Page 42 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

42
Байқайсың ба, Сократ,— деді Каллий,— Протагор өзіне өз қалауынша сөйлеуге, ал
саған өз қалауыңша сөйлеуге рұқсат етіледі деп есептегенде, оның айтып отырғаны
дұрыс сияқты.
Бұл арада Алкивиад сөзге араласты:
Каллий, сен жақсы айтып отырған жоқсың; Сократ ұзақ сөйлеу қолынан
келмейтіндігін, бұл жағынан алғанда Протагорға ілесе алмайтындығын мойындап
отыр ғой, ал әңгімелесуге және сұрақтар беру мен оларға жауап қайтара білуге келетін
болсақ, ол бұл жөнінде де кімге болса да есе жіберетін болса, мен таң қалған болар
едім. Егер әңгіме-дүкен құруда өзінің Сократтан әлсіздеу екендігін Протагор да
мойындайтын болса, Сократқа сол жеткілікті болар еді. Бірақ Протагор мұны
мойындамай отырғандықтан, ол әрі сұрақ бере, әрі жауап қайтара отырып, әңгімелесе
берсін, өз пайымдауларынан бас тарта отырып, оларды негіздегісі келмей, тіпті
сұрақтың мәні неде екендігін тыңдаушылардың көпшілігі ұмытып қалатындай етіп
тым ұзақ сілтемей, әр сауалға жауап бергенде көсіле сөйлемей-ақ қойсын. Әйтпесе,
Сократ үшін мен кепіл боламын: ол ұмытпайды, ол ұмытшақпын деп әзілдеп айта
салады. Сонымен, меніңше, Сократтың айтып отырғаны дұрыс: әр адам өзінің не
нәрсеге бейім екендігін көрсетуі керек.
Алкивиадтан кейін, ұмытпасам, Критий сөз алды:
Продик пен Гиппий! Меніңше, Каллий Протагор жағында сияқты, ал Алкивиад
болса, ылғи да өз пікірін өткізуге тырысады. Біз ешкімге де — Сократқа да,
Протагорға да қосылмауымыз керек, бірақ олардың екеуінен де әңгімені орта тұсынан
үзіп алмауды бәріміз де өтінейік.
Бұл сөздерге Продик жауап қайтарды:
Критий, меніңше, сен өте жақсы айтып отырсың; мұндай талқылауларға қатысқан
адамдар енжар тыңдаушы болмай, әңгімелеушілердің екеуі үшін де ортақ болуға тиіс
— өйткені бұл бір нәрсе емес. Оларды бәріміз тыңдауымыз қажет, бірақ түрліше
бағалайық: даналығын — көбірек, олақтауын — азырақ бағалау керек. Протагор мен
Сократ, мен де сендерден бір-біріңе икемді болуды өтінемін: мұндай мәселелер
жайында дауласуға болады, бірақ ұрсысып қалмау керек. Біріне-бірі жақсы қарайтын
достар да дауласады ғой, ал дұшпандар мен жаулар ұрсысады. Былайша алғанда біз
өте жақсы әңгімелескен болар едік, тыңдаушы біздер әңгімелесуші сіздерді барынша
мақұлдар едік, бірақ мадақтамаған болар едік: мақұлдау адамның жан жүйесінде
ешқандай екіжүзділіксіз, шынайы түрде пайда болады, ал сөз жүзінде мадақтау
көбінесе жалған болып, адамдардың шын пікіріне қайшы келеді; екінші жағынан, біз,
тыңдаушылар да, осылайша аса зор қуанышқа бөленер едік, бірақ ләззат алмаған болар
едік: өйткені қуану ойдың көмегімен әлденені танып-білген және парасатты үстемелей
түскен адамға, ал ләззат алу әлденені жеген немесе басқадай тәни қанағат алған адамға
тән ғой.
Продиктің бұл сөздерін әңгімеге қатысып отырғандардың көбі барынша мақұлдап
қабылдады. Продиктен кейін Гиппий - данагөй сөз сөйледі.
Осы жиында бас қосып отырған жайсаңдар!— деді ол,— Осында отырғандардың
бәрі заң бойынша емес, табиғатынан туыстар, жекжаттар және отандастар деп
есептеймін мен: өйткені сәйкес нәрсе табиғатынан сәйкес нәрсеге туыстас болып
келеді, ал заң - адамдарға билік жүргізетін өктем күш — табиғат қаламайтын көптеген