267
уақытта өмір сүрді дей отырып, біз ақиқатқа қайшы келмейміз. Олай болса, өзара
міндеттерімізді бөліп алып, сен қойған сұрақтарға жауапты бірлесе іздейік. Сократ, осы
тақырып біздің көңілімізден шыға ма, әлде оның орнына басқа бір нәрсені іздеу керек пе,
соны ойластырайық.
Сократ. Оның не, Критий, біз бұдан артық қандай тақырып таба аламыз? Бұл құдайдың
құрметіне арналған қасиетті істерге сай келеді, өйткені оның үстіне біздің ісіміз мифпен
емес, шын болған оқиғамен байланысты ғой. Егер біз оны қабыл алсақ, одан жақсы
нәрсені қайдан, қалай табамыз? Ол мүмкін емес. Олай болса, сәттілік болсын! Бастаңдар,
ал мен кешегі әңгіменің есесіне бүгін үндемей, сендерді тыңдаймын.
Критий. Егер олай болса, біздің қаңдай ретпен саған қызмет көрсететінімізді біліп қой,
Сократ. Біздің арамызда астрономиядан ең терең білгір болғандықтан және барлық
заттардың табиғатын танып-білуді өзінің басты кәсібі еткендіктен, сөзді космостың
жаратылуынан бастап, адам табиғатымен аяқтасын деп, бірінші болып Тимей сөйлесін деп
шештік. Одан кейін — менің кезегім, мен оның қолынан оның әңгімесінен туған
адамдарды, ал сенің қолыңнан алған тамаша тәрбиелерді алғандай боламын. Содан соң
Солонның әңгімесіне және заңдылыққа сай мен оларды сендердің талқылауларыңа
саламын. Бізге қасиетті жазбалар хабар бергендей, олардың сол баяғы афиндықтар
болғандығынан, біздің отандастарымыз болғандығынан, олардың азаматтық құқыққа қол
жеткізгендіктері үшін, бұдан былай біз оларды біздің отандастар және нағыз афиндықтар
деп атауымыз керек.
Сократ. Менің байқауымша, сендер маған өте керемет алғыс айтайын деп жатырсыңдар -
ау! Олай болса, Тимей, саған салт бойынша құдайларға сыйынып алып, сөз бастайтын кез
келді.
Тимей. Әрине, Сократ! Бойында аз-маз болса да есі бар кез-келген адам, маңызды болсын,
болмасын, іс бастар алдында міндетті түрде құдайларды көмекке шақырады. Біз әлем
туралы пайымдауларға, ол пайда болды ма, қалай пайда болды немесе әлі пайда болу
үстінде ме, соны анықтауға кіріскелі отырмыз, яғни, егер біз есіміз тіптен ауыспаған
болса, бізге жай ғана құдайларға үндеу тастап, біздің әңгімелеріміз арқылы олардың
көңілінен шығу үшін, олардан қанағатқа жету үшін сұрауымыз қажет. Біздің құдайларға
жасаған үндеуіміз осылай болады. Сонымен қатар сендердің мені дұрыс түсінулерің үшін,
ал менің осы таңдаған тақырып бойынша өз ойымды дұрыс дамытуым үшін өзімізге де
сыйынайық.
Меніңше, алдымен мынадай екі нәрсені ажыратып алуымыз керек: мәңгілік, жаратылусыз
болмыс не нәрсе және әрдайым пайда болып тұратын, бірақ ешқашан баршылық
болмайтын не нәрсе. Ойлау мен түсіндірудің көмегімен ұғынылатын нәрсе, міне бұл
мәңгілік өзіне-өзі барабар болмыс; ал пікірге және соқыр сезімге бағынатындар
жаратылады және жоғалады, бірақ шындығында ешқашан өмір сүрмейді. Бірақ барлық
пайда болатын нәрсенің өзінің жаратылуының себебі болуы керек, өйткені еш себепсіз
жаралу мүмкін емес. Ары қарай, кез келген заттың демиургі өзгермейтін баршылыққа
қараса және сол заттың идеясы мен потенциясын жасау үшін алғашқы бейне ретінде соны
алса, барлығы міндетті түрде керемет болып шығады; егер ол пайда болып қойған нәрсеге
қарап, соны алғашқы бейне ретінде алса, жасалған нәрсе жаман болып шығады.
Ал өзіне барлығын сыйдыра алатын аспан ше? Оны космос деп немесе оған сай келетін
басқа атпен атасақ та, біз ол туралы кез-келген затты қарау содан басталатын, соған
байланысты сұрақ қоюға міндеттіміз: ешқандай басталусыз - ақ ол әрқашан болды ма,
әлде ол бір бастаудан шықты ма?