Page 85 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

85
құдайшаның тууы тойында ұрықталды ғой; одан әрі ол өз табиғатынан сұлулықты сүйеді:
Афродита сұлу ғой. Порос пен Пенияның ұлы болғандықтан оның жай-жапсары былай: ең
алдымен ол әрқашан да кедей және, кең тараған пікірге кереғар, ол мүлде сұлу да, нәзік те
емес, қайта дөрекі, сырт пішіні тұрпайы, жалаң аяқ және үйсіз; ол құр жерге жата кетеді,
ашық аспанның астында, есіктің қасында, көшеде және, өз анасының шынайы ұлы
болғандықтан, мұқтаждықтан көз жазған емес. Бірақ екінші жағынан, ол әкесінше
әдемілікке және мүлтіксіз жетілгендікке ұмтылады, ол ержүрек, батыл және күшті, ол
құрар айла-амалы таусылмастай епті саятшы, ол парасаттылыққа ұмтылады және оған
жетеді де, ол өмір бойы философиямен айналысады, ол епті сиқыршы, көз байлаушы және
софист. Өз табиғаты бойынша ол өлмейтұғын да, өлетұғын да емес: сол бір күннің ішінде
бірде, егер де ісі өнсе, жанданып, гүлдей жайнап өмір сүреді, бірде өледі, бірақ әкесінің
табиғатына тартып, қайтадан тіріледі. Оның қолына түскеннің бәрі де құрдымға кетеді,
сол себепті Эрот ешқашан бай да емес, кедей де емес.
Ол сондай-ақ даналық пен надандық ортасында орналасқан, және де мына себепті.
Құдайлардан ешкім де философиямен айналыспайды және дана болғылары келмейді,
өйткені құдайлар онсыз да дана болып табылады, жалпы кімде-кім дана болса, ол
даналыққа ұмтылмайды ғой. Бірақ та надандар да философиямен айналыспайды және дана
болуын тілемейді. Надандықтың жамандығының өзі де сонда: әдемі де емес, мүлтіксіз
жетілген де емес, ақылды да емес адам өзді-өзіне әбден риза болып жүре береді. Ал кімде-
кім бірдеңеге мұқтажбын деп есептемесе, оныңа мұқтаж еместі ол тілемейді де.
Ал сонда, Диотима, — деп сұрадым мен, — кім ғана даналыққа ұмтылады, егер
даналар да, надандар да философиямен айналыспайтын болса?
Балаға да анық, — деп жауап берді ол, — даналар мен надандар ортасында
тұрғандар онымен айналысады, ал Эрот соларға жатады. Даналық — бұл жарық
дүниедегі ең әдемі игілік болып табылады ғой, ал Эрот — бұл әдемілікке деген
махаббат, сондықтан Эрот философ, яғни даналықты сүюші болмай қоймайды, ал
философ дана мен надан арасындағы аралық жағдайда болады. Ол мұнысымен тағы да
өзінің шығу тегіне борышты: оның әкесі дана және бай болған да, анасы даналықтан
да, байлықтан да жұрдай екен. Бұл данышпанның табиғаты, Сократ, осындай. Ал Эрот
туралы сенің пікіріңе келсек, онда соншалықты таң қаларлықтай ештеңе жоқ. Сенің
сөзіңе қарағанда, сен Эротты сүюші бастама емес, ол махаббат нәрсесі деп есептеген
сыңайлысың. Сондықтан да, мен ойлаймын, Эрот саған соншама әдемі болып
көрінген. Махаббат нәрсесі шынында да әрі әдемі, әрі нәзік, әрі мүлтіксіз
жетілгендікке толы, әрі қызғанышқа лайықты ғой. Ал сүюші бастаманың пішіні
басқадай болады, жуықтап алғанда, мен қазір суреттегендей.
Сонда мен оған былай дедім:
Жарайды, солай-ақ болсын, жат жерлік шырағым, сен әдемі-ақ айттың. Бірақ егер
Эрот соңдай болса, одан адамдарға қандай пайда?
Ал мұны, Сократ, — деді ол, — мен қазір саған түсіндіріп беруге тырысайын.
Сонымен, саған Эроттың қасиеттері мен шығу тегі белгілі, ал ол, өзі сен айтпақшы,
әдемілікке деген махаббат екен. Ал енді егер де бізден: "Сократ және Диотима,
әдемілікке деген махаббат ол не?"— деп, немесе, дәлірек айтқанда: "Әдемілікті сүйетін
адам нені тілейді?" — деп сұраса ше.
Әдемілік оның еншісіне айналғанын, — деп жауап бердім мен.
Бірақ сенің жауабың, — деді ол, — өзінен кейін келесі: "Әдемілік еншісіне тиген
адамға не қосылады?" деген сұрақты тудырады.
Мұндай сұраққа бірден жауап бере алмаймын дедім мен.