67
түту парыз сияқты. Егер сіздер менің пікіріме қосылсаңыздар, онда біз әңгіме-дүкен
құрып уақытты ерекше жақсы өткізер едік. Біздің әрқайсымыз, оңнан солға қарай,
Эротқа арнап мейлінше жақсы мақтау сөз айтайық, және де бірінші болып Федр
бастасын, өйткені ол бірінші болып жайғасқан екен және де осы әңгіменің әкесі де сол
ғой.
Сенің ұсынысыңа қарсы, Эриксимах,— деді Сократ, — ешкім де дауыс көтерер
емес. Махаббаттан басқаны білмеймін дейтін маған да, Агафон мен Павсанийға да,
барлық ісі Дионис пен Афродитаға тірелген Аристофанға одан да әрі,— жалпы осында
менің көз алдымда отырғандардың ешқайсысына да бұл ұсынысқа қарсы шығу
жараспайды. Рас, соңғы орындарда жайғасқан біздердің жағдайларымыз қиындау;
бірақ егер бізден алдыңғылардың сөздері жеткілікті түрде жақсы болса, бізге сол да
жарайды. Сонымен, іске сәт, Федр бастап, өзінің Эротқа деген мақтау сөзін айтсын!
Бәрі де бір адамдай болып Сократпен келісіп, оның айтқан тілегіне қосылады. Алайда
Аристодем әркімнің не айтқанын түгелдей есінде сақтай алмапты, Аристодемнің маған
айтқанын мен де түгендей алмаймын. Әр сөзден көңіліме қонып, жадымда сақталғанын
мен сіздерге жеткізейін.
Федрдің сөзі: Эроттың шығу тегінің көнелігі. Міне осылай, мен бұрын айтқандай, бірінші
болып Федр сөйледі, ал ол мынадан бастады: Эрот — адамдар мен құдайлар оның
алдында көптеген себептер бойынша, соның ішінде, ең соңғысы емес, оның шығу тегіне
орай да бас иетін ұлы құдай: көне құдай болу сый-құрметке татырлық нәрсе ғой. Мұның
дәлеліне оның ата-анасының жоқтығын жатқызуға болады, олар туралы бірде-бір
әңгімеші және бірде-бір ақын жұмған аузын ашпайды. Гесиодтың айтуынша, ең алдымен
Хаос пайда болған, ал ізінше:
Кең кеуделі Гея, қауіпсіз жалпы баспана. Онымен бірге Эрот...
Осы екеуі, яғни Жер мен Эрот, Хаостан кейін туғаны жөнінде Гесиодпен Акусилай да
келіседі. Ал Парменид жасампаз күш туралы былай дейді:
Барлық құдайлардың арасынан бірінші болып ол Эротты жасаған.
Сонымен, білетіндердің көбісі Эротты — ең көне құдай дегенге тоқтайды. Ал ең көне
құдай есебінде ол біздерге асқан ұлы игіліктердің қайнар көзі болған. Мен, мысалы,
жасөспірім үшін лайықты ғашықтан асқан, ал ғашыққа — лайықты сүйіктісінен асқан
игілік дегенді білмеймін. Мінсіз өмір сүргісі келетін адамдарды әрқашан бағдар болатынға
махаббаттан артық ешқандай да туыстар, ешбір сый-құрмет, ешқандай байлық, тіпті бүл
жарық дүниедегі ештеңе де үйрете алмайды ғой. Ал ол неменеге үйретуі тиіс? Ұяттыдан
ұялуға және әдемілікке намысқойлана ұмтылуға, — бұларсыз мемлекет те, жеке адам да
ешқандай ұлы және ізгілікті істерге қабілетті бола алмайды. Мен, егер ғашық адам әлдебір
лайықсыз іс істеп қойса немесе қорқақтықтан жәбірлеушісіне есесін жіберіп қойса және
мұнысын әкесі, досы немесе басқа біреулер бетіне басатын болса, онда ол өзінің
сүйіктісіне қарағанда азырақ күйінер еді деп түйіп айтамын. Сүйіктісі үшін де дәл осыны
байқаймыз: әлдебір қолайсыз ісі ашылып қалса, ол бәрінен де өзін сүйетіндерден қатты
ұялады. Егер де ғашықтар мен олардың сүйіктілерінен мемлекет немесе, мысалы, әскер
құрастыру мүмкін болса, онда олар ұятты дегеннің бәрін де болдырмай және бір-бірімен
жарыса отырып ош кереметтей басқарар еді; ал бірге соғыса қалса, мұндай адамдар, тіпті
саны аз болса да, кез-келген деп айтарлықтай жауды жеңер еді: ғашық адамға қатарды
тастап не қаруды лақтырып кету сүйіктісі қасында болмағанда әлдеқайда жеңілірек тиер
еді және де ондай адам масқара болғаннан да өлімді қалайды; ал енді сүйіктісін
тағдырдың талайына тастау немесе қауіп төнгенде оған көмектеспеу, — жарық дүниеде