Page 59 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

59
Гәп, — дедім мен, — ешкімнің де зұлымдыққа немесе өзі зұлымдық деп есептейтін
нәрсеге ерікті түрде ұмтылмайтындығында болып отырған жоқ па? Игіліктің орнына
өзің зұлымдық деп есептейтін нәрсеге өз еркіңмен бару, тегінде, адамның табиғатына
жат болса керек; адамдар екі кеселдің бірін таңдауға мәжбүр болған кезде, азырағын
таңдауға мүмкіндік болса, ешкім де, сірә, көбірегін таңдамайды.
Осының бәрімен бәріміз де келістік.
Бұдан әрі, — дедім мен, — сіздер қорқыныш пен үрей деп атайтын бір нәрсе бар
емес пе? Бұл мен де осылай деп атайтынның өзі емес пе? (Продик, мұның саған
қатысы бар). Сіздер қорқыныш немесе үрей деп пе, қалай деп атасаңыздар да, бұл
арада мен зұлымдықтың болуын күтуді айтып отырмын.
Протагор мен Гиппий мұның әрі қорқыныш, әрі үрей екендігімен келісті, ал Продик бұл
үрей емес, қорқыныш деп жауап берді.
Бұл, Продик, маңызды емес,— дедім мен,— ал маңыздысы мынау: егер бұрын
айтылғаны дұрыс болса, үрейлі емес нәрсені таңдауға ерікті болып отырғанда өзі
қорқатын нәрсеге кімнің барғысы келеді? Әлде біз келіскен пікірдің негізінде бұлай
болуы мүмкін емес пе? Өйткені адам өзі қорқатын нәрсені зұлымдық деп
есептейтіндігін, зұлымдық деп есептелетін нәрсені ешкім де жасамайтындығын және
ерікті түрде қабыл алмайтындығын біз мойындадық.
Мұнымен де бәрі келісті.
Продик пен Гиппий, — дедім мен, — осылардың бәрі бізде негіз етіліп
алынғандықтан, Протагор өзінің бұрынғы жауаптарының, бірақ ең алғашқы
жауаптарының емес, дұрыстығын біздің алдымызда қорғасын: сол кезде ол
мейірбандылықтың бес бөлігінің біреуі де екіншісіне ұқсамайды, бірақ әрқайсысының
өзіне тән мән-мағынасы бар деп пайымдаған болатын. Мен қазір бұл туралы емес,
оның кейінірек айтқаны туралы сөз етіп отырмын, бұл жолы ол былай деп пайымдаған
еді: мейірбандылықтың бес бөлігінің төртеуі бір-біріне айтарлықтай жақын, ал біреуі
— атап айтқанда ержүректік — басқаларынан өте қатты өзгешеленеді, бұған мен мына
төмендегідей дәлелдеме арқылы көз жеткізе алатындаймын: "Сократ, сен өте-мөте
инабатсыз, әділетсіз, дөкір әрі надан, алайда өте ержүрек адамдарды кездестіресің,
содан кейін сен мейірбандылықтың басқа бөліктерінен ержүректік өте қатты
өзгешеленетіндігіне көз жеткізесің".
Мен бұл жауапқа сол кезде-ақ өте таң қалған едім, ал сіздер мен біздер бәрін талдап
болғаннан кейін бұрынғыдан да қатты таңырқаудамын. Сол себепті мен одан: "Сіз
ержүректерді батыл деп есептейсіз бе?" — деп сұрадым. Ал ол: "Иә, сонымен бірге
батыл деп те санаймын", — деп жауап қайтарды. Өзіңнің мына жауабың есінде ме,
Протагор?
Протагор басын изеді.
Бізге айтшы, ержүректер не нәрсеге өжеттенеді: жасқаншақтар да өжеттенетін
нәрсеге ме?
Жоқ.
Демек, басқа нәрсеге?