77
игілікті бізге сыйға тартатын құдайдың даңқын шығарғымыз келсе, онда біз Эротты
даңққа бөлеуіміз керек: бізді өзімізге жақын және тума дегенге бағыттап, Эрот қазір де
кереметтей пайда әкеліп жатқанын былай қойғанда, ол бізге, тек егер біз құдайларды
құрметтейтін болсақ, әдемі болашақты меңзейді, өйткені ол болашақта бізді сауықтырып
және бастапқы табиғатымызға қайырып бақытқа жеткізеді, рахатқа кенелтеді.
Менің Эрот туралы айтарым осы, Эриксимах, — деп қайырды ол сөзін, — бұл
сенің айтқаныңа мүлде ұқсамайды. Сенен менің айтқанымды ажуалай бермеуіңді тағы
да өтінемін, басқалардың, анығырақ айтқанда, қалған екеуінің — Агафон мен
Сократтың — айтқандарын біз тыңдауға бөгет жасамашы.
Келісемін, — деді Эриксимах, — оның үстіне сенің айтқаның менің көңілімнен
шықты. Сократ та, Агафон да махаббаттың асқан білгірлері екенін мен білмегенде, мен
қазір олар қосатын ештеңе қалмады ғой деп сасқалақтап қорқар едім, өйткені көбісі
және әр тұстан айтылып кетті ғой. Ал былайша мен саябырмын.
Әлбетте, — деп жауап қатты оған Сократ, — сен, Эриксимах, сайысудай-ақ
сайыстың ғой. Ал егер сен менің жағдайымда, дәлірек айтқанда, Агафон да өз сөзін
айтып болғаннан соң менің басыма туатын жағдайда, бола қалсаң, саған өте
қорқынышты болар еді, онда сен өзіңді дәл мен сияқты сезінер едің.
Сократ, - деді Агафон, — мына көрермендер менен соншама кереметтей сөз
естігілері келеді екен деген ойдан - ақ жаңылсын деп, менің басымды айналдырғың
келіп тұр ғой.
Менің жадым тым қысқа болар еді, Агафон, — деп жауап қатты Сократ, — егер де
сенің актерлармен бірге сахнаға батыл да маңғаз көтеріліп, өзің шығарған мәтіндерді
орындар алдында мыңдаған көрермендердің көздеріне селт етпей тура қарағаныңды
көрген мен, кішігірім ғана біздердің арамызда сасып-пысып қалады ғой деп ойласам.
Шынымен, Сократ, - деді Агафон, — сеніңше, менің театрмен әуестігім соншалық,
аз-маз болсын байыпты деген адамға, жапырлаған надандарға қарағанда, бірнеше ғана
ақылды адамдар қорқыныштырақ екенін түсінбейді екенмін ғой?
Жоқ, Агафон, - деп жауап қатты Сократ, — егер де сен туралы осынша қисынсыз
пікірде болсам, мен жағымнан бұл дұрыс болмас еді. Расында ақылды деп өзің
санайтындардың қауымына түсе қалсаң, сенің көпшілікке қарағанда солармен көбірек
санасарыңа мен күмәнданбаймын. Бірақ біздер оларға жатпаймыз ғой деп мен
қорқамын: біздер де театрға барып көпшілік санатында болғанбыз ғой. Ал міне сен
әлдебір ақылды адамдар қауымында бола қалдың дейік, егер де ұятты бір нәрсе істеп
жатырмын деп есептесең, сен, тегі, олардан қымсынған болар едің, солай емес пе?
Сенікі жон, — деп жауап берді Агафон.
Ал енді егер де жаман бірдеңе жасап жатырмын деп есептесең, көпшіліктен сен
ұялмас па едің?
Қымбатты менің Агафоным, — деді Федр бұл әңгімеге қыстырыла кетіп, — егер де
сен Сократқа жауап бере берсең, онда оған осында болып жатқанның бәрі де мүлде бос
қалады, тек әңгімешісі қасында болса болғаны, әсіресе өзің сияқты әдемісі. Маған
Сократтың әңгімелерін тыңдау жаққанымен, мен Эротты мадақтау жөнінде қамданып,
сіздердің әрқайсыңыздан сөз сөйлеуді талап етуге тиіспін. Сіздер екеуіңіздің
әрқайсыңыз алдымен осы құдай алдындағы борыштарыңызды өтеңіздер, ал сонан соң
бір - біріңізбен рахаттанып тұрып әңгімелесерсіздер.
Агафонның сөзі: Эроттың жетік қасиеттері
Дұрыс - ақ, Федр, — деді Агафон, — маған сөзімді бастауға ешқандай да бөгет
жоқ. Ал Сократпен әңгімелесуге әлі талай жағдай болары анық. Бірақта мен алдымен
қалай сөйлеуге тиіс екенім жайлы айтқым, ал содан кейін барып сөйлегім келеді.