Page 63 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

63
Әй,— деді ол айқайлап,— Аполлодор, Фалердің тұрғыны, тоқташы!
Мен тоқтадым да, тосып тұрдым.
Аполлодор, — деді ол, — Сократ, Алкивиад және басқалар қатынасып Агафон
үйінде өткен той туралы сұрастырып, сонда махаббат жөнінде айтылған сөздер
жайында білу үшін мен өзіңді іздеп жүрген едім. Бұл турасында Феникстен,
Филипптің ұлынан, естігенін бір адам маған айтып, сен де мұның бәрін біледі деп еді.
Алайда ол өзі жарытып ештеңені де хабарлай алмады, сондықтан осының бәрі туралы
сен маған айтып берші — досыңның сөздерін жеткізу бәрінен де саған тиесілі ғой.
Бірақ алдымен маған мынаны айтшы: сен өзің сол әңгіме кезінде болып па едің?
Мен оған:
Егер сен сұрап тұрған бұл әңгіме, соншама мен оған қатынаса алатындай жуыр
арада ғана болған екен деп ойласаң, тегі, саған әңгімелеген адам расында да жарытып
ештеңені де жеткізе алмаған ғой, — деп жауап бердім.
Иә, мен дәл солай деп ойлап едім,— деді ол.
Саған не болған, Главкон? — дедім мен айқайлай. — Сен Агафонның мұнда
тұрмайтынына көп жылдар өткенін білмеуші ме едің? Ал менің Сократпен бірге уақыт
өткізіп, оның не айтып, не істегенінің бәрін күн сайын түртіп алуды әдет қылғаныма
үш жыл да болған жоқ. Оған дейін мен әлдебір татитын іспен айналысып жатырмын
ғой деп қиялданып, қайда болса сонда қаңғығанмын, ал шындығында сіздердің кез
келгендерің сияқты аянышты халде болдым,— мысалға, қазіргі сен сияқты, егер де сен
басқа немен болса да, тек қана философиямен емес, айналысқаным артық деп
ойлайтын болсаң.
Бізге күлгенше,— деді ол,— бұл әңгіме қашан болып еді, маған соны айтқаның
жөн.
Біздің балалық шағымызда,— деп жауап бердім мен,— Агафон өзінің бірінші
трагедиясы үшін марапатталғанда, ол осы жеңісін құрбандық шалып хоревтармен
бірге тойлағаннан кейінгі ертеңінде.
Сөйтсек, бұл іс ертеде болған екен ғой. Бұл жөнінде саған кім айтып еді,
Сократтың өзі емес пе?
Жоқ, Сократ емес, Феникске кім айтса, сол — Кидафиннен шыққан ылғи жалаңаяқ
жүретін, бойы кішкене ғана әлдебір Аристодем деген; бұл әңгіме кезінде ол
қатынасқан болатын, өйткені сол кездегі Сократты қошеметтеушілердің арасындағы
ең бір қызулысының бірі болатын. Десе де, мен Сократтың өзінен де бұл туралы ептеп
сұрағаным бар, сонда маған оның айтқанын растады.
Онда неге саған менімен бөліспеске, ә? Қалаға барар жол бойы айту да, тыңдау да
оңтайлы ғой.
Біздер жол бойы бұл жөнінде әңгімелестік: сондықтан мен, басында айтқанымдай,
жеткілікті дайындықты сезінемін. Егер де мұның бәрін мен сізге де айтсын десеңіз, онда
сіздіңізше болсын - ақ. Философиялық сөз сөйлеу немесе тыңдау мен үшін әрқашанда
шексіз қуанышты жай, содан әлдебір пайда көруге үміттенетінімді айтпағанның өзінде; ал
енді мен басқадай сөздерді, әсіресе сіздерше байсымақтар мен пысықайлардың кәдуілгі
сөздерін естігенімде, менің құтым қашады, маған сіздер, менің дос-жарандарым, аянышты
халде болып көрінесіздер, ал өздеріңіз тек босқа уақыт өткізесіздер. Сіздер, мүмкін, мені
мүсәпір санайтын шығарсыздар, сіздердің бұларыңыз шындыққа саяды деп мен есептей
аламын; бірақ та сіздердің мүсәпір екендіктеріңіз жайлы мен есептеп қана қоймаймын,
мен мұны әбден білемін.