7
Гален de elem. Dec. Hipp I 2. Тек көпшіліктің пікірінде ғана бояу бар, пікірде ғана — тәтті,
пікірде ғана ащы бар, іс жүзінде тек атомдар мен қуыс қана бар нәрсе. Демокрит осылай
дейді. Оның ойынша, барлық сезілетін қасиеттер атомдардың қосылуынан пайда болады,
тек қабылдаушы біздер үшін ғана тірлік етіп. Ал табиғи түрде ақ та, қара да, сары да,
қызыл да, ащы мен тәтті де дүниеде болмайды.
...Іс жүзінде барлық нәрсе не және ештеңеден тұрады. Демокрит атомды не деген, ал
қуысты — ештеңе. Сонымен атомдар дегеніміз еш қасиеттері жоқ кішкентай денелер, ал
кеңістік дегеніміз солардың кездесіп және ажырап тұратын орны. Осы арқылы олар
барлық өзге күрделі денелерді де, біздің денелерімізді де, және олардың ахуалдары мен
сезімдерін тудырады. Алғашқы денелер еш өзгеріске түспейді. Мысалы, ешбір атом
жылымайды да, суымайды да, сол сияқты кеуіп, немесе ылғалданбайды да және тіпті ақ
та, қара да болмайды және де жалпы ешбір езге қасиетті қабылдамайды, себебі атомдар
ешбір өзгеріске түспейді.
ПЛАТОН
СОКРАТТЫҢ АҚТАЛУ СӨЗІ
Айыптаушылардың сөзінен соң
Афиналықтар, айыптаушылардың шешендігі сондай, сіздерді қайдам, ал мен болсам тіпті
өзімді ұмытып кете жаздадым. Әйтседе, дәліне келсек, олар ешбір шындықты айтпады.
Маған таққан көп айыптарының ішінде мені әсіресе таң қалдырғаны: Сократтың
құйтырқы сөзіне алданып қалмаңыздар деп сіздерді сақтандырғаны. Менің мәнерлі сөзге
шорқақ екендігім белгілі болса да, олардың бұлай деуі нағыз ұятсыздық. Ал егер
шындықты бүкпесіз айтуды олар шешендік деп түсінетін болса, онда, әрине, мен өзімді
шешенмін деп мойындауға әзірмін. Бұл онда олардың шешендігінен тіпті басқа түрлі
шешендік. Тағы да айтам, олар бір ауыз да шындық айтпады, ал менен тек шындықты
естисіздер. Тек, афиналықтар, Зевстің атымен ант етем, менен әшекейлі, әсіресе қызыл
сөзді естімейсіздер, мен өзімнің ақтығыма сенгендіктен ойымды ешбір құйтұрқысыз
қарапайым тілмен жеткіземін, ендеше менен басқаны күтпеңіздер. Осынша жасқа келген
мен үшін шешендікке езін баулып жүрген жас жігіттердей жаттап алған сөзді айту тіпті де
лайық емес.
Афиналық ағайын, айрықша бір өтінішім бар: бұрын да талай делдал дүкенінің алдындағы
аланда, басқа жерлерде де менен өздеріңіз естіп жүрген үйреншікті сөздеріммен өзімді
ақтап жатсам, оған таңданып шу көтермеңіздер. Жетпіске келген шағымда сотқа бірінші
рет тартылып отырмын, ал оның тілін мен бөгде жұрттан келген жолаушыдай біле
бермеймін. Мен егер шет жұрттық болып, өзіме бала жастан үйренген тілімде сөйлеп
тұрсам, сіздер мені кешірген болар едіңіздер - ау деп ойлаймын. Сол сияқты, менің де
жақсы болсын, жаман болсын баяғыдан үйренген әдетімше сөйлеуге сіздерден рұқсат
сұрауға құқым бар сияқты. Және де менің шындықты айтып тұрмын ба, жоқ па, осыған
көңіл аударсаңыздар екен: қазының беделі сонда ғой, ал шешеннің парызы — шындықты
айту.
Екі түрлі айыптаушылар
Афиналық халайық, алдымен өзімді бұрыннан жалған айып тағып жүргендерден қорғап,
тек сонан кейін ғана қазіргі айыптаушыларымнан, олардың өтірік жалаларынан арылып
алғаным жөн. Мені сіздерге бұрыннан, тіпті көптен бері айыптап жүргендер бар, олар да
ешбір шындықты айтқан жоқ, мен Анит пен оның сыбайластарынан қорықсам да, олардан
гөрі сол алғашқыларынан көбірек қауіптенемін. Сіздер әлі жас, көп нәрсені түсіне