39
Ал егер бір нәрсе іс-қимыл амалы бойынша қарама-қарсы болса, ол өзінің себебі
бойынша да қарама-қарсы ма?
Иә.
Әлдене пайымдылықпен, ал әлдене бейпайымдықпен істелмей ме?
Иә.
Яғни, қарама-қарсы түрде істелмей ме?
Әрине.
Демек, қарама-қарсы негіздемеде ме?
Иә.
Ендеше, бейпайымдық пайымдылыққа қарама-қарсы ма?
Әлбетте.
Есіңде ме, бейпайымдықтың данагөйлікке қарама-қарсы екендігі жөнінде біз бұдан
бұрын келісіп едік қой?
Протагор қуаттады.
Сөйтіп, бір нәрсе тек бір нәрсеге ғана қарама-қарсы бола ма?
Иә, мен солай ұйғарамын.
Екі ұйғарымның қайсысынан бас тартуымыз керек, Протагор? Бір нәрсеге тек бір
нәрсе ғана қарама-қарсы деген ұйғарымнан ба, әлде данагөйлік пайымдылықтан гөрі
басқа бір нәрсе деген ұйғарымнан ба, ал оның ар жағында осылардың екеуі де,— әр
түрлі болса да, мейірбандылықтың бөліктері; олар бір-біріне ұқсас емес, беттің
бөліктерінікі сияқты, олардың міндеттері де әр түрлі. Сонда біз неден бас тартпақпыз?
Өйткені бірге алғанда осы екі ұйғарымның екеуі де көкейге тым қона да бермейді —
олар өзара үйлесіп, пайымдаспайды. Егер бір нәрсеге тек қана бір нәрсе қарама-қарсы
болуы қажет және бұдан коп болмауы керек десе, олар қалай үйлессін? Ал енді тек бір
бейпайымдыққа ғана әрі даналық, әрі пайымдылық қарама-қарсы екен. Осылай ма,
Протагор, әлде осылай емес пе?
Тым ынталы болмаса да, Протагор келісті:
Сонда пайымдылық пен даналық бір нәрсе болып шықпай ма? Бізде әділдік пен
мейірбандылық бұрын да дәл сол сияқты дерлік болған еді ғой. Бірақ жабырқамайық,
қалғандарын да талдап көрейік. Сен бейшындықты тудыратын адам осылай істеу
арқылы пайымына сәйкес әрекет жасайды деп ойламайсың ба?
Сократ, көптеген адамдар осылай деп ұйғарса да,- деді Протагор,— мұны
мойындау маған ұят болар еді.
Ал енді сөзімді соларға әлде саған арнасам ба екен?
Егер өзіңе қолайлы болса, әуелі әлгі көптеген адамдардың мақұлдауын талдашы.
Тек қана сен маған жауап беріп отырсаң болды, ал бұл сенің пікірің бе, жоқ па мен
үшін маңызды емес. Мен үшін ең бастысы - мәселенің зерттелуі. Бірақ бұл орайда біз
сұрақ берушіні де, яғни, мені, жауап қайтарушыны да зерттеуіміз орын алуы мүмкін.
Протагор мәселенің қиындығын тілге тиек етіп, әуелі бәлденгендей болды да, кейін жауап
беруге келісті.
Мүмкін болса, — дедім мен,— маған ең басынан бастап жауап бергенің жөн.
Кейбір адамдар бейшындықты тудырғанымен, дегенмен де дұрыс мағынадан жұрдай
емес деп есептейсің бе?
Солай-ақ болсын.
Дұрыс мағынадан ажырап қалмау дегеніміз, сеніңше, жақсы байыптай білу ме?