60
Иә.
Жасқаншақтар қауіпсіз нәрсеге, ал ержүректер — үрейлі нәрсеге бармай ма?
Жұрт солай дейді, Сократ.
Сен дұрыс айтып отырсың,— дедім мен,— бірақ мен бұл туралы сұрап отырғам
жоқ. Сеніңше, ержүректер не нәрсеге өжеттікпен барады: өздері үрейлі деп есептейтін
үрейліге ме, әлде өздері осылай деп есептемейтінге ме?
Бірақ, тек әлгінде ғана сенің пайымдауларыңда дәлелденгеніндей, алғашқысы
мүмкін емес.
Бұл мәселе жөнінде де сен дұрыс айттың. Сондықтан, егер бұл дұрыс дәлелденген
болса, өзі үрейлі деп есептеген нәрсеге ешкім бармайды, өйткені біз өзінен өзінің
төмен болуын надандық деп таптық қой.
Протагор келісті.
Екінші жағынан, адамдар бір нәрсеге батылданған кезде бәрі де — жасқаншақтар
да, ержүректер де — тәуекелге бел байлайды, сөйтіп, жасқаншақтар да, ержүректер де
нақ бір нәрсеге барады.
Дегенмен, Сократ, жасқаншақтар баратын нәрсемен ержүректер баратын нәрсе
мүлде қарама-қарсы. Мысалы, соғысқа біреулердің барғысы келеді, ал басқалар
баруды қаламайды.
Соғысқа бару — бұл әдемі ме әлде сұрықсыз ба?
Әдемі.
Ал егер әдемі болса, біздің бұрынғы уағдамыз бойынша, жақсы да болғаны: өйткені
біз барлық әдемі іс-қимылдар жақсы деп келіскенбіз.
Сенікі жөн, мен де ұдайы осындай пікірдемін.
Дұрыс. Бірақ олардың қайсысы, сенің пайымдауыңша, бұл әдемі және жақсы болса
да, соғысқа баруды қаламайды?
Жасқаншақтар.
Ал бұл әдемі әрі жақсы болса, ол сонымен бірге жағымды ғой?
Мұнымен біз келіскенбіз.
Онда ендеше, жасқаншақ адамдардың әдемірек, жақсырақ және жағымдырақ
нәрсеге саналы түрде барғылары келмейді ғой?
Ал егер біз мұнымен де келісетін болсақ, өзіміз бұрын келісіп қойғандардың бәрін
бұзар едік.
Ал енді ержүрек адам ше? Ол әдемірек, жақсырақ және жағымдырақ нәрсеге
бармай ма?
Мұны мойындау қажет.
Демек, жалпы айтқанда, ержүректер қорыққанда сұмпайы үрейге берілмейді және
өжеттенгенде сұмпайы өжеттік көрсетпейді.
Бұл рас.
Егер онымен бұл сұрықсыз [ұятты] болмаса, әдемі ғой?
Иә.
Ал егер әдемі болса, жақсы да болғаны ма?
Иә.
Ал жасқаншақтар батылсымақтары да, қайсарлары да, керісінше, қорыққанда
сұмпайы үрейге беріледі және өжеттенгенде сұмпайы өжеттік көрсетеді.
Протагор келісті.