Page 82 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

82
Өте жақсы жауап. Сонымен, мысалы, бойы биік биік боламын, ал күшті күшті
боламын деп тіленер ме еді?
Біз бұл мүмкін емес деп келісіп едік қой. Бүл сапаларға ие болғандарға олар
жеткіліксіздік танытпайды ғой.
Дұрыс. Ал егер, дегенмен, — деп жалғастырды сөзін Сократ, — күштінің күшті
болғысы, ептінің епті, дені саудың дені сау және т.с.с болғысы келсе ше? Бұл
жағдайда, әлбетте, әлден белгілі бір қасиеттерге ие адамдар өздері ие болып
отырғанның дәл өзі қалап отыр деп ойлауға болады. Міне осылай, ешқандай да
түсінбестік болмас үшін, мен бұл жағдайды да қарастырамын. Егер пайымға салсақ,
Агафон, онда бұл адамдар қажетті түрде айтулы қасиеттерге қазірдің өзінде ие болуға
тиіс қой — қалайша тағы да оларды тілейді екен? Ал мұндағы іс міне мынада. Егер
әлдекім: "Менің денім сау, бірақ денімнің сау бола бергенін тілеймін, мен баймын,
бірақ бай бола бергенді тілеймін, яғни ие болып отырғанымды тілеймін", — десе, біз:
"Сен, қымбаттым, байлыққа, денсаулыққа және күшке ие бола отырып, оларға
болашақта да ие болғың келеді, өйткені қазіргі уақытта сен мұның бәріне болсын-
болмасын иесің. Сондықтан: "Мен менде барды тілеймін", — дей отырып, мәнісінде:
"Менде қазір бар нәрсе болашақта да менде болсын деп тілеймін", - дейсің деп айтуға
құқылымыз. Ол бізбен келісер ме еді?
Агафон келісер еді деп жауап берді. Сонда Сократ былай деді:
Егер сен қазір сенде барды болашақта сақтап қалғың келетін болса, онда бұл сенде
әлі жоқты және сен әлі иеленбегенді сүю болып табылмай ма, ә?
Әрине, болып табылады, — деп жауап берді Агафон.
Демек, бұл адам да, кез-келген басқа да бетпе-бет жоқты, оның иелігінде
болмағанды, оның өзі еместі және мұқтаж тұтатынды тілейді, және де махаббат пен
тіленішті тудыратын нәрселер дәл осындай емес пе?
Иә, әрине, — деп жауап берді Агафон.
Ал енді, — деп жалғастырды Сократ, — айтылғанның қорытындысын шығарайық.
Сонымен, біріншіден, Эрот дегеніміз әрқашан біреуге немесе бірдеңеге деген
махаббат, ал екіншіден, өзің мұқтаж тұтатын нәрсе — махаббаттың нәрсесі болмақ,
солай емес пе?
Иә, — деп жауап берді Агафон.
Бұған қоса, өз сөзінде сен Эротты не нәрсеге деген махаббат?— деп атағаныңды
есіңе алшы. Керек болса, мен сенің есіңе салайын. Меніңше, сен құдайлардың істері
әдемілікке деген махаббат арқасында тәртіпке енді, өйткені, тегі, сұрықсыздыққа деген
махаббат болмайды ғой дегендей болдың. Сенің сөздеріңнің мағынасы осындай емес
пе еді?
Иә, дәл солай, — деп жауап берді Агафон.
Және де бұл әбден әділ айтылды, достым менің, — деп жалғастырды Сократ. —
Бірақ Эрот — сұрықсыздыққа емес, сұлулыққа деген махаббат болып шықпай ма?
Агафон мұнымен де келісті.
Ал әркім өзі мұқтаж тұтатынды және өзінде жоқты сүйеді дегенмен біз келісер ме
едік?
Келісер едік, — деп жауап қатты Агафон.
Олай болса, Эрот сұлулықтан жұрдай және оған мұқтаж болғаны ғой?
Солай болғаны, — деді Агафон.
Сонымен сен әлі де Эрот әдемі деп мәлімдейсің бе, — егер де іс осылай болып
тұрса?
Мен ол кезде не айтқанымды өзім де білмегенмін ғой, Сократ, — деп жауап қатты
Агафон.