Page 51 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

51
отырайық; сонда Сократ та, әңгімелесуді қалайтын қандай да болсын өзге адам да
басқа біреумен әңгіме-дүкен құратын болады.
Алкивиадтың сөздерінен, Каллийдің және қатысып отырғандардың бәрінің дерлік
өтініштерінен ұялған Протагор ақыры әңгімелесуге ризалық білдіріп, сендер менен
сұраңдар, ал мен жауап қайтарайын деп келісті. Сосын мен былай дедім:
Протагор, мен сенімен сөйлескенде қандай да бір басқа пиғылда болды деп ойлап
қалма, менде бір-ақ ниет бар: әр кез сайын түсініспеушілік туғызатын нәрсені
қарастыру. Мен Гомердің өлеңінің:
Егер екеу келе жатса, әрқайсысы бірдеңе ойлап таппақ болады,— деген тармағын мән-
мағынаға толы деп ойлаймын, өйткені, біз, адамдар, бәріміз бірге болғанда қандай да
болсын іске, соз бен ойға қалай да қабілеттірек боламыз. "Жалғыз адам, ой әлемін қалай
шарласа да", өз ойымды кімге хабарласам екен, кімнен қолдау тапсам екен деп дереу
ізденіспен күй кешеді. Мен де осы үшін кез келген басқа адамнан гөрі сенімен ықыластана
әңгімелесемін, өйткені жалпы алғанда жібі түзу адамның зерттеуіне жататындардың бәрін,
сондай-ақ әсіресе мейірбандылық туралы мәселені де, бәрінен де гөрі жақсырақ зерттей
аласың деп есептеймін. Сен болмасаң, басқа кім? Өйткені сен өзіңді тек мінсіз әрі шын
мәнінде лайықты адам деп есептеп қана қоймайсың сонымен бірге басқаларды да жақсы
адам ете аламын деп ойлайсың, бұл жағынан алып қарағанда өздері жібі түзу адам болса
да, өзгелерді дәл осындай ету қолынан келмейтін адамдарға ұқсамайсың. Және сенің өзіңе
сенімді екендігің соншалық, басқалар өздерінің осы қабілетін жасырса, сен барлық
эллиндіктердің алдында сырыңды ашық түрде ақтарып, өзіңді софист деп атадың, сөйтіп
өзіңді білімділік пен мейірбандылықтың тәлімгері деп жарияладың және бұл үшін ақы
алуға лайықпын деп өзіңді бірінші болып мойындадың. Бұл мәселені қарағанда сені
қатыстырмауға, сенен сұрамауға, сенімен ақылдаспауға бола ма? Мұнсыз мүлде мүмкін
емес.
Менің бастапқыда сұрағандарымның кейбірін сенің тағы да менің есіме салуыңды мен
қазір де өте-мөте қалап отырмын, ал әлдебіреулерін біз бірге қарастырған болар едік.
Мәселе, меніңше, мынада болатын: даналық, пайымдылық, батылдық, әділдік,
инабаттылық — осы бесеуі бір заттың бес атауы ма, әлде, керісінше, осы атаулардың
әрқайсысының астарында оларды бір-біріне сәйкес келтірмейтіндей әлдебір ерекше мән
мен өзінің ерекше қасиеті бар зат жасырынып жатыр ма? Бұлар бір нәрсенің атаулары
емес, бірақ осы атаулардың әрқайсысы ерекше затқа тиесілі, дедің сен, алайда олар
дегенмен мейірбандылықтың бөліктері — алтынның бір-біріне және өздері құрайтын
тұтасқа ұқсас бөліктері сияқты емес, беттің бөліктері сияқты: бұлар өздері құрайтын
тұтасқа да, бір-біріне де ұқсамайды және әрқайсысының өз ерекше қасиеті болады. Егер
сен бұл туралы қазір де сол кездегідей ойлайтын болсаң, айтшы; ал егер қалай да өзгеше
ойласаң, бұған анықтама берші. Егер сен қазір басқаша пайымдасаң, мен сені әсте
кінәламаймын: егер мені сынау үшін сен сол кезде осылай деген болсаң, мен үшін
таңданарлық ештеңе жоқ.
Ал мен,— деп жауап берді Протагор. — Сократ, саған қайталап айтайын,
осылардың бәрі — мейірбандылықтың бөліктері және бұлардың төртеуі шынында да
өзара жақын, ал батылдық олардың бәрінен қатты ерекшеленеді. Ал менің дұрыс
айтып отырғандығымды сен мынадан түсінесің: ең әділетсіздерді, инабатсыздарды,
содырларды және надандарды, ал сонымен бірге өте батыл адамдарды көптеп табуға
болады.
Тоқтай қал,— дедім мен,— сенің пайымдауың көңіл бөлуге татырлық. Сен батыл
адамдарды өжет деп немесе қалай да басқаша атайсың ба?