62
нәрсеміз бәрінен гөрі жақсырақ айқындалады. Меніңше, біздің пайымдауларымыздың
таяуда жасалған қорытындысы, тірі адамға ұқсап, бізді кінәлайтын әрі келекелейтін
сияқты және де егер ол сөйлей алса, былай деген болар еді:
Сократ пен Протагор өздерінің бастапқы қағидаларына қайшы келетін
қорытындылар жасайды
"Сократ пен Протагор, сендер, дарақысыздар! Бұрын мейірбандылыққа үйренуге
болмайды деп пайымдаған сен енді өзіңе-өзің қарсы шығып, енді әділдік те,
пайымдылық та, ержүректік те — бәрі де білім деп дәлелдеуге тырысып, табандылық
көрсетіп отырсың. Бірақ мейірбандылыққа үйренуге болатындығы мұндай жолмен
бәрінен де гөрі оңай аңғарылады. Өйткені мейірбандылық білім болмай, Протагордың
дәлелдеуге әрекет жасағанындай, басқа бір нәрсе болса, оны, әлбетте, зерттеуге болмас
еді; ал қазір, егер оның түгелдей білім екендігі анықталса (Сократ, сен осыны талап
етіп отырсың), егер мейірбандылыққа үйрену мүмкін болмаса, мұның өзі ақылға
қонбас еді. Екінші жағынан, сол кезде оны үйренуге болады деп санаған Протагор
енді, сірә, қарама-қарсы талап етіп отырса керек: мейірбандылық, оның пікіріне
қарағанда не болса сол, тек білім емес болып шығады, демек, зерделеуге бәрінен де
гөрі азырақ төзеді".
Протагор, бұл арада бәрінің қалай асты-үстіне шыққандығын көргенімде мені
осының бәрін анықтауға деген күшті құштарлық шарпиды, сөйтіп, біз мұны талдап
болғаннан кейін мейірбандылықтың не екендігін түсінгім және оған үйретуге болатын
- болмайтындығын тағы да қарастырғым келеді. Сенің айтуыңа қарағанда,
дарындыларды болу кезінде-ақ бізді басып озған нақ сол Эпиметей бізді жолдан
тайдырып, адастырмаса екен. Бұл аңызда Эпиметейге қарағанда Прометей маған
көбірек ұнады. Прометейдің көмегін пайдалана отырып, мен осы мәселелердің бәрімен
айналысамын, сөйтіп, өз өмірімнің бүкіл он бойында ағаттық жасамауға тырысамын;
демек, егер сен қажет етсең, мен, бұл туралы әуел баста айтқанымдай, мұны өзіңмен
бірге шаттана талдайтын боламын.
Протагор былай деп жауап берді:
Сократ, мен сенің құлшынысыңды да, сенің пайымдауларыңның желісін де
мақұлдаймын. Менің ойымша, мен де соншама ақылсыз адам емеспін, басқа кісілерге
қарағанда қызғаншақ та емеспін. Өзім кездесіп жүрген адамдардың көбіне мен сен
туралы айттым, әсіресе сенің құрбы - құрдастарыңның арасында мен сені мақтаныш
етемін. Егер сен де даналығымен даңққа бөленген адамдардың бірі болсаң, мен әсте
таңданбаған болар едім деймін. Біздің мәселелеріміз жайында біз ыңғайы келген басқа
бір уақытта сөйлесерміз, ал қазір өзге істермен шұғылданатын кез туды.
Сен осындай пікірде болсаң, солай істейміз де,— дедім мен,— Менің де көздеген
жеріме баратын уақытым болып қалды. Мен мұнда тек қана жігіттің сұлтаны
Каллийдің ыңғайына қарай бөгеліп едім.
Осыны айтып және тыңдап болған соң біз тарап кеттік.
ДУМАН
Аполлодор және оның досы
Сіздердің сауалдарыңызға, меніңше, жеткілікті дайын сияқтымын. Жуырда, үйден,
Фалерден, қалаға бара жатқанымда, менің бір танысым мені сыртымнан көріп, алыстан
дауыстап әзілдесе тоқтатты.