57
таразыға салып өлшеп, қайсысының көп екендігін айтшы. Егер сен әртүрлі шаттықты
өзара салыстыратын болсаң, өзің үшін әрқашан неғұрлым қомақтырағы мен молырағын,
ал әр түрлі азапты салыстырғанда — мардымсыздауы мен шағындауын таңдап ал. Ал сен
шаттықты азаппен салыстырған кезде, егер жағымды тауқыметтіден асып түсіп жатса, —
таяуы арғысынан асып түсе ме немесе керісінше ме, — жағымды нәрсе өзінде нені
қамтыса, соны істеу керек; егер, керісінше, тауқыметті жағымдыдан асып жатса, оны
істеудің қажеті жоқ. Әлде, істің жайы басқаша ма, адамдар?" дер едім мен оларға. Білемін,
олар маған қарсылық білдіре алмас еді.
Мұнымен Протагор да келісті.
"Мұның бәрі осылай екен, — деймін мен бұдан әрі, — менің мына сұрағыма жауап
беріңіздерші: көлемі жағынан бірдей нәрсе сіздерге жақыннан үлкенірек, алыстан
кішірек болып көрінеді ғой, солай емес пе?" Олар мақұлдайды. " Қалыңдығы мен саны
бойынша да дәл сол сияқты емес пе? Күштілігі бірдей дыбыстар да жақыннан
қаттырақ, алыстан ақырынырақ естілмей ме?" Олар мақұлдар еді. "Егер біздің береке -
құтымыз үлкеніректі алуда болса, ал ұсақ-түйектен қашқақтап, оны жасамасақ, бізге
өмірде не нәрсе пайдалырақ: өлшеу өнері ме әлде алдамшы көрініс ықпалы ма?
Соңғысы бізді адастырмас па еді, бір нәрсені біресе жоғары, біресе төмен қоюға екінің
бірінде мәжбүр етпес пе еді, өзіміздің іс-қимылдарымызда да, көп пен азды таңдауда
да қателікке ұрындырмас па еді? Өлшеу өнері осы алдамшы көріністі мән-мағынадан
жұрдай етіп, ақиқатты анықтар еді де, сол ақиқатты сүйеніш еткен жанға тыныштық
беріп, өмірді қорғап қалар едің. Өлшеу өнерінің пайдалы екендігі жөнінде адамдар
бізбен келіспес пе еді немесе олар әлдебір басқа өнерді көрсетер ме еді?
Жоқ, олар нақ өлшеу өнерін көрсетер еді, — деп мақұлдады Протагор.
"Ал егер біздің өміріміздің береке - құты жұп пен тақ арасындағы дұрыс таңдауға
тәуелді болса, яғни бір жолы көбіректі таңдау, келесіде жеке өзін алғанда немесе
қандай да бір басқа нәрсемен салыстырғанда көбірек екендігіне, оның жақында не
алыста екендігіне қарамастан, азырақты таңдау дұрыс болса, - біздің өмірді кім қорғар
еді? Білім бе? Ненің көбірек, ненің азырақ екендігін анықтау өнері ме? Ал сөз тақ және
жұп сандар жайында болып отырғандықтан, мұның өзі арифметикадан басқа ештеңе де
емес". Жұрт бізбен келісер ме еді, келіспес пе еді?
Протагор келісер еді деп шешті.
"Осылай - ақ болсын, халайық! Әйтеуір біздің өміріміздің береке - құты шаттық
пен азаптың арасындағы, үлкен мен болмашы, алыс пен жақын арасындағы дұрыс
таңдауға тәуелді екен, бұл арада өлшеу, ол ненің көбірек, ненің азырақ екендігін,
нелердің өзара тең екендігін қарастыратындықтан, бірінші орынға шықпай ма?"
Иә, бұл міндетті түрде.
Ал мұнда өлшеу болғандықтан, сонымен бірге өнер мен білім де міндетті түрде
болады.
Мұнымен бәрі келіседі, — деді Протагор.
"Бұл өнер мен білімнің қандай екендігін біз басқа бір жолы қарастырамыз. Ал қазір
осының өзі де жеткілікті: өйткені сіздердің сұрақтарыңызға жауап беру мақсатымен
Протагор екеуіміздің сіздерге ұсынуға тиіс дәлелдеме үшін бұл арада қалай болғанда
да әңгіме білім туралы болып отырғандығын мойындаудың өзі жетіп жатыр. Не
жайында сұрағандарыңыз естеріңізде бар ма? Білімнен күшті ештеңе жоқ, ол қай
уақытта болса да және бәрінде де шаттықтан да, өзге барлық нәрселерден де асып
түседі деп біз онымен келістік; сіздердің сөздеріңіз бойынша, шаттық білімді кісіні де
екінің бірінде билеп алады; ал біз сіздермен келіспегеннен кейін сіздер бізден: "Егер,