Page 83 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

83
Ал сен, Агафон, шынында да кереметтей сөйледің ғой. Бірақ сен тағы мынаны
айтшы. Мейірбандылыққа әдемілік тән болып көрінбей ме саған?
Көрінеді.
Бірақ егер Эрот әдемілікке мұқтаж болса, ал мейірбандылыққа әдемілік тән, онда
ол, демек, мейірбандылыққа да мұқтаж болғаны ғой.
Менің, - деді Агафон, — сенімен, Сократ, айтысуға әлім келмейді. Сеніңше-ақ
болсыншы.
Жоқ, айналайын Агафоным менің, сенің әлің ақиқатпен айтысуға келмейді, ал
Сократпен айтысу соншалықты қиын іс емес.
Бірақ мен енді сенің тынышыңды алмаймын. Мен Эрот туралы естіген бір сөзді сіздерге
жеткізуге тырысайын. Бұл сөзді мен әлдеқашан бір мантинеяндық Диотима деген бұдан
да, басқадан да өте хабардар әйелден, ал бұл әйелдің бірде Афины тұрғындары үшін оба
ауруының алдын алу мақсатында құрбандық шалу кезінде бүл ауруды он жылға
кешеуілдету қолынан келген, — ал менің махаббат жөнінде көзімді ашқан да осы Диотима
болатын, — осылай міне, осы әйелдің сөзін Агафонмен жаңа ғана келіскенімізге сүйене
отырып, әлім келгенше өз сөзіммен жеткізейін. Сонымен, Агафон, сенің үлгіңе сала
отырып, алдымен Эроттың кім екенін және оның қасиеттерінің қандай екенін, ал тек содан
кейін ғана істерінің қандай екенін айқындау керек. Ал мұны анықтаудың ең жеңіл жолы,
менің байқауымша, сол бөтен әйел әлдеқашан жасағандай жасауда, ал ол маған сұрақтан
кейін сұрақты жаудырған еді. Эрот - ол ұлы құдай, ол әдемілікке деген махаббат деп, қазір
маған Агафон айтқанды, мен сонда жуықтап оған айтқанмын. Ал ол қазір мен Агафонға
қандай дәлелдемелер келтірсем сондай дәлелдемелермен Эроттың, менің айтқандарыма
керағар, мүлде әдемі емес және тіптен де қайрымды емес екенін маған дәлелдеп берген.
Міне сонда менің одан сұрағаным:
Сен не деп тұрсың, Диотима? Яғни, Эрот сұрықсыз және сұмырай болғаны ма?
Ал ол былай деп жауап берді:
Құдайға тіл тигізбе! Сеніңше, әдемі болмаған нәрсе тұп-тура сұрықсыз болуға тиіс
пе, қалай?
Әрине.
Ал сонда данаға жатпаған тұп-тура надандыққа жатуы керек пе? Даналық пен
надандықтың арасында әлдебір орташаның бар екенін сен байқамап па едің?
Ол не?
Онда, дұрыс болғанымен түсіндірме арқылы бекітілмеген пікірді білім деп атауға
болмайтыны, саған беймәлім болғаны ғой? Егер түсіндірмесі болмаса, білім білім бола
ма? Бірақ бұл надандық та емес. Ал егер бұл расында бар нәрсеге сәйкес келіп жатса,
онда ол надандыққа жата ма? Тегі, анық елес — бұл түсінік пен надандықтың
арасындағы орташа бірдеңе.
Сенікі дұрыс, — дедім мен.
Ал олай болса, әдемі еместің бәрі сұрықсыз, қайрымды еместің бәрі жауыздық деп
қатып қалма. Және де Эрот әдемі емес және сол сияқты қайрымды емес деп
мойындағаннан соң, ол сұрықсыз және жауыз деп ойлама, ол осы кереғарлықтардың
орта тұсында тұр деп сана.
Дегенмен де, — деп қайырдым мен, — барлығы да оны ұлы құдай деп
мойындайды.
Сен кімді айтып тұрсың — барлық хабары жоқтарды ма әлде сол сияқты
хабардарларды да ма?
Жалпы барлығын.