Page 35 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

35
Көпе-көрнеу осылай ұзақ сөйлеп болған соң, Протагор үнсіз қалды, ал мен болсам, ол мені
сиқырлап қойғандай, ол тағы да бірдеңе айтып, ал мен соны естімей қалмайын деп
қорыққандай болып, оған қарай бердім. Оның шынында да сөйлеп болғандығын
аңғарғанымда мен ұйқыдан әрең оянғандай күй кештім де, Гиппократқа қарап, былай
дедім:
Мейірбандылықтың мағыналық құрылымы
Осында келуге мені көндіргенің үшін, Аполлодордың ұлы, саған қандай алғыс
айтсам екен? Мен үшін Протагордан естігендерімді есту мүмкіндігінен қымбат ештеңе
жоқ. Мен бұрын жақсы адамдар адамның шапағатының арқасында жақсы бола
қоймайды деп есептейтін едім. Ал енді мұның керісінше болатындығына көзім жетті.
Маған тек бір ғана ұсақ нәрсе бөгет жасап тұрған сияқты, бірақ, соншама көп нәрсені
ұғындырған Протагордың мұны да оп-оңай түсіндіріп беретіндігі анық. Рас, халық
алдында сөйлей білетіндердің өздерімен нақ осы тақырып туралы әңгіме бастаған адам
Периклге немесе сөз шеберлерінің кез келген басқа біреуіне лайықты сөздерді естіген
болар еді, бірақ әлгі адам оларға сұрақ берсе - ақ болды, олар бейне бір кітап сияқты
жауап қайтара да, өздері сұрақ қоя да алмай қалады; ал әлдекім олардың
айтқандарынан әлдебір ұсақ-түйекті қайталап сұрайтын болса, егер түртіп қалсаң
әлдекім қолмен ұстағанға дейін ұзақ уақыт сыңғырлайтын бейне бір мыс ыдыс сияқты
үн қатады. Шешендермен де осылай болады, олар өздерінің сөздерін ұзақ жүгіріс
сияқты соза түседі. Ал Протагор, әлбетте ұзақ та әдемі сөйлей алса да, сұраққа қысқа
жауап қайтара да біледі, ал өзі сұрақ бере отырып, жауабын күте де, тыңдай да алады;
бұл қасиет көп адамда бола бермейді.
Қазір, Протагор, мен бір ұсақ-түйекті білгім келеді, егер сен маған мынаны айтсаң,
мен толық жауап алар едім: мейірбандылыққа үйретуге болады дейсің, әлдекімге емес,
саған сенемін ғой. Бірақ сен сөйлеген кезде мен бір нәрсеге таң қалдым, енді менің
жаныма ұялаған осы бос орынды өзің толтыршы. Зевс адамдарға әділдік пен ұятты
жіберді дедің ғой, содан соң сенің сөзінде әділдік, пайымдылық, инабаттылық және
басқалар біртүтас әлдене, яғни бір мейірбандылық сияқты болып сан рет айтылды.
Міне, осының өзін сен маған дәл сөздермен түсіндіріп берші: мейірбандылық дегеніміз
біртүтас әлдене де, ал әділдік, пайымдылық және инабаттылық оның бөліктері болып
табыла ма, әлде менің атап отырғандарымның бәрі нақ сол біртүтас нәрсенің тек
белгілері ғана ма? Мен, міне, осыны да білуге құштармын.
Бұған жауап беру оңай ғой, Сократ,— деді Протагор.- Мейірбандылық біртұтас, ал
сенің сұрап отырғаның — соның бөліктері.
Ауыз, мұрын, көз, құлақ беттің бөліктері немесе көлемі үлкенірек не кішірек
болуынан басқа бір-бірінен және тұтастан ешқандай айырмашылығы жоқ алтынның
бөліктері сияқты мағынадағы бөліктер ме? — деп сұрадым мен.
Меніңше, Сократ, беттің бөліктерінің бүкіл бетке қатысты болуындай бірінші
мағынада.
Ал адамдарда осы мейірбандылық бөліктері — бірінде бір бөлігі, екіншісінде —
екінші бөлігі бола ма, әлде мейірбандылықтың бір бөлігіне не адамда міндетті түрде
барлық бөліктері бола бере ме?
Мүлде олай емес,— деді Протагор,— өйткені көптеген адамдар батыл болғанымен,
әділ болмайды, дәл сол сияқты басқа бір адамдар әділ болса да, данагөй емес.
Ендеше,— дедім мен,— данагөйлік те, батылдық та мейірбандылықтың бөліктері
екен ғой?