43
нәрселерге ырықсыз көндіреді. Заттардың табиғатын білетін бізге, эллиндердің
ішіндегі ең данагөй адамдарға, нақ сондықтан да қазір осы жерде, эллиндік
данагөйлердің осы жиынында, осы қаланың ең үлкен әрі аса игілікті үйінде бас қосып
отырғандарға мұндай құрметке лайық ештеңе айта алмай, түкке тұрғысыз адамдарға
ұқсап бір-бірімізбен қызыл шеке болып дауласу ұят болар еді. Сол себепті де мен
сендерден, Протагор мен Сократ, бізді ара ағайын деп есептеп, біздің
басшылығымызбен жол ортасында тоғысуларыңды өтінемін және сендерге осылай
істеу жөнінде кеңес беремін. Сен, Сократ, егер мұны Протагор ұнатпайтын болса,
әңгімелесудің тым келте қайырумен шектелген түріне ұмтылмауың керек: сөз тізгінін
еркіне қоя бер де бос ұста, өйткені бұл сөздер өте жақсы әсер етіп, бізді бейнелі
реңкімен баурап алды. Ал, Протагор, арқандардың бәрін кере тартып, жерден көз
жазып алғанша ашық сөз теңізіне қуалай соққан желмен ығып кетпеуі керек. Екеуің де
қандай да бір орта тұстан айырылып қалмауларың қажет. Сендер осылай істеңдер.
Менің ақыл-кеңесімді тыңдаңдар: сендер өздеріңе сөздеріңнің сәйкестілігін
қадағалайтын төреші, басқарушы және төраға сайлап алыңдар.
Қатысып отырғандар мұны ұнатып, жаппай мақұлдады. Каллий мені босатпаймын деген
соң бәрі басқарушыны байлауды өтіне бастады. Бұл арада мен сөз үшін аралық төреші
сайлау ұят болар деген пікір айттым: егер сайлаған кісі бізден нашар болса, нашардың
тәуірлерге басшылық жасағаны жон емес, егер ол бізбен бірдей болса, бұл да дұрыс
болмайды, өйткені бірдей кісі бізбен бірдей іс-қимыл жасайды да қояды, сондықтан
мұндай адамды төреші етіп сайлаудың қажеті жоқ. Бәлкім, сендер бізден гөрі тәуірлеу
біреуді сайларсыңдар? Шынтуайтқа келгенде, мен, мәселен, сендердің мына Протагордан
ақылдырақ біреуді сайлауларың мүмкін емес деп ойлаймын. Ал егер сендер ешқандай
артықшылығы жоқ адамды сайлап, оны жақсы деп жария етсеңдер, тағы да Протагорға
обал болады, оны түкке тұрғысыз адам сияқтандырып, тәлімгер сайлап бергендей
боласыңдар. Маған келетін болсақ, мен үшін бәрібір. Біздің қарым-қатынасымыз бен
әңгімеміз сендердің қалағандарыңдай болуы үшін мен сендерден былай істеуді өтінемін:
егер Протагордың жауап бергісі келмесе, ол сұрақ қойсын, мен жауап қайтарып, сонымен
бірге, өзімнің пікірімше, оған мұны қалай істеу керектігін көрсетуге тырысамын. Ол өзінің
қойғысы келген сұрақтарының бәріне мен жауап қайтарып болған кезде, ол маған дәл
осылай жауап қайтаруға уәде берсін. Егер нақ өзіне берілген сұраққа жауап беруге
шамасы келмесе мен де, сендер де одан әңгіменің шырқын бұзбауды өтінеміз (сендердің
менен өтінгендерің сияқты). Бұл үшін ерекше басшы әсте керек емес — сендер бірігіп
басшылық жасайтын боласыңдар.
Бәрі де осылай істеу керек деп ұйғарды. Ал Протагор, бұлай істегісі келмегендігіне
қарамастан, сұрақ беруге келісуге, сауалдарын әбден қойып болғаннан кейін, оларға
қысқаша жауап қайтара отырып, тағы да дәлелдеме келтіруге мәжбүр болды.
Мейірбандылықтың мағыналық құрылымының принципі
Протагор сұрауды былай бастады:
Менің ойымша, Сократ, нағыз білімді адам үшін өлеңді түсіне білудің маңызы аса
зор: бұл — ақындардың айтқандарын түсіну, олардың туындыларында не дұрыс, не
бұрыс екендігіне төрелік айту, осыны талдай білу және егер біреу сұрай қалса,
түсініктеме беру деген сөз. Міне, қазір де біз тек әлгінде ғана сөз еткен нәрсе туралы
— мейірбандылық жайында әңгіме болмақ, бірақ біз оны поэзия саласына
көшірмекпіз; айырмашылық тек сол ғана болмақ. Сонымен, Скопасқа, фессалийлық
Креонттың ұлы, қарап, Симонид бірде былай дейді: