Page 66 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

66
үзіліс керек, меніңше, сіздердің көбісіңіздің жағдайы сондайлық: сіздер де кеше бұған
атсалысқан едіңіздер ғой; қалайда ішуге ұстамдырақ болу жағын ойланыңыздаршы.
Аристофан сонда оған былай деп жауап берді:
Сенікі әбден жон, Павсаний, өлшеммен ғана ішуге мейлінше тырысу керек. Мен де
кеше артық ішіп қойыппын.
Бұлардың сөзін естіген Эриксимах, Акуменнің ұлы, былай деді:
Әрине, сіздікі жон. Мен енді біреуіңізді — Агафонды — тыңдағым келеді: оның
ішуге хәлі бар ма?
Жоқ, менде де хал жоқ, — деді Агафон.
Онда біздердің, менің, Аристодемнің, Федрдің және басқалардың, жолымыз болған
сияқты,— деді Эриксимах,— егер сіздер, ішудің осыншама шеберлері, бүгін бас
тартып жатсаңдар,— біздер әрқашанда тамшылап қана ішеміз ғой. Сократты есепке
алмай-ақ қойса да болады: ол ішуге де, ішпеуге де қабілетті, сондықтан біз не істесек
те, ол риза болады. Ал осы отырғандардың ешқайсысының да, меніңше, көп ішуге
зауқы жоқ болғандықтан, егер мен маскүнемдік туралы бар шындықты айтсам,
ешкімді де ренжіте қоймаспын. Мас болудың адамдарға ауыр тиетіндігі, мен дәрігер
болғандықтан, маған айдан анық. Менің өзімнің де ішуге деген зауқым жоқ,
басқаларға да, әсіресе бұрынғы ішкенінен айықпағандарға, іш деп кеңес бере
алмаймын.
Барып тұрған шындық, — деп қолдады Мирринунттан келген Федр, — мен саған
әрқашанда құлақ асамын, ал енді дәрігерлік іске келгенде, одан да әрмен, бірақ бүгін,
менің ойымша, басқалар да, егер ойланып көрсе, түгел сенімен келіседі.
Бұларды тыңдап болған соң бәрі де бүгінгі думанда мас болып ішпеуге, тек жай сүйсіне
сораптап отыруға келісті.
Онда, — деді Эриксимах,— әркім ешқандай мәжбүрлеусіз, қанша қаласа, сонша
ішсін деп шешкендіктен, мынау жаңа ғана кірген флейтист қызды қайтарып жіберейік
деп ұсынамын, — өзіне өзі немесе егер келіссе, үйдің ішкі бөлмелеріндегі әйелдер
үшін ойнасын, ал біз бүгінгі кездесуімізді әңгіме-дүкенге арнайық. Тіпті егер тілек
білдірсеңіздер, қандай әңгіме-дүкен құру керектігін де ұсына аламын.
Бәрі де оның ұсынысын естігілері келетінін білдірді. Сонда Эриксимахтың айтқаны:
Мен де Эврипидтің алдындағы Меланипптей бастайын: "Сіздердің еститіндеріңіз
менің сөзім емес, біздің Федрдің сөзі. Менің көзімше Федр қанша рет зығырданы
қайнап: "Ұят емес пе, Эриксимах, — дейтін ол, — басқа құдайларға гимндер мен
пэандар шығарғанда, толып жатқан ақындардың ішінде бір де бірі соншама құдіретті
де ұлы құдай Эротқа арнап мақтау сөздер де жазбапты. Немесе атышулы софистерді
алшы: олар өздерінің жылнамаларында Гераклды және басқаларды мадақтайды,
мысалы, құрметті Продик сияқты. Мұның бәрі әлі соншалықты таңқаларлық емес, ал
бірде менің қолыма тұздың пайдалы деген қасиеттерін жер-көкке сыйғызбай мақтаған
кітапша ілікті, басқа да осы сияқты заттар талай рет зейін сала мақтаудың пәні
болғаны аян, ал Эротты осы күнге дейін ешкім де лайықты түрде жырлауға шешіліп
кіріскен емес, сөйтіп бүл ұлы құдай көзден таса болып қалуда!" Менің байқауымша,
Федрдің айтқаны рас. Ал сондықтан Федрдің айтқанына жол беріп, оны бір риза
етейікші, оның үстіне бүгін осында жиналған біздерге, меніңше, осы құдайды құрмет