50
туралы мүлде жалған сөйлеп отырып, шындықты айтып отырмын деп есептеген кезінде
мен сені айыптаймын".
Міне, Продик пен Протагор, бұл өлеңге Симонид, меніңше, осындай мән-мағына берген.
Ал Гиппий бұған былай деді:
Меніңше, Сократ, бұл өлеңді сен де жақсы талдаған сияқты болсаң да, дегенмен,
менің бұл жөнінде жақсы ойластырылған сөзім бар, егер қаласаңыз, мен соны сізге
айтып берейін.
Алкивиад былай деп тіл қатты:
Иә, Гиппий, кейін айтарсың; ал қазір Протагор мен Сократ уәдесін орындауға тиіс;
егер Протагор тағы да сұрақ бергісі келсе, Сократ жауап берсін, ал егер, керісінше, ол
Сократқа жауап қайтарғысы келсе, бұл сұрақ қойсын.
Ал мен былай дедім:
Мен Протагорға өзіне ұнамдысын тандап алуды ұсынамын. Егер ол қажет деп
тапса, өлеңдер мен тақпақтар жайында сөйлеуді доғарайық, ал енді, Протагор,
бастапқыда менің сенен сұрағанымды өзіңмен бірге талқылай отырып, әңгімені
ақырына дейін жеткізуге бейілмін. Өйткені менің ойымша, поэзия туралы әңгіме
бәрінен де гөрі көшедегі талғамы нашар адамдардың той-томалағына ұқсап кететін
сияқты. Өйткені олар шарап ішіп отырғанда өз үндерінің, өз сөздерінің көмегімен
өзара күш сынасып көруге өздерінің білімсіздігі салдарынан қабілетсіз болып келеді,
сол себепті флейтаның үні үшін қымбат ақы төлеп, флейташы бикештерді бағалайды,
сөйтіп солардың үні арқылы бір-бірімен сөйлеседі. Бірақ шарап ішіп, терезелері тең
білімді адамдар бас қосқанда ол жерден флейташыларды да, бишілерді де,
арфашыларды да көрмейсің,— ол жерде өз үндерімен әңгімелесіп, кезекпен сөйлеп әрі
тыңдап, өздеріне өздері риза болысып сөйлеседі, әлгі айтылғандар майда - шүйделер
мен балалық - шалалықтарды керексінбейді, сөйтіп олар тіпті тым көп ішсе де, мұның
бәрі сыпайы түрде болады. Мұндай адамдар,— ал біздің көпшілігіміз өздерін осындай
адамдар деп есептейді,— бас қосқан жиындар өзгенің үніне мүлде мұқтаж болмайды,
тіпті ақындарды да қажетсінбейді, оның үстіне бұлардан не айтқылары келіп
отырғандығын сұраудың өзі мүмкін емес. Тобырдағы адам өз сөздерінде ақындарға
сілтеме жасайды, бірақ біреулері ақынның айтқысы келгені мынау десе, екіншілері
мүлде басқаны тілге тиек етеді. Түсіндіріп беруге шамалары жетпейтін нәрсе туралы
олар осылай пайымдайды. Ал білімді адамдар мұндай әңгімелерден бас тартып, бір-
бірімен өз шама-шарқына қарай сөйлеседі, бірін-бірі өзгенің сөзімен емес, өз сөзімен
сынап көреді және сынақтан өтеді. Сен екеуіміз де осындай адамдарға көбірек
еліктеуге және ақындарды былай қойып, ақиқатты да, сонымен бірге өзді-өзімізді де
тексере отырып, өзіміз өз шама-шарқымызға қарай бір-бірімізбен әңгіме-дүкен құруға
тиіспіз. Егер сен сұрақ қоюды жалғастыра беретін болсаң, мен саған жауап қайтаруға
әзірмін, егер қаласаң, өзіміз орта тұсына жете бергенде үзіп алғанды тәмамдау үшін
маған сен жауап бер.
Мен осылай және осы тұрғыда сөйлеп едім, бірақ Протагор өз қалауын аңғартпады. Сол
кезде Каллийге бір қарап қойып, Алкивиад былай деді:
Каллий, сеніңше, Протагор жауап бергісі келетін - келмейтіндігін жария еткісі
келмей, қазір де жақсы істеп отыр ма? Меніңше, жақсы істеп отырған жоқ. Ол не
әңгімені жалғастырсын, не әңгімелескісі келмейтіндігін айтсын, мұны біз де біліп