Page 56 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

56
шаттыққа иліккендік деп атайтындарыңызды дәлелдеу өте қиын ғой; ал одан соң
барлық дәлелдемелер нақ соның өзінде болып отыр. Егер сіздер игілік шаттыққа
қарағанда өзгеше бір нәрсе, ал зұлымдық азапты жағдайға қарағанда өзгеше бір нәрсе
деп қандай да бір түрде пайымдай алатын болсаңыздар, сіздердің шегініс жасауға қазір
де мүмкіндіктеріңіз бар. Әлде жағымды әрі қайғы-мұңсыз өмір сүру сіздер үшін
жеткілікті ме? Егер сіздерге осы жеткілікті болса, ал сіздер игілік немесе зұлымдық
өзгеше бір нәрсе және өзгеше себеп-салдарларға бастайды деп кесіп айта алмайтын
болсаңыздар, әрі қарай тыңдаңыздар. Мен сіздерге былай деп мәлімдейін: егер бұл
осылай болса, онда зұлымдықтың зұлымдық екендігін біле тұрып, оны жасамауға
мүмкіндігі бола отырып, шаттыққа иліккен және соның салдарынан жолдан тайған
адам әйтсе де осындай жамандықты жасамай қоймайды-мыс және игіліктің игілік
екендігін біле тұрып, қас қағым сәттік шаттықтың алдында дәрменсіздік көрсеткен
адам оны жасағысы келмейді-міс деген сіздердің пайымдауларыңыз күлкілі.
Ал мұның күлкілі екендігі, егер біз "жағымды", "тауқыметті", "игілік", "зұлымдық" сияқты
алуан түрлі атауларды қолданбайтын болсақ, бірақ әңгіме екі затқа келіп саятындықтан,
оларды "игілік" және "зұлымдық" деген, ал енді екінші кезекте — "жағымды" және
"тауқыметті"деген екі атаумен белгілейтін болсақ, әбден айқындалады. Осылай келісіп
алғаннан кейін біз: "Зұлымдықтың зұлымдық екендігін біле тұрып, адам әйтсе де оны
жасамай қоймайды",— дейміз. Ал егер біреу бізден: "Неліктен?" — деп сұраса, біз:
"Өйткені ол жеңілді",— деп жауап қайтарамыз. "Неден?"— деп сұрайды бізден. Ал біздің
шаттықтан жеңілді деп айтуымызға болмайды, өйткені шаттықтың орнына біз басқа
атауды — "игілікті" — қабылдадық. Бірақ, жауап бергенде біз әйтсе де оның жеңілгендігін
айтамыз... "Ал неден?" — деп сұрайды қоймай. "Зевспен ант етейін, игіліктен жеңілді!" —
дейміз біз". Ал егер сұрақты берген кісі тәкаппар болса, ол күледі де, былай дейді: "Пәлі,
бүл іс адам күлерліктей болды: мұның зұлымдық екендігін және мұны істемеуі керектігін
біле тұрып, зұлымдық істеген адам игіліктен жеңілді дейсіздер сіздер! Қандай игіліктен?
— деп сұрайды ол.— Сіздердің бойларыңыздағы зұлымдықты жеңсе де, онымен барабар
емес немесе онымен барабар игіліктен бе?" Жауап ретінде біздің былай деп айтарымыз
анық: зұлымдықпен барабар емес игіліктен жеңілді, өйткені әйтпесе шаттықтан жеңілді
деп біз сөз етіп отырған кісі қателеспеген болар еді.
Бізге, бәлкім, былай деп сұрақ берулері мүмкін: "Қай қатынаста алғанда игілік
зұлымдықпен барабар болмайды немесе зұлымдық игілікпен барабар болмайды: олардың
бірі үлкенірек, ал екіншісі кішірек болғанда ма немесе олардың бірі көп, ал екіншісі аз
болғанда ма? Немесе қандай да бір басқа қатынаста ма?" Бұл орайда біз айтатын ештеңе
болмай, осыны түгел мақұлдауымызға тура келеді. "Ендеше, түсінікті,— дейді олар бізге,
— сіздерде "жеңіліс табу" дегеннің мәнісі — азырақ игіліктің орнына көбірек
зұлымдықты алу". Бұл арада істің жағдайы осылай болып отыр.
Енді "жағымды" және "тауқыметті" деген сөздерді алып, сол бұрынғы белгілерді
алмастырайық та, адам тауқыметті (ол кезде біз "зұлымдық" дегенбіз, енді осылай дейміз)
іс істейді, істегенде оның тауқыметті екендігін біле тұрып істейді, бірақ бұл орайда ол
шаттықтан, әрине, жеңуге тиіс емес шаттықтан жеңіледі дейміз. Оның үстіне шаттық пен
азапты олардың көбірек немесе азырақ мөлшерлеріне қарамай қалай салыстыруға және
бағалауға болады? Олар бірінен бірі көбірек немесе азырақ, молырақ немесе кемірек,
күштірек немесе әлсізірек болады ғой. Өйткені егер біреу: "Алайда, Сократ, қазіргі
жағымды мен болашақта не жағымды, не тауқыметті болатыны арасында айырмашылық
үлкен", — дейтін болса, мен былай деп жауап берер едім: "Мұндағы айырмашылық
шынында нақ соның өзінде емес — шаттық пен азапта емес, тағы да бір әлденеде ме?
Қандай да бір басқа айырым мүмкін емес қой. Жақсы таразылай білетін адам ретінде сен
жақын мандаты, сондай-ақ шалғай шеттегі бүкіл жағымды мен бүкіл тауқыметтіні жинап,