Page 86 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

86
Ал егер "әдемілік" деген сөзді "игілік" деген сөзбен ауыстырып: "Айтшы, Сократ,
игілікті сүйетін адам нені тілейді?" — деп сұрасақ сенен.
Игілік оның еншісіне айналғанын, — деп жауап бердім мен.
Ал игілік еншісіне айналған адамға не қосылады?
Бұған, — дедім мен, — жауап беру оңайырақ. Ол бақытты болады.
Дұрыс, бақыттылар игілікті иемденгендіктен бақытты болады,— деп қостады ол.
— Ал бақытты болғысы келетіннен ол не себепті бақытты болғысы келетінін сұраудың
керегі жоқ. Сенің жауабыңнан кейін бұл сұрақ, байқауымша, тамамдалған сияқты.
Сенікі дұрыс, — деп келісім білдірдім.
Ал енді, осы тілек пен осы махаббат, сеніңше, барлық адамдарға да тән бе және де
олар әрқашан өздеріне игілік тілейді ме, сеніңше?
Иә, — деп жауап бердім мен. — Бұл бәріне де тән.
Ал егер бәрі және әрқашан бір нәрсені сүйетін болса, — деді ол, — онда, Сократ, не
себепті біз бәрі туралы олар сүйеді деп айтпаймыз, ал біреулері туралы солай дейміз,
ал басқалары туралы — жоқ?
Мен өзім де бұған таңғаламын, — деп жауап бердім мен.
Таңғалмай-ақ қой, — деді ол. — Біздер махаббаттың әлдебір бір түрін аламыз да,
жалпы ұғымның атауын соған бекітіп беріп, соны ғана махаббат дейміз, ал басқа
түрлерін басқаша атаймыз.
Мысалы? — деп сұрадым мен.
Мархабат, — деп жауап берді ол. — Шығармашылық — кең ұғым екенін сен
білесің. Болмыс еместен болмысқа өтуді тудыратынның бәрі шығармашылық және,
демек, өнер мен кәсіптің кез-келген туындыларын жасауды шығармашылық, ал барлық
жасаушыларды — олардың жасампаздары деп атауға болады.
Әбден дұрыс, — деп келістім мен.
Алайда, — деп жалғастырды ол сөзін, — олар жасампаздар деп аталмайтынын,
басқаша айтылатынын сен білесің, өйткені шығармашылықтың барлық түрлерінің
ішінен бір саласы — саз бен өлең шығару саласы — бөлініп алынып,
"шығармашылық" деген атауды сол салаға ғана қатыстыру қабылданған. Сол ғана
шығармашылық делінеді, ал тек сонымен ғана айналысатындарды жасампаз - ақындар
деп атайды.
Әбден дұрыс, — деп келісе кеттім мен.
Махаббатпен де дәл солай. Шындығында, игілік пен бақыт тілеудің қай-қайсысы да
— бұл кімге де болсын ұлы әрі зұлым махаббат. Алайда оның пайдакүнемдік, дене
жаттығуларына деген махаббат, даналыққа деген махаббат сияқты түрлеріне
берілгендер туралы олар сүйеді немесе олар ғашық деп айтпайды, — тек махаббаттың
белгілі бір түрімен ғана айналысып, соның соңына түскендерге ғана "махаббат", "сүю"
және "ғашықтар" сияқты жалпы атаулар қолданылады.
Бәлки, бұл шындық, — дедім мен.
Кейбіреулер, — деп жалғастырды сөзін ол, — сүю дегеніміз өз жартыңды іздестіру
дегенді айтады. Менің айтуымша, жарты да, тұтас та, егер ол, достым менің, әлдебір
игілікке жатпаса, махаббатты тудырмайды. Адамдар қолдары мен аяқтарын, егер өз
денесінің бұл бөліктері оларға жарамсыз болып көрінсе, кесіп тастағанын тілейді.
Адамдар өзінікін болғаны үшін ғана бағаламайды ғой, егер, әрине, барлық жақсыны
өзімдікі және өзіме туыстас деп, ал барлық жаманды — бөтендікі деп санамаса, жоқ,
олар тек жақсыны сүйеді. Ал сен қалай ойлайсың?
Мен де солай ойлаймын, — деп жауап бердім мен.
Сондықтан да адамдар жай ғана игілікті сүйеді деп айтуға болмай ма?
Болады, — деп жауап бердім мен.