Page 47 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

47
өйткені өздерінің оларға үйреткендерін олар ұмытпаса екен дейді. Осы екі мемлекетте
тек еркектер ғана емес, сонымен бірге әйелдер де тәрбиені мақтаныш етеді.
Менің шындықты айтып отырғандығымды, философияда және сөз өнерінде
лакондықтардың шын мәнінде өте жақсы тәрбиеленгендігін сіздер мынадан біле
аласыздар: егер кімде-кім лакондықтардың ең түкке тұрғысызымен жақындасқысы келсе,
бір қарағанда оны сөзге шорқақ деп ойлап қалар еді; бірақ ол сөзінің кез келген тұсында
құралайды көзге ататын мерген тәрізді нысанаға дөп тиетін әрі қысқа, әрі нұсқа қандай да
бір нақылды кенеттен айтып қалғанда, әңгімелесуші оның алдында жас бала сияқты
болады. Сондықтан қазіргілердің де, бұрынғылардың да біразы лакондықтарға еліктеу
дене жаттығуларынан гөрі даналықты неғұрлым көбірек сүю екендігін аңғарған; олар
мұндай нақылдарды айта білу нағыз білімді адамға тән екендігін түсінген. Мұндай
адамдардың қатарына Фалес Милетскийді де, Питтак Митиленскийді де, приендік
Биантты да, біздің Солонды да, Клеобул Линскийді де, Мисон Хенейскийді де қосуға
болады, ал лакондық Хилон бұлардың арасында жетінші болып есептеледі. Олардың бәрі
де лакондық тәрбиені қызғыштай қорғады, жан-тәнімен сүйді және дәйекті түрде
жалғастырды; олардың әрқайсысы өздерінің даналығын есте сақталып қалатын қысқа
нақылдармен білдіргендіктен, бұл даналықты әркім-ақ игере алады. Бәрі бірігіп, олар
өздерінің нақыл сөздерін даналықтың бастамасы ретінде Аполлонға арнады, оның
Дельфыдағы храмына жұрттың бәрі ұнататын "Өзіңді өзің танып біл", "Мөлшерден тыс
ештеңе болмасын" деген нақылдарды жазып қойды.
Ал мен мұны не үшін айтып отырмын? Көнелерде философиялық ой кешу тәсілі лакондық
аз сөзділік болғандығын түсіндіру үшін айтып отырмын. Біраз лакондықтардың арасында
Питтактың даналар мақтап жүрген "мейірбан болу қиын (
)" деген нақылы да
тарап кетті. Даналыққа атаққұмарлықпен ұмтылған Симонид әйгілі атлетті жеңгендей
аталмыш нақылды сау тамтығын қалдырмай сынау және одан асып түсу арқылы
замандастары арасында өзі де даңққа бөленетіндігін түсінді. Осындай ниетпен бұл
нақылдың беделін түсірмек болған ол, меніңше, сол өлеңді жазған.
Менің шындықты айтып отырған - отырмағандығымызды бәріміз жабыла қарастырып
көрелік. Жақсы бола алу қиын деп айтқысы келген ол соңында "ғой" (
) шылауын
қосақтаса, өлеңнің тура бас жағынан - ақ өрескелдік байқалған Болар еді. Егер біз
Симонид Питтактың нақылына қарсы дау айтып отыр деп жорамалдамасақ, бұл шылау
ақылға қонымды титтей де негіздемесіз қыстырыла салған болар еді: Питтак "жақсы болу
қиын" деп ұйғарады; бұған қайшы келіп, Симонид былай дейді: "Жоқ, Питтак, жақсы бола
алудың өзі де қиын",— шын мәнінде қиын, ал шын мәнінде жақсы емес. Ол ақиқат туралы
айтқанда, біреулері шын мәнінде жақсы, ал екіншілері, жақсы болғанымен, шын мәнінде
емес деген мағынада айтып отырған жоқ, өйткені мұның өзі мүлде қарабайырлау болып
кетер еді де, симонидше болмай қалар еді. Өлеңде "шын мәнінде" деген сөздің орыны
ауыстырылған деп топшылау керек, бұл орайда Питтактың нақыл сөзі мұны оның өзі
айтқандай, ал Симонид оған жауап қайтарғандай болып ойға оралады. "Уа, адамдар, дейді
Питтак,— жақсы болу қиын", ал Симонид былай деп жауап береді: "Питтак, сен
шындықты айтып отырған жоқсың: қол-аяғы да, ақыл-ойы да түзу, тұла бойында
ешқандай мін жоқ жақсы адам болу емес, осындай адам бола алу да шын мәнінде қиын
ғой". Сөйтіп, ғой шылауы да мағынасына қарай қоса жазылған болады және "шын
мәнінде" деген сөз де ең соңына дұрыс қойылған болады Ал бұдан кейін келетін сөздердің
бәрі нақ осылай айтылғандығын дәлелдейді. Бұл өлеңнің қалай жақсы жазылғандығын
көрсететін көптеген айғақтарды оның кез келген жерінен табуға болады; өйткені ол
әуезділігімен де, тиянақтылығымен де ерекшеленеді. Бірақ оны осылай талдау ұзаққа
созылған болар еді; сондықтан оның тек жалпы мән мағынасын ғана алып, өлеңнің бүкіл