Page 58 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

58
Протагор мен Сократ, бұл арада гәп біздің шаттыққа илікпегендігімізде болмаса, ол
неде деп ойлайсыздар? Осыны бізге айтып беріңіздерші" деп сұрадыңыздар.
Егер біз сол кезде сіздерге гәп беймағлұмдылықта деп тура айтсақ, сіздер бізге күлер
едіңіздер; ал қазір, егер сіздер бізге күлсеңіздер, тек қана өздеріңізге күлесіздер. Шаттық
пен азаптың арасындағы, яғни игілік пен зұлымдық арасындағы, таңдауда қателесетін
адамдар білімнің жеткіліксіздігіне байланысты қателесетіндігімен сіздер өздеріңіз келісіп
едіңіздер ғой, және де тек өздеріңіз бұдан да бұрын келіскендей, өлшеу өнерін білудің
жеткіліксіздігіне байланысты. Өздеріңіз білесіздер, білімсіздіктен туындайтын қате іс-
қимыл түсінбеушіліктің салдарынан жасалады, демек, шаттыққа илігу дегеніміз зордан да
зор беймағлұмдықтан басқа ештеңе де емес. Ал Протагор болса, бұдан арылтамын деп
мәлімдейді; Продик те, Гиппий де дәл осыны айтады. Ал сіздер болсаңыздар, бұл арада
әншейін беймағлұмдықтан гөрі басқа бірдеңе деп топшылап, бұл істі үйрететін ұстаздарға,
мына софистерге өздеріңіз де бармай, балаларыңызды да жібермей отырсыздар, — бұл
іске баулуға болмайды деп есептейтін сияқтысыздар; ақшаны қимай, соларды осындай
ұстаздарға бермей, сіздер жеке адам ретінде де, азамат ретінде де дұрыс істемей
отырсыздар".
Біз адамдарға міне, осылай деп жауап берген болар едік. Гиппий мен Продик, сіздерден
мен енді Протагормен бірге былай деп сұраймын (мұның өзі біз үшін ортақ талқылау бола
- ақ қойсын): қалай, сіздердің пікірлеріңізше, мен дұрыс айтып отырмын ба әлде адасып
жүрмін бе?
Бәрі де айтылған сөзді әбден дұрыс деп тапты.
Ендеше, — деп сұрадым мен, — жағымды нәрсе игілік, ал тауқыметті нәрсе —
зұлымдық екендігіне сіздер келісесіздер ғой? Продиктің атауларды ажыратуын мен
бұл арада былай қоя тұруын өтінемін. Сен мұны "жағымды", "сүйкімді" немесе
"ұнамды" деп атайсың ба, — өйткені, менің аса ізгі Продигім, алуан түрлі атаулар
беруді сен жақсы көресің және соларды қайдан болса да тауып ала бересің, — дәл осы
мағынасында менің сұрағыма жауап берші.
Продик күлді де келісті, қалғандары да түгел мақұлдады.
Бұдан әрі енді не болмақ, достарым менің? Уайымсыз - мұңсыз, жағымды өмір
сүруге бағытталған іс-қимылдардың бәрі де әдемі емес пе? Ал әдеміні іске асыру
игілік пен пайда емес пе?
Бәрі де келісті.
Жағымды нәрсе дегеніміз игілік екен, ендеше ешкім де — егер ол басқа іске
асырылатын бірдеңе және де ол істеп жатқанынан гөрі жақсырақ деп білсе немесе
ойласа, — әйтеуір жақсырақ әлдене болуы мүмкін болса, бұрын істеп келген нәрсесін
істемейтін болады. Өзінен өзінің төмен болуы надандықтан басқа ештеңе емес, ал
өзінен өзінің жоғары болуы даналықтан басқа ештеңе емес.
Мұнымен бәрі келісті.
Енді қалай болмақ? Демек, әңгіме өте маңызды нәрселер туралы болғанда жалған
пікірде болып, алданып қалуды сіздер надандық деп санайсыздар ма?
Мұнымен де бәрі келісті.