да коп жұрттың