45
Протагор Симонидті бізге тұқыртып бермес үшін, мен сені көмекке шақырамын.
Симонидті құтқару үшін сенің іскерлігің керек, сол іскерлігің арқылы сен "қалау" және
" тілеу" сөздерін (бұл екі сөз бірдей емес) ажыратқан едің және сол іскерлігің бүгін
көптеген тамаша сөздер айтуыңа көмектескен еді. Ал енді өзің байқашы, екеуіміздің
ойымыз бір жерден шықпас па екен? Өйткені мен Симонид өзіне-өзі қайшы келді деп
ойламаймын. Сен, Продик әуелі мына мәселе жайында өз пікіріңді айтшы: "бола алу"
мен "болу" екеуі бір нәрсе немесе бір нәрсе емес деп есептейсің бе?
Зевспен ант етемін, екеуі бір нәрсе емес,— деді Продик.
Алғашқы өлеңдерінде Симонидтің өзі адамға шынында да жақсы адам бола алу өте
қиын деген пікір білдірмеді ме екен?
Бұл айтып отырғаның дұрыс,— деді Продик.
Ал Питтакты ол, Протагордың ойлағанындай, осындай пікір емес, басқа пікір
айтқаны үшін кінәлайды. Өйткені Питтак "мейірбан бола алу" емес, "мейірбан болу"
қиын деді ғой, ал бұл екеуі, Продиктің мақұлдап отырғанындай, бір нәрсе емес. "Болу"
мен "бола алу" бір нәрсе болмағандықтан, Симонид өзіне-өзі қайшы келмейді. Бәлкім,
Продик — және онымен бірге көптеген басқа да адамдар,— Гесиодтың пікіріне сәйкес,
жақсы адам болып шығу қиын болса да,— былай деген болар еді:
Мәңгі өлмес құдайлар ауыр термен
Мейірбандылықты тастапты бізден бөліп, бірақ, егер кімде-кім шыңға жетсе,
мейірбандылыққа жеткізетін жол.
Бұрынғы ауыр жол
Кетеді жеңіл әрі тегіс болып.
Осыны тыңдап болған соң, Продик мені мақтады, ал Протагор былай деді:
Сократ, сенің түзетуіңде өзің сол арқылы түзеткің келетін нәрседегіден ағаттықтар
әлдеқайда көп.
Өзің көріп отырсың, Протагор, менің жағдайым нашар, ал мен сайқымазақ емші
сияқтымын: емдеймін деп ауруды асқындырып аламын.
Иә, солай екені рас.
Алайда солай болуы неліктен?
Егер ақын мейірбандылыққа жетуді сәл нәрсе етіп көрсететін болса, ол орасан зор
қателікке ұрынған болар еді, өйткені мұны жұрттың бәрі ең қиын іс деп біледі.
Ал мен былай дедім:
Зевспен ант етейін, Продик біздің пайымдауларымызға дөп келді. Продиктің
даналығы, Протагор, Симонидтен әлде одан да гөрі көне замандардан бастау алған ба,
сірә, ежелден құдіретті әлдене болса керек. Ал басқа көптеген нәрселерде өзіңді
тәжірибелімін деп есептейтін сен даналыққа келгенде, мен сияқты емес, тәжірибесіз
болып көрінесің, нақ сол жөнінде менің тәжірибем бар. Өйткені мен дәл сол Продиктің
шәкіртімін. Меніңше, "қиын" деген сөзді Симонид сен алған мағынадан басқа
мағынада алғанын сен қазір түсінбей отырсың. Мұның өзі мен сені (немесе басқа
біреуді) мақтағанда, мысалы: "Протагор — сұмдық ақылды адам" десем, дәл сол
Продиктің "сұмдық" деген сөз жөнінде мені ылғи иландыратыны сияқты. Бұл орайда
Продик менен әдетте жақсыны сұмдық деп атағаның ұят емес пе деп сұрайды. Өйткені
"сұмдық байлық", "сұмдық бітім", "сұмдық денсаулық" деп ешкім айтпайды ғой, бірақ
сұмдық дерт, соғыс, кедейлік туралы сөз етеміз, өйткені сұмдық дегеніміз —
жамандық. Міне, солай бәлкім, кеостықтар мен Симонид "қиын" деген сөз арқылы не
жамандықты не саған беймәлім әлдебір басқа нәрсені түсінетін болар. Сондықтан