Page 34 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

34
алып, осы жайында ойланып көрші. Айталық, бәріміз — әр адам қаншалықты қолынан
келгенінше,— флейташы болмасақ, мемлекет өмір сүре алмаған болар еді делік; айталық
флейтада нашар ойнайтын кез келген кісіні әркім үйретіп, өз атынан да, халық атынан да
балағаттайтын болсын делік; және де бұл істе ешкім де өзгелерге қызыға қарамайды
(өзгелердің әділеттілігіне, олардың заңдарға бағыныштылығына қазір ешкімнің де
қызықпайтыны сияқты) және енді алуан түрлі шеберлердің әдетте істеп жүргеніндей, өз
шеберлігінен құпия жасамайды делік (өйткені бізге, менің ойымша, өзара әділеттілік пен
мейірбандылық пайдалы, міне, сондықтан да әркім өзгелерге әділетті әрі заңды нәрсе
туралы жан сала түсіндіріп, ақыл-кеңес береді),— сөйтіп, егер флейтада ойнауға да біз
бір-бірімізді жан сала әрі еш қызғанышсыз үйретуге әбден әзір болсақ, Сократ, сен жақсы
флейташылардың балалары нашар флейташылардікіне қарағанда жақсы флейташы болар
еді деп ойлайсың ба? Меніңше, бұлай болады деп ойламайсың: кімде-кім флейтада
ойнауға табиғатынан өте қабілетті болса, ол кімнің баласы екендігіне қарамастан, жыл
өткен сайын даңқты бола береді, ал кімде-кім қабілетті болмаса,— беймәлім күйінде қала
бермек, жақсы флейташыдан нашар, ал нашар флейташыдан жақсы флейташы болып
қалыптасатын балалар жиі кездеседі, алайда олардың бәрі мүлде оқымағандармен,
флейтада ойнаудан ештеңе түсінбейтіндермен салыстырғанда тәп-тәуір флейташы болар
еді. Мұны мына жерде де қолданды: егер адамдар ортасында заңға бағыну рухында
тәрбиеленгендердің арасында әлдебір кісі саған әділетсіз болып көрінсе, егер ол жөнінде
тәрбие де, сот та, заң да, мейірбандылыққа қамқорлық жасалатын қандай да болсын іске
ерекше қажеттілік те болмаған жердегі адамдармен,— мысалы, былтыр Ферекрат ақын
Ленейлерде суреттеген әлдебір жабайылармен,— салыстырып төрелік айтар болсақ, ол
дегенмен де әділетті және тіпті заңдылық мәселелеріне шебер болады. Осындай
адамдардың ортасына тап болсаң, оның хорындағы адам атаулыны жақтырмайтындар
сияқты, бәлкім, сен де тіпті Еврибатты немесе Фринондты кездестірсең де қатты қуанып,
мұндағы тұрғындардың бұзылғандығын сағыныш, көз жасынды қол етер едің. Сократ, сен
тым еркінсіп кеткенсің, өйткені әркім өзінің шама-шарқыңа қарай мұнда бәрі де
мейірбандылыққа үйретеді, ал сен ешкімді де місе тұтпайсың: дәл сол сияқты егер сен
эллин тілінің мұғалімін іздейтін болсаң, бірде-бір адамды таба алмайтының анық; менің
ойымша, егер қолөнершілердің балаларына олардың өз әкелерінен сол әкелері және
бұлардың қолөнер жөніндегі жолдастары игерген деңгейде мұра етіп алған қолөнерін сен
бізде үйрете алатындарды іздесең,— қысқасы, оларды әлі де үйрете түсетіндерді іздейтін
болсаң, — оларға ұстаз табу қиын болар еді деп ойлаймын; оның есесіне, егер олар мүлде
мақұрым болса, оларға үйретуші табу өте оңай болар еді. Әңгіме мейірбандылыққа және
басқалардың бәріне қатысты болғанда да дәл сол сияқты. Ал егер кімде-кім адамдарды
мейірбандылық жолымен бізден аз да болса жақсырақ алға қарай бастай алатын болса,
оған да шүкіршілік ету керек. Менің ойымша, мен де осындай адамдардың бірімін, басқа
адамдарға өзгелерден гөрі пайдалы бола аламын және олардың лайықты адам болуына
көмектесе аламын: осы арқылы өзім алып жүрген ақыны еңбек сіңіріп барып аламын,
шәкірттерімнің бағамдауына қарағанда, тіпті бұдан да көп ақы алуға тиіспін. Сондықтан
ақыны мен мына төмендегідей етіп аламын: менде оқып жүрген адам, мен қанша
тағайындасам, егер қаласа, соны төлесін; егер ол келіспесе, ол храмға барсын да, өзінің
пікірінше, менің сабақтарымның қанша тұратындығын ант беріп дәлелдесін және маған
сонша төлесін.
Сонымен, Сократ, деді ол, мейірбандылыққа үйренуге болатындығы туралы мен саған
аңыз да айттым, дәлел де келтірдім; афинылықтардың да пікірі осындай, егер жақсы
әкелердің түкке тұрғысыз ұлдары, ал түкке тұрғысыз әкелердің жақсы ұлдары болса,
мұның таңданарлық ештеңесі жоқ,: мысалы, Поликлеттің ұлдары, Парал мен біздің
Ксантиптің құрдастары, өздерінің әкесімен салыстырғанда түкке тұрмайды; басқа да
кейбір шеберлердің балалары да осындай. Бірақ бұған оларды кінәлауға болмайды —
олардан әлі үміт үзуге де болмайды, олар әлі жас қой.