Page 41 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

41
Ал мен саған қаншалықты қысқа жауап қайтарайын: қаншалықты маған әлде
қаншалықты саған қажет болуына қарай жауап берейін бе?
Сен бірден-бір нәрсе жайында қалауың бойынша сөзіңнің ұшы-қиыры
көрінбейтіндей етіп ұзақ айта да білесің және өзгені осылай айтуға үйрете де аласың,
оның үстіне қысқа сөйлеуге келгенде ешкімге дес бермей келте қайыра да аласың деп
мен естігенмін. Егер менімен әңгімелескің келсе, екінші тәсілді қолдан — аз сөзбен
көп мағына бере біл.
Сократ! — деді Протагор.— Мен көптеген адамдармен сөз сайысына түскенмін,
егер мен сен қойған талабыңның дересінен шығып, әңгімелескен кезде
қарсыласымның бұйырғанын орындайтын болсам, жарыста мен ешкімнен оқ бойы
озбаған болар едім, Протагор деген есім эллиндердің арасында аталмаған болар еді.
Ал мен — бұрынғы жауаптары оның өзіне ұнамағандығын, егер сұрақтарға жауап беруіне
тура келетін болса, оның өз еркімен әңгімелесе қоймайтындығын түсіндім де, — оның
әңгімелеріне қатысу міндетім емес деп ұйғарып, былай дедім:
Протагор, біздің әңгімеміз сенің ережелеріңе қарама-қарсы бағытта өрбуін мен де
талап етпеймін ғой. Егер сен әңгімені мен сенің айтар ойынды аңғара алатындай етіп
өткізгің келсе, мен мұндай әңгімені қолдаған болар едім. Сені ұзақ та, қысқа да
әңгімелесуге қабілетті деседі, оның үстіне өзің де осыны қуаттап отырсың, — сен
данагөйсің ғой, — ал мен ұзақ сөйлеуге қабілетті болғым келсе де, бұған шорқақпын.
Сен осының екеуіне де шеберсің, сондықтан сен әңгімеміздің жалғаса беруі үшін бізге
жол беруге тиіс сияқтысың. Алайда мұны қаламайсың, ал менің әлдебір істерім бар,
сен өзіңнің ұзаққа созылатын сөзіңді тамамдағанға дейін отыра беруге уақытым жоқ.
Сенің сөзіңді, бәлки ақырына дейін құмарта тыңдаған болар едім, алайда мен бұл
жерден кетуге тиіспін және кетемін де.
Осы сөздерді айттым да, мен кетпек болып, орнымнан көтерілдім. Бірақ мен орнымнан
тұрған бойда Каллий оң қолымен қолымды ұстап, сол қолымен менің осы плащыма
жармасты да былай деді:
Сократ, сені жібермейміз! Сен кетсең, әңгімеміздің шырқы бұзылады. Өтінемін,
бізбен бірге болшы, мен үшін сенің Протагормен әңгімеңді тыңдаудан жақсы ештеңе
жоқ: біздің бәрімізді риза етші.
Кетейін деп орнымнан тұрып қойғандай болсам дағы, мен былай дедім:
Гиппониктің баласы, өзіңнің даналыққа деген сүйіспеншілігіңмен сен маған ылғи
да сүйкімдісің; мен қазір де сені мақтаймын әрі жақсы көремін, сондықтан, егер өтініш
білдірсең, сені риза еткім келеді - ақ. Бірақ қазір бұл менен нағыз бабындағы желаяқ
гимерейлік Крисонға ілесіп отыруды немесе ұзақ жүгіріске қатысушылардың бірімен
әйтпесе шабармандармен жарысқа түсіп, солардан қалмауды өтінумен бірдей. Мен
саған былай деп айтқан болар едім: өзіме өзім бұдан да жоғары талап қоямын және
жүгіргенде олардан қалып қойғым келмейді, бірақ бұған шамам жетпейді. Ал егер
менің Крисонмен қатар жүгіргенімді көргілерің келсе, сен оның маған бейімделуін
өтін, өйткені мен жылдам жүгіре алмаймын, ал ол баяу жүгіре алады. Дәл сол сияқты,
егер мені де, Протагорды да тыңдағың келсе, сен оның әуелдегідей қазір де мен берген
сұрақтарға қысқа әрі тура жауап қайтаруын өтін. Егер оның мұны істегісі келмесе, бұл
қандай әңгіме болмақ? Мен ең болмағанда өзара етене әңгімелесу — бір нәрсе де,
көпшілік алдында сөз сөйлеу — мүлде басқа нәрсе деп есептеймін.